
Instagram көпшіліктен ұялатын адамдарға жағдай жасайды
Instagram қолданушылары көптен күткен жаңартулар кезеңі басталды. Әлеуметтік желі лента мен жазбаларға қатысты бірнеше жаңа мүмкіндікті іске қоспақ. Бұл туралы платформаның жетекшісі Адам Мосери ресми түрде мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жазбалардың орнына өзің реттей аласың
Бұдан былай өз парақшаңдағы посттардың орнын ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұрын тек маңызды жазбаларды ғана жоғарыға бекітіп қою мүмкін болса, енді лентаңды толықтай өз талғамыңмен реттей аласың. Контентіңнің хронологиясын немесе маңыздылығын өзің анықтайсың. Бұл өзгеріс – қолданушылар тарапынан көптен күткен функцияның бірі.
Кейбір жазбалар тек өзіңе көрінеді
Жаңа мүмкіндіктердің бірі – жазбаларды тек өзіңе көрінетін етіп жариялау. Яғни пост профиліңде сақталады, бірақ оқырмандардың назарына шықпайды. Бұл – әсіресе шығармашылығын көпшілікпен бөлісуге қысылатын немесе ұялатын қолданушылар үшін таптырмас мүмкіндік. Енді шабыт келген сәтте жазбаңды жариялап, оны алдымен өзің көріп, қажет болса кейін бөлісуге болады.
Spotify-дан әуен қоясың
Instagram мен Spotify бірігіп, тағы бір пайдалы опцияны іске қоспақ. Енді жазба жариялау кезінде тікелей Spotify-дан музыка қосуға болады. Бұл эмоцияны музыка арқылы жеткізгісі келетіндер үшін өте ыңғайлы. Сонымен қатар, жаңа авторларды таныстыру және контентпен тәжірибе жасауға жол ашады.