«Инста-психологтар» енді заңсыз ба? Қазақстанда жаңа заң күшіне енеді

«Инста-психологтар» енді заңсыз ба? Қазақстанда жаңа заң күшіне енеді
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда психологтардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі психологтарға арналған бірыңғай кәсіби стандартты бекітті. Құжатта мамандардың біліміне, еңбек тәжірибесіне, кәсіби дағдылары мен біліктілігіне қойылатын талаптар нақты көрсетілген.

Психолог қандай талаптарға сай болуы керек?

Жаңа талаптар балалармен, жасөспірімдермен, спортшылармен жұмыс істейтін және жеке практикада қызмет көрсететін психологтарға да қатысты болады.

Кәсіби стандарт Қазақстанда 2026 жылғы 2 шілдеде «Психологиялық қызмет туралы» заң қабылданғаннан кейін әзірленді.

Құжаттың негізгі мақсаты – психологтардың кәсіби даярлығына ортақ талап қалыптастыру және азаматтарға көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыру.

Стандарт бойынша психолог балалар мен жасөспірімдерге, дамуында ерекшеліктері бар адамдарға және жеке психологиялық көмекке жүгінетін азаматтарға кәсіби, этикалық талаптарға сай әрі ғылыми негізделген қызмет көрсетуі тиіс.

Маманның жұмысына психологиялық диагностика жүргізу, кеңес беру, психологиялық түзету, оңалту және абилитация, сондай-ақ психологиялық мәселелердің алдын алу мен ағартушылық жұмыстар кіреді.

Жаңа кәсіби стандарт бірнеше бағыттағы мамандарға арналған. Олардың қатарында:

  • балалар психологтары;
  • арнайы психопедагогика саласындағы психологтар;
  • жеке практикамен айналысатын психологтар;
  • спорт психологтары бар.

Яғни жеке кабинет ашып, азаматтарға психологиялық қызмет көрсететін мамандар да белгіленген кәсіби талаптарға сәйкес болуы керек.

Білімі мен тәжірибесіне де талап қойылады

Құжатта психологтың тек дипломы ғана емес, кәсіби тәжірибесі мен қосымша білімі де ескерілетіні көрсетілген.

Мәселен, маманның психология немесе психиатрия саласында жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы қажет. Білім деңгейіне бакалавриат, мамандану және ординатура сияқты бағдарламалар жатады.

Сонымен бірге психологтардың кәсіби қауымдастықтар мен салалық ұйымдарда алған білімі де назарға алынады. Яғни маманның кәсіби дамуы оқу орнын аяқтаумен шектелмей, кейінгі біліктілігін жетілдіруін де қамтиды.

Балалар психологының міндеттері

Стандартта балалармен жұмыс істейтін психологтардың міндеттері де нақты көрсетілген.

Мысалы, маман ата-аналарға бастапқы психологиялық кеңес беруі, баланың даму деңгейіне диагностика жүргізуі және оның нәтижелерін кәсіби тұрғыда талдай білуі керек.

Балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істейтін психолог қызметінің негізгі мақсаты – 3 пен 18 жас аралығындағы балалардың психологиялық әл-ауқатын қолдау, олардың дамуына ықпал ету және әлеуметтік-психологиялық бейімделуіне көмектесу.

Неге кәсіби стандарт енгізіліп жатыр?

Жаңа құжат психолог мамандығына қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған. Яғни маманның қандай білім мен дағдыға ие болуы керектігі нақты белгіленеді.

Кәсіби стандарт психологтарды даярлайтын білім беру бағдарламаларын әзірлеуде, мамандарды оқытуға қойылатын талаптарды қалыптастыруда және олардың кәсіби қызметін жетілдіруде қолданылмақ.

Сондай-ақ құжатта психологтардың супервизиядан өтуіне қатысты талаптарды қалыптастыруға да негіз болады. Жаңа кәсіби стандарт 2026 жылғы 13 қазаннан бастап күшіне енеді.

Осылайша Қазақстанда өзін психолог деп таныстырып, кәсіби қызмет көрсететін мамандарға қойылатын ортақ талаптар нақтырақ белгіленбек.

Оқи отырыңыз