Амал мерекесі: Үзілмейтін үрдіс

13 Наурыз 2014, 04:29

Маңғыстау тұрғындары қысқы соғымда наурызға арнайы сақтап қойған етін асатын. Бұл «осы күнге аман жеткенімізге» деген құрметтің белгісі.

... Ұлыстың ұлы күніне байланысты айтылатын аңыздардың бірінде наурыз күні жаңбыр жауады. Оны халық арасында «Рахмет жаңбыры» деп те атайды. Сол жаңбырдан өсімдіктердің бойына нәр жүгіріп, оған жер бетіндегі тірлік атаулының иелері қатты қуанады екен. Осы кезде терең дарияның түбінде күн кешетін «садап» деп аталатын балық та су бетіне шығып «Ей, Жаратқан, мені де құр қалдырмай өз несібемді бере көр» деп жауып тұрған жаңбырға аузын тосатын көрінеді. Сонда аузына тамған бір тамшыға риза болып «Шапағатыңа рахмет, мен болдым, тойдым» деп қайтадан су түбіне кетіп қозғалмай жата береді. Көп ұзамай оның ішінде әлгі аузына тамған жалғыз тамшыдан гауһар тас пайда болады екен. Дүр гауһар наурыз айының алғашқы жаңбырынан пайда болатын құбылыс көрінеді. Сол гауһардан жер бетіндегі тіршілік ететін өсімдік, жан-жануарларға тұқым тарайды деп те айтылатын.

            Бұл күні «Наурыз көже» (кей жерлерде «Тілеу көже» деп те аталады) пісіріледі. Маңғыстау тұрғындары қысқы соғымда наурызға арнайы сақтап  қойған етін асатын. Бұл «осы күнге аман жеткенімізге» деген құрметтің белгісі.

Әрине наурызға байланысты ырымдар өте көп. Көшпелі халық сол ырымға сенген, құрмет тұтқан.

- Жаңа күнге қарап бетін сипаған. Онысы басыма бақыт, ырыс дарысын дегені.

- Наурыз күні жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Өйткені басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, ерекше таза, көп ұзамай еріп кетеді.

- Наурыз күні ыдыс-аяқты сылдырлатпауға, шаңырақ астында орынсыз дауыс көтермеуге тырысады. Әйел құты, ер құты, үй құты-ыдыс-аяқта деп есептейді.

- Қыдырып келген баланы үйден құр жібермейді. Өйткені бала-бақыт, бала-періште. Бала үйден өкпелеп шықса, баладан бұрын бақыт есіктен шығады деп есептеген.

- Наурыздан бұрын сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Бұл өз ошағына аман оралсын деген тілектен туған.

- Жасы кішілер Наурыз күні ауылдағы үлкендерге барып сәлемдесуді, қолын ұстап, батасын алуды міндеті санаған. Сонымен қатар өмірден өткендердің басына барып құран оқуды тірілердің парызы деп есептеген. Бұл құрметтің белгісі.

Маңғыстаулық қазақтар сонымен қатар Наурыз күні үй ішіндегі кермеге сандықтағы бар қымбат маталарын, киімдерін шығарып іліп қоятын. Бұл біріншіден жасырып қойса киімді пері иеленеді деген ойдан туындаса, екіншіден халқымыздың жарылған жүгерідей аппақ көңілін білдіреді. Қысқасы, халқымыз қай уақытта да Наурызды асыға күтіп, оны жақсылықтың бастауы, жыл он екі айдағы ең негізгі мереке ретінде құрмет тұтқан.

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,

Өлкетанушы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

Бөлісу: