Интернет-алаяқтық: қылмыс ең жиі тіркелетін өңірлер анықталды

Интернет-алаяқтық: қылмыс ең жиі тіркелетін өңірлер анықталды
Фото: El.kz

«Банк қоңырауы», жалған SMS, күмәнді сілтеме немесе интернет-дүкендегі арзан тауар – алаяқтар қолданатын көп тәсілдің бірі. Цифрлық технологиялар күнделікті өмірге енген сайын интернеттегі алаяқтық та көбейіп келеді.

Finprom мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қатысты небәрі 517 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 7,8 мыңға дейін өсті. 2020 жылы – 14,2 мың, 2021 жылы – 21,4 мың жағдай тіркелді.

2022 жылы көрсеткіш аздап төмендегенімен, кейін қайта өсе бастады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 28,9 мың жағдайы тіркелді. Осылайша, жеті жыл ішінде мұндай қылмыстардың саны 55 еседен астам өскен.

Әр төртінші қылмыс

Интернет-алаяқтықтың жалпы қылмыс құрылымындағы үлесі де айтарлықтай өзгерді.

2018 жылы интернет-алаяқтық барлық алаяқтықтың 1,8 пайызын ғана құраған. Ал барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар арасындағы үлесі 0,2 пайыз болған.

2021 жылы интернет-алаяқтықтың алаяқтыққа қатысты қылмыстар арасындағы үлесі алғаш рет 50 пайыздан асып, 52,1 пайызға жетті. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 60,8 пайыз болды.

Ал интернет-алаяқтықтың барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар арасындағы үлесі 23,3 пайызға жетті. Яғни былтыр Қазақстанда тіркелген әр төртінші қылмыстық құқық бұзушылықтың дерлік бірі интернет-алаяқтыққа қатысты болған.

2026 жылы жағдай өзгере бастады

Үш жыл қатарынан өскеннен кейін 2026 жылы интернет-алаяқтықтың саны азая бастады.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қатысты 13,1 мың жағдай тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға аз. Дегенмен көрсеткіш 2024 жылдың қаңтар-шілдесіндегі деңгейден 9,8 пайызға жоғары.

Қылмыс саны азайғанымен, оның жалпы алаяқтықтағы үлесі, керісінше, өскен. Биылғы алғашқы жеті айда интернет-алаяқтық барлық тіркелген алаяқтық жағдайының 57 пайызын құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 53,7 пайыз болған.

Ал оның барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар арасындағы үлесі 19,1 пайыздан 19,5 пайызға дейін өсті.

Демек, интернет-алаяқтық жағдайларының абсолюттік саны азайғанымен, оның қылмыс құрылымындағы маңызы әлі де артып келеді.

Алаяқтар қай өңірде көп?

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстар ең көп Астанада тіркелген – 2,3 мың жағдай.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Одан кейін:

  • Алматы – 1,4 мың;
  • Павлодар облысы – 1,1 мың;
  • Алматы облысы – 1 мың;
  • Қарағанды облысы – 951 жағдай.

Осы бес өңірге Қазақстан бойынша тіркелген интернет-алаяқтық жағдайларының 50,7 пайызы тиесілі.

Алайда жағдайлардың жалпы саны өңірдегі барлық қылмысқа шаққандағы үлесті толық көрсете бермейді.

Мысалы, интернет-алаяқтықтың барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар ішіндегі ең жоғары үлесі Павлодар облысында тіркелген – 38 пайыз.

Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы – 29,8 пайыз, Қарағанды облысы – 29,6 пайыз, Қостанай облысы – 28,5 пайыз, Астана – 26,5 пайыз және Абай облысы – 26 пайыз.

Ал Алматыда интернет-алаяқтықтың үлесі 11,1 пайыз, Түркістан облысында – 11,2 пайыз, Шымкентте – 9,9 пайыз болған.

Қазақстандықтарды қалай алдайды?

2026 жылдың қаңтар-шілде айларындағы статистикасына қарағанда, алаяқтар ең алдымен адамдардың күнделікті қолданатын қызметтері мен әдеттерін пайдаланады.

