Жаңалықтар

Интернет алаяқтықтың құрығына қалай түсіп қалмау керек?

Интернет алаяқтықтың құрығына қалай түсіп қалмау керек?
Фото: cyberpolice_vko 31.03.2024 22:22 416

Кейінгі жылдары елімізде интернет алаяқтық көбейді және оның түрлері де өзгеріп, қолданатын әдіс-тәсілдері жаңарып отырады. Құзырлы органдар ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы Қазақстанда интернет алаяқтық 70,6 пайызға өскен.

Былтыр Шығыс Қазақстанда 900-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркеліп, азаматтарға 800 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Осы орайда қарапайым халықтың қалтасын қаққан қаскөйлерден қалай сақтану қажет, алаяққа алданып қалмау үшін нені білген дұрыс, міне осы және басқа да мәселелер жөнінде ШҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел өкілі Нұрай Тілеужанқызы Арыстанбекпен сөйлескен едік.

– Нұрай Тілеужанқызы, статистикалық мәліметтер елмізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша интернет алаяқтық фактілері кейінгі екі-үш жылда күрт өскенін көрсетіп отыр. Оған не себеп?  

– Интернетте алаяқтық қылмыстар 2020 жылдан бері тым көбейіп кетті. Оған себеп – пандемия. Пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты бәрі онлайн қызметке көшіріліп, қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сол сәтте алаяқтар да белсенді әрекетке көшті. Елдегі интернет алаяқтық қылмыстың кең етек ала бастауы себепті Ішкі істер министрлігінің қанатқақты жобасы аясында өңірдегі полиция департаменттерінде Киберпол жасағы құрылды. Киберполдың басты мақсаты – кибер қылмыстарға, соның ішінде интернет алаяқтыққа тосқауыл қою, олармен күресу және ең бастысы қылмыстың алдын алу. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Десе де ғаламтордағы алаяқтардың қақпанына түсіп қалатындар әлі де болса аз емес. Мәселен, нақты дерекке сүйенсек, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының аумағында 900-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Ал тұрғындарға келтірілген шығынның мөлшері 800 млн теңгеден асады.

– Бұл қылмыс күн сайын түрленіп, жаңарып отыратын сияқты ма қалай? Құқық қорғау органдары біреуін анықтап, оның алдын алуға кірісіп жатса, екінші бір жаңа түрі пайда болады. Жалпы, интернеттегі алаяқтық қылмыстың нақты түрлері бар ма? Арнайы зерттеу жүргізіп, оларды жіктеп, «жіліктеп» көрдіңіздер ме?

– Әрине, біздің жұмыс осы бағытта жүргізіліп жатыр ғой. «Қылмыспен күресуден бұрын оның алдын алу маңызды» дегендей, мұнда да ең бастысы алдын алу, ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің тиімділігі мол. Халыққа интернет алаяқтық дегеннің бар екенін, олар қалай әрекет ететінін егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысамыз. Ал енді түрлеріне келсек, интернет алаяқтықтың бүгінге дейін белгілі болған оннан астам түрі бар. Соның ішінде қарапайым халық көп зардап шегетін түрі белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын аяқтардың әрекеті. Олар адамдарға хабарласып, «сіздің атыңызға несие ресімделіпті немесе сіздің шотыңыз арқылы күмәнді операциялар жүргізіліпті, оны қалпына келтіру үшін сіздің жеке мәліметтеріңіз қажет» деп ол кісінің ЖСН, банк карточкасының нөмірі сияқты жеке деректерін алдап сұрап алуға тырысады. Біздің халық табиғатынан сенгіш қой, көңілі таза, жүрегі ақ, әлгі сөзге сеніп қалады. Шыны керек, алаяқ деп ойламайды да. Содан соң өзіне қатысты мәліметтерді бере саып, артынан сан соғып қалады. Бұл жерде тұрғындардың сауаттылығын, түрлі ақпараттан хабардар болуын да ескеру керек. Түсіндіру жұмыстары сол үшін жүргізіледі.

