
Интернет алаяқтар қанша жылға сотталады? Заңгер түсіндірді
Цифрлық технологиялардың дамуы – адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, түрлі қауіп-қатерлерге де жол ашты. Соның ішінде ең өзектісі – интернет алаяқтық. Бұл қылмыс түрі жыл өткен сайын түрленіп, көбейіп барады. Біз бұл мәселе жөнінде заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліптен арнайы сұхбат алып, интернет алаяқтардың іс-әрекеті, заңдағы баптар, жазалау шаралары және өзімізді заң аясында қалай қорғай алатынымыз туралы сұрадық.
El.kz: Интернет алаяқтыққатысты Заң не дейді және қалай қорғану керек?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабында алаяқтық туралы жеке бап бар. Дегенмен, интернет алаяқтық заңда алаяқтықтың бөлек түрі ретінде қарастырылмаған. Қазіргі таңда бұл қылмыс тек 190-бап аясында қаралады. Алаяқтықтың жазасы оның жасалу тәсілі мен қылмыс құрамына байланысты жеңіл не ауыр болуы мүмкін. Цифрландыру үдерісі қарқынды дамып жатқандықтан, алдағы уақытта интернет алаяқтыққа қатысты жеке бап енгізілуі мүмкін.
El.kz: Алаяқтық үшін нақты қандай заң нормасы қолданылады?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-тармағында алаяқтықтың анықтамасы берілсе, 2-тармағында – оның жазасы көрсетілген. Сонымен қатар, бұл мәселе кейбір жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ Жоғарғы соттың қаулылары да негізгі құқықтық-нормативтік актілер қатарына кіреді.
Дәстүрлі және интернеттегі алаяқтыққа заң бірдей қарайды. Қай жерде жасалса да – қылмыс бір. Бірақ жазаның деңгейі бірқатар факторларға байланысты: кім жасады, қандай құрал қолданылды, зардап шегуші кім, келтірілген шығын көлемі қандай – осының бәрі есепке алынады. Демек, интернет арқылы жасалған қылмысқа жеңілірек немесе ауырлау жаза берілуі мүмкін емес – барлығы бір баппен реттеледі.
El.kz: Телефон немесе мессенджер арқылы жасалатын алаяқтық қалай бағаланады?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Алаяқтық дегеніміз – адамның сеніміне кіріп, сол сенімді пайдалану арқылы оның мүлкіне немесе қаражатына иелік ету. Телефонмен хабарласып, мессенджер арқылы хат жазып, сенімге кіруге тырысатындар көбейіп отыр. Егер қылмыстың салдарынан зардап көлемі 100 млн не 500 млн теңге болса, бұл ауыр қылмыс саналып, 4 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Ал орташа немесе жеңіл дәрежедегі зиян келсе – 2 жылдан 4-5 жылға дейінгі жаза берілуі мүмкін. Кей жағдайда шартты түрде сотталуы да ықтимал. Жаза көлемі – қылмыстың тәсілі мен келтірілген залалға байланысты.
El.kz: Қылмысты дәлелдеу үшін не қажет?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Құқық қорғау органдарына арыз бергенде төмендегі деректер нақты көрсетілуі тиіс:
-
Құрбан болған адамның аты-жөні;
-
Қылмыс қашан, қайда және қалай жасалды;
-
Қанша сома ұрланды, қай банктен, қандай сылтаумен алынған;
-
Қандай құрал немесе тәсіл қолданылған.
Бұл мәліметтер полицияға қылмысты ашуға үлкен көмек береді. Қылмыс құрамын дәлелдейтін 20-дан астам элемент бар – тәсілі, уақыты, объектісі, орны, қаруы – осының бәрін дәл анықтау қажет.
El.kz: Жеке деректердің таралуы – қылмыс па?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Иә, жеке деректердің интернетте тарауы – құқық бұзушылық. Ал егер бұл деректер кейінірек қылмыстық мақсатта пайдаланылса, ол қосымша баппен қаралады. Алаяқтар бұл деректерге қалай қол жеткізеді? Көбіне банктерде, ХҚКО-ларда істейтін адамдар арқылы немесе ішкі таныстарының көмегімен құпия ақпараттарды алады. Мұндай көмек көрсеткен адамдар да Қылмыстық кодекспен жауапқа тартылады. Ал егер алаяқ осы деректер арқылы бөтен мүлікті иеленсе, тағы бір бап қосылып, қылмыстың салмағы арта түседі.
Сондықтан жеке деректерімізді оңды-солды беруге болмайды. Кез келген сайтқа немесе жүйеге тіркелер алдында деректерді өңдеуге келісім беру мәселесінде аса мұқият болу керек. "Егер менің деректерім таралып кетсе, не істеймін?" деген сұраққа алдын ала дайын жауап болуы қажет.
El.kz: Ақша ұрланса немесе мүлік жоғалса не істеу керек?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Ең бірінші – банк картаңызды бұғаттаңыз. Содан кейін бірден банкке хабарласып, болған жағдайды анықтаңыз. Полицияға арыз жазыңыз. Банк сізге қаражаттың жоғалғанға дейінгі қалдығы мен ұрланған соманың көлемін көрсететін құжаттарды береді – осыны полицияға тапсырып, тергеуге көмектесу қажет. Уақтылы әрекет – қылмыскердің ізі суымай ұсталуына ықпал етеді.
El.kz: Жасөспірім интернет алаяқтыққа тартылса, кім жауап береді?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Егер алаяқтыққа кәмелетке толмаған жасөспірім тартылса, оның әрекеті үшін ата-анасы немесе қамқоршысы жауап береді. Ал 14 жастан асқан бала қылмысты өзі жасаған болса, заң алдында жауапты болады. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандар мен ересектерге арналған жаза түрлері нақты бөлінген.
Өзімізді интернет алаяқтардан қалай қорғаймыз?
Ғабдул-Ғани Әбутәліп: Бұл – ең өзекті сұрақтардың бірі. Цифрлық жүйелер өмірімізге дендеп енгенімен, біз өзімізді қалай қорғау керегін біле бермейміз. Кез келген әлеуметтік желіге тіркелгенде бізге "жеке деректерді пайдалануға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Біз ойланбастан келісеміз. Бірақ сол келісім шарттарында киберқауіпсіздікке қатысты маңызды ережелер жазылады.
Сондықтан, әсіресе Egov Mobile, банк қосымшалары сияқты маңызды сервистерді пайдаланғанда, көрсетілген ережелер мен ескерту мәтіндерін мұқият оқып шығу қажет. Алаяқтарға тап болған жағдайда не істеу керегі, кімге жүгіну керегі – бәрі сол құжаттарда көрсетіледі.