  1. «Банктен» қоңырау шалу және жалған SMS – 2,9 мың жағдай

Алаяқтар банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, адамның шотынан күмәнді операция жасалғанын немесе оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтуы мүмкін. Кейде SMS арқылы жалған хабарлама жіберіп, адамды сілтемеге өтуге немесе белгілі бір әрекет жасауға итермелейді.

  1. Фишинг – 2,7 мың жағдай

Фишинг кезінде алаяқтар жалған сайттар, электрондық пошта, сілтемелер немесе смартфон қосымшалары арқылы адамның құпия деректерін алуға тырысады.

Мысалы, сайт сыртқы көрінісі жағынан банкке, танымал сервиске немесе интернет-дүкенге ұқсауы мүмкін. Адам логинін, құпиясөзін немесе банк картасының деректерін енгізген кезде, ақпарат алаяқтардың қолына түседі.

  1. Қызмет көрсету туралы жалған хабарландырулар – 2,6 мың жағдай

Алаяқтар түрлі қызмет ұсынып, алдын ала төлем талап етуі мүмкін. Ақша аударылғаннан кейін байланысқа шықпай қояды.

  1. Онлайн сатып алу – 1,9 мың жағдай

Жалған интернет-дүкендер немесе әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы тауар ұсыну да кең таралған тәсілдердің бірі. Алаяқтар нарық бағасынан төмен баға ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін тауарды жібермейді.

  1. Онлайн несие рәсімдеу – 1,3 мың жағдай

Алаяқтар бөтен адамның деректерін пайдаланып несие рәсімдеуге тырысады. Кей жағдайда адамның өзін де психологиялық тұрғыдан иландырып, қажетті операцияларды оның өзіне жасатады.

Алаяқтық несие көлемі де азайған

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 2,1 млрд теңгеге 1,3 мың алаяқтық несие анықталған.

Салыстырсақ, 2025 жылы мұндай 5,1 мың несие тіркеліп, олардың жалпы сомасы 4,6 млрд теңге болған. 2024 жылы 8,7 мың алаяқтық несие анықталған, олардың көлемі 20,3 млрд теңгені құраған.

Қарыз алушыларды қорғау үшін онлайн несие рәсімдеу кезінде міндетті «салқындату кезеңі» енгізілді. Сонымен қатар клиенттерді биометриялық сәйкестендіру талаптары күшейтілді.

Басқа қандай схемалар бар?

Интернет-алаяқтықтың басқа түрлері салыстырмалы түрде аз кездеседі. 2026 жылдың алғашқы жеті айында:

Фото: El.kz
Фото: El.kz
  • қаржы пирамидалары мен инвестициялық жобаларға – 770 жағдай;
  • аккаунттар немесе домендерді бұзуға – 182 жағдай;
  • криптовалютаға қатысты алаяқтыққа – 170 жағдай;
  • әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қаржы ұйымдарынан келгендей жалған хабарламаларға немесе ақша сұрауға – 142 жағдай;
  • қайырымдылыққа байланысты алаяқтыққа – 60 жағдай;
  • жалған лотереялар, викториналар мен байқауларға – 52 жағдай;
  • жалған онлайн-казиноларға – 10 жағдай тіркелген.

Неліктен адамдар алаяқтарға алданып қалады?

Бұл схемалардың көпшілігі технологиядан бұрын адамның психологиясына әсер етуге негізделген. Мұндай тәсіл әлеуметтік инженерия деп аталады.

Алаяқ адамды қорқытуы, асықтыруы немесе тиімді ұсыныс жасап қызықтыруы мүмкін. Мысалы, «шотыңыз бұғатталады», «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «акцияға қатысып, ақша ұтып алдыңыз» деген сияқты хабарламалар адамды ойланбастан әрекет етуге итермелейді.

Сондықтан интернет-алаяқтықпен күресте қылмысты ашу ғана емес, оның алдын алу да маңызды. Бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, құпиясөздерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және ақша аудармас бұрын ақпаратты қайта тексеру – алаяқтардың құрбаны болмаудың негізгі жолдарының бірі.

Цифрлық қызметтер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сайын интернеттегі қауіпсіздік ережелерін білу де қарапайым қаржылық сауаттылықтың бір бөлігіне айналып келеді.

Оқи отырыңыз