Сонымен қатар алаяқтар қашықтан басқарылатын «Аnydesk», «Тeamviewer», «Hoptodesk» сияқты бағдарламаларды жиі қолдана бастаған, яғни, оларды адамдардың қалта телефонына орнатқызу арқылы қажетті мәліметті қашықта отырып-ақ алады. Осы мәліметтер арқылы адамдардың атына онлайн несие ресімдеп немесе депозиттегі ақшасын шешіп алып қояды.

Кейінгі кезде қаскөйлер ватсап массенджерлерді де пайдалануға көшкен. Ватсап арқылы адамдарға сілтеме жібереді. Сілтемені басып өтсеңіз қашықта отырған алаяқтың телефонына смс пароль келеді. Сол пароль арқылы алаяқ әлгі адамның телефонындағы бүкіл байланыс нөміріне қол жеткізеді. Сөйтіп, жаңағы адамның атынан таныстарына жазып, ақша сұрайды. Қылмыстың ондай да түрі бар.

Сонымен қатар олар фишинг сайттар арқылы да өздерінің қылмыстық әрекетін жүзеге асырып жатады. 

  – Сонда киберқылмыстың құрбандары кім? Алаяқтан зардап шеккендердің жас мөлшері, әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер бар ма?

– Иә, бар. Біз осы бағыттағы қылмыстарға күнделікті талдау жасап, зерделеп отырамыз. Сонда көз жеткізгеніміз, қаскөйлердің құрығына түсіп қалатындардың дені егде жастағы адамдар. Көбінесе зейнеткерлер зардап шегеді. Алданған жастардың қатары өте аз. Өйткені жастарымыз мұндай қылмыстардың бар екенінен хабардар. Олар әлеуметтік желілер және басқа да ақпарат құралдары арқылы интернет алаяқтық туралы мағұлматпен қамтылған. Сондықтан көбінесе гаджеттерді қолданбайтын, әлеуметтік желі мен интернетте белсенді емес егде жастағылар алаяқтық құрбаны болып жатады. Дегенмен тұрақты жүргізілген түсіндіру, халықты ақпараттандыру, былайша айтқанда алдын алу шараларының нәтижесінде кейінгі екі жылда облыста тіркелген интернет алаяқтық қылмыстар азайғаны байқалады.

– Түсінікті. Алаяқтардың құрбанын анықтадық. Ал киберқылмысты істейтін адамдар туралы не білеміз? Олар кімдер?

– Құқық қорғау органдарындағы мәліметтерге сүйенсек, елдің ақшасын жымқырып жүргендердің басым бөлігі шетелде өмір сүреді. Олар – интернетті, жаңа технологияларды жетік меңгерген нағыз хакер, адамдармен қалай сөйлесуді білетін мықты психолог. Бұрын алаяқтар «акция бойынша ұтысқа ие болдыңыз» немесе «жақын адамыңыз келеңсіз жағдайға душар болып қалды, көмектесіңіз» деген ауандағы тәсілдерді қолданса, қазір мүлдем басқа. Интернет кеңістігі ауқымды ғой. Әлемнің кез келген нүктесінде отырып-ақ жұмыс істеуге болады. Олардың кім екенін, қайдан хабарласқанын анықтау қиын. Олар ғаламторды бес саусақтай біледі, криптовалюта жүйесін де меңгерген. Жымқырған ақшаны криптовалютаға айналдырып алады. Ары қарай оны сатып, қажетті валютасын қолына алады. Тағы бір айта кететін жәйт, алаяқтардың барлығы да – психолог, адамға қысым көрсетіп, жылдам шешім қабылдауға мәжбүрлей алады.

– Нақты мысал келтіре аласыз ба?

– Былтыр облысымызда 45 жастағы жалғызбасты көпбалалы ана алаяқтарға алданып қалды. Оның телефонына белгісіз нөмірден банк қызметкері ретінде біреу қоңырау шалып, неше жылдан бері тұрған тұрғын үй кезегін ілгері жылжытып беруге көмектестесетінін айтқан. Ол үшін тез арада белгілі мөлшерде ақша беруін талап еткен. Жалғызбасты әйел шынымен де тұрғын үй кезегінде тұрғандықтан Жаңа жыл қарсаңында баспаналы боламын деген үмітпен сұраған ақшаны аударып жіберген. Өйткені ол әйел баспанаға өте қатты мұқтаж болғандықтан тезірек үй алып алғысы келді. Мұны алаяқ-психолог пайдаланып кетті. Кейін алданған әйел Өскемендегі банкке келіп мән-жайды анықтаса, ондай операция жүргізілмейтінін айтқан. Демек көпбалалы ана тұрғын үй кезегін жылжытуға банктің құзыреті жоқ екенін білмейді. Білмеген соң ақшасын беріп қойды. Адамдардың көбі осылай тиісті ақпараттан хабардар болмауынан, сауатының аздығынан опық жеп жатады. Сол үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері банктермен, басқа да тиісті мекемелермен бірлесіп қалың бұқараның интернет алаяқтыққа қатысты ақпараттық сауатын арттыру мақсатында жұмыстар атқарып жатыр. Киберполдың әлеуметтік желіде жеке парақшасы бар, сол жерге көп ақпарат жариялаймыз. Жоғары оқу орындарында, колледждерде студенттермен кездесіп, түсіндіру жүргіземіз. Арнайы әзірленген нұсқаулықтар таратамыз.

– Ақпараттық нұсқаулықтардан бөлек халықты алаяқтардан қорғайтын қандай да бір ауқымды жобалар, бағдарламалар бар ма? Қарапайым тұрғын қалтасындағы азын-аулақ теңгесінен айырылып қалмау үшін не істеуі керек?     

– Елімізде киберқылмыспен күрес бағытында үлкен жұмыстар қолға алынған. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында да интернет алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Қазір киберполиция жасағы өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқаруда. Еліміздегі байланыс операторларымен, екінші деңгейлі банктермен және басқа да мекемелермен бірлесіп алаяқтықпен күресіп жатырмыз.

Десе те қылмыстың бұл түріне түбегейлі тосқауыл қою үшін ең әуелі адамдардың өздері ақпараттық жағынан сауатты, мұқият болуы керек. Қарапайым ережелерді есінде ұстауы қажет. Мәселен, интернет арқылы сауда жасайтын болсаңыз тексерілген, сенімді сайттарды ғана пайдаланған дұрыс. Сол сияқты телефон шалып, жеке мәліметтерді сұраған адамға ешқандай ақпарат бермеу керек және банк қызметкерлерінің телефонмен жеке деректерді сұрамайтынын есте ұстаған жөн. Ватсап немесе басқа да месенжерлер арқылы келетін күмәнді сілтемелерді баспау керек. Қалта телефонға «Антиспам» орнатып қойса да артқы болмайды.

Ал егер сізге құқық қорғау қызметкері болып біреу қоңырау шалса, ол адамнан іс материалдарымен таныстыруды сұрау керек. Басқа қаладан хабарласқан болса жақын маңдағы полиция бөлімінен мән-жайды анықтап алатынын айтқан дұрыс. Телефон шалған адамның алаяқ екенін сезіп қалсаңыз дереу 102-ге хабарлассын. Қайдан, қандай нөмірден қоңырау соғылды бәрін айтып беруі керек. Бұл ақпарат полиция қызметкерлеріне қажет болады.

Сөз соңында айтарым, киберқылмыспен күрес жалғыз құқық қорғау органдарының ғана міндеті десек қателесеміз. Онымен қоғам болып жұмыла күресуіміз керек. Әрбір адам өзінің жеке басының қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпайық. Сондықтан әрқайсымыз қырағы, мұқият болайық. Алаяқтардың торына түсіп қалмайық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға