Жаңалықтар

Имам ағзам ілімнің қайнар көзін қайдан алған

Басқа мазһабтың негізін қалаушылардың барлығы Имам ағзамға құрметпен қараған, оның тұлғасын, еңбегінің маңыздылығын бірауыздан мойындаған
Имам ағзам ілімнің қайнар көзін қайдан алған
07.11.2022 11:33 2305

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күндерге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын салтын, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында болды.  

Абу Ханифаға дейін фиқһ ілімі – діни жеке сала ретінде толық қалыптаспаған еді.  Имам фиқһ ілімін бір жүйеге түсірген ғұлама және оның көтерілген биігіне ешкім шыға алған жоқ. Имам ағзамның еңбектері Құран мен сүннет, басқа да ілімдерді терең меңгеруге негізделген. Құран мен сүннеттен алынған фиқх саласындағы жалпы ғылыми тұжырымдамалардың төрттен бірі Абу Ханифаның үлесіне тиеді. Қалған бөлігінің өзі Абу Ханифаның еңбектерінің негізінде жасалған. Ол Ислам құқығын жүйеге түсірген ұлы теоретик ғана емес, өз еңбектерінде жазғандарды бұлжытпай басшылыққа алған мұсылмандарға үлгі болған. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» – деген мақалдағыдай емес, Абу Ханифаның сөзі мен ісі бір жерден шыққан.

Халифа Омар: «Пайғамбар мұсылмандардың алдында «Адамдардың артығы менің сахабаларым, одан соң адамдардың артығы олардан кейін келетіндер. Одан соң адамдардың артығы олардан кейін келгендер. Кейін келгендердің арасында жалған сөйлеушілер болады» – деп айтқан дейді.

Шафиит мазһабының негізін қалаушы имам Шафиидің өзі: «Фиқх ілімі саласының негізі – Абу Ханифаның және оның шәкірттерінің еңбектері. Фиқһты зерттегісі келген адам – Абу Ханифа және оның шәкірттеріне жүгінуі керек. Фиқһ ілімінде барлық мұсылмандар Абу Ханифаға балаға татиды» – деп айтқан.

Малики мазһабының негізін қалаушы имам Малик Абу Ханифа туралы: «Абу Ханифаны көрдім, теріске шығару мүмкін емес дәлелдерін естідім. Ол тиісті бір ұғымды дәлелдеген кезде келтірген фактілерін ешкім жоққа шығара алмайтын» – деген.

Ханбали мазһабының негізін қалаған Ахмад бин Ханбал Абу Ханифаның кезінде соққыға жығылғанын еске түсіргенде әрдайым көзіне жас алады екен.

Көріп отырғанымыздай басқа мазһабтың негізін қалаушылардың барлығы Имам ағзамға құрметпен қараған, оның тұлғасын, еңбегінің маңыздылығын бірауыздан мойындаған. 

Абу Ханифа көп сөйлемейтін, ойланып жүретін, тек сұрақтарға жауап беретін адам болған. Ал фиқһке байланысты сұрақ қойғанда теңіздей толқып, селдей ағылып сөйлейтін. Жағдай оны талап етсе дәлелдеуден, уақытын оған жұмсаудан аянбайтын. Бас кезеңде ол тек оқу және басқалардан алған ілімін бір жүйеге түсірумен ғана айналысқан. Бірақ ол өзінің бойындағы білімі мен тәжірибесін шәкірттеріне беріп кетуді парыз санаған. Түсінде аян көрген соң ғана білімін іс жүзінде пайдаланып, пәтуа және тұжырымдар бере бастаған. Оның ғылыми мектебінің аты шығып, кең құлаш жаяды, айналасында шәкірттер мен мүриттер көбейеді. Имамға қарсы шыққандар Абу Ханифаның Құран мен сүннетке, сахабалардың бірауызды пікірлеріне негізделген дәлелдеріне қарсы уәж айта алмаған.

Тарихшылар Ислам фиқһінің тарихында Абу Ханифа секілді көп мақталған, ол туралы көптеген шығармалар жазылған, сонымен қатар көп сынға алынған бірде–бір ғұлама болмағандығын атап өтеді. Ондай құрмет пен сынға ұшырау Имам ағзамның өзіндік тұңғиық ойлау тәсілі арқылы жол салған тәуелсіз ғұлама екендігін көрсетеді. 

Абу Ханифа өмірін сарп еткен ғылым жолы шариғат туралы ғылым – фиқх деп аталады. Жоғарыда айтылғандай, фиқһ сөзі араб тілінде «түсіну, білу», кеңейтіп айтқанда «мұсылман құқығын білу» деген мағынаны береді. Алла–тағаланы Құран арқылы, Пайғамбарды (ғ.с.) хадистер арқылы түсіну және Алланың раббани қасиеттерін, ғайб істерін, құлшылық ету, жаратушыға жүрекпен, іспен берілуге қатысты іс–әрекеттерді түсіну деген сөз. Имам ағзам фиқһті екіге бөліп қараған:

Үлкен фиқх (теориялық) – Ислам туралы жалпы түсінік, Аллаға иман, жаратушының аттары мен  сипаттары, бұйрықтары мен тыйымдары, нәбилер, кітаптар, ақырет күні, періштелер мен ғайб істеріне, тағдырға сену секілді ақидатқа қатысты барлық істер.  

Кіші фиқһ (практикалық, яғни қолданбалы) – дәрет алу, намаз, жазалау және сөгу үкімдері, зекет, құн, кінәны өтеу, сату, өкілдік, сауда серіктігі секілді қаржы істері,  Исламға үндеу, жиһад, олжа, бейбіт келісім, уәде секілді мұсылман еместермен қарым–қатынас, жаназа, өсиет, мұра секілді қайтыс болған мұсылмандармен қатынастар.  

Фиқһтің барлық имамдар келіскен негіздері бар.

  1. Құран кәрім. Ислам құқығының бірінші, талассыз қайнар көзі және басқа ақпарат көздерінің дәлдігі бағаланады. Құранға сәйкес келмейтін ақпарат көздері жарамсыз саналады.
  2. Сүннет. Пайғамбардың (ғ.с.) істері мен сөздері туралы хадистер жинағы. Құраннан кейінгі маңызды ақпарат көзі. Имам ағзам және оның ізін басушылар құқықтық тұрғыдан алғанда дәлел болу үшін хадистің дұрыстығымен (сахих) қатар оның белгілі (машхур) болуы шарт санаған. Бұл шарт кейбір аймақтарда ойдан шығарылған хадистердің кеңінен тарауына байланысты еді.
  3. Ижмағ. Пайғамбар (ғ.с.) қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде Құран мен сүннетте көрсетілмеген белгілі бір іс, сұрақ немесе мәселе бойынша сахабалардың бірауыздан келіскен шешімдері. Сонымен қатар ханафи мазһабы мұсылман үмбетінің ғұламаларының ортақ шешімдерінің де күші бар деп санаған. 
  4. Сахабалардың жеке пікірлері. Егер сахабалар түрлі пікірде болып, ол сұрақ бойынша иджмаға қол жеткізе алмаса Абу Ханифа ол жағдайға олардың ішінен барынша дұрыс пікірді басшылыққа алатын. Имам ағзам осыны мазһабтың маңызды принциптерінің бірі ретінде орната отырып, өзінің жеке пікірінен сахабалардың пікірін жоғары қойған. Бірақ түрлі ой–пікірлерді қарастырғанда шектеулі болса да өз ойын білдіруге тырысқан.
  5. Қияс (аналогия, ұқсастық, салыстыру). Ғұлама жаңадан туындаған мәселені, бұрыннан шариғатта айтылған түпнұсқамен қоса отырып, имамдар арасындағы ортақ дәлелдермен үкім шығару. Абу Ханифа барлық көрсетілген көздерде нақты дәлел болмаған жағдайда табиғиндердің тұжырымдарымен келісе бермеген. Ол өзін табиғин санағандықтан қияс принципінің негізінде өзіндік зерттеу жолын жасаған.
  6. Истихсан (артық санау, басымдылық беру). Бұл термин екі дәлелдің біреуіне артықшылық беру, сол нақты сұраққа қатысты жарамды санау деген мағынаны білдіреді. Мысал ретінде, бірі нақты мағынасы бар хадис пен жалпы мағынасы бар хадистен алғашқысын таңдау. Белгілі бір нақты сұрақ немесе мәселеге қияс арқылы алынған нормадан гөрі соған лайықты деп саналғанды қолдану.   
  7. Әдет–ғұрып. Құран мен сүннетте анық көрсетілмесе жергілікті әдет–ғұрыпқа құқықтық салмақ берілетін. Осы принциптің арқасында мұсылман үмбетіне кіретін түрлі халықтардың Исламға қайшы емес әдет–ғұрыптары мен салт–дәстүрлері мұсылмандық құқықтық жүйеге енгізілді.

Әдет–ғұрып – белгілі бір қоғамдық–әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез–құлқының, тұрмыс–тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналған жөн–жосық, жол–жоралғы. Қазақ әдет–ғұрыптары көшпелі тұрмыстың дәстүрлі дүниетанымынан бастау алады. Осы түсінік дәстүрлі қазақ қоғамындағы құқықтық мәдениеттің алғышарты – әдет–ғұрыпты адамдар арасындағы қарым–қатынастардың негізгі реттеушісі ретінде қалыптастырады.

Ислам дінінің түрлі халықтардың әдет–ғұрып және салт–дәстүрлеріне көзқарасы қандай? Барлығы тыйым салынған ба? Неге кейбіреулер ата–бабаларымыздан мұра болып қалған дәстүрге қарсы шығып, оның Исламға сай немесе сай еместігін тексермей ат–тонын ала қашады? Әрине, түрлі әдет–ғұрыптар бар, озығы бар, тозығы бар дегендей. Сондықтан, оларды бір жақты қарастыру жөн емес. Себебі, салттардың ішінде тыйым салынғаны да бар, сонымен қоса рұқсат етілетін, тіпті орындау қажет деп табылатындары да бар. Осы тақырып бойынша Имам ағзамның ой–пікіріне тоқтала кетейік.

Имам тұжырымдарын шығаруда Құран, хадис, сахабалар пікірі, қиясты басшылыққа алады дедік. Тарихшылар Имам белгілі бір сұрақ немесе мәселені адамдардың қалай жасап, қалай шешіп жүргендігіне қарайтын. Әрине, алдымен қияс арқылы қарастыратын. Егер қияс жарамаса истихсан тәсілі арқылы қарастыратын. Егер истихсан да жарамаса мұсылмандар қолданғанды басшылыққа алатын. 

Біріншіден, Имам ағзам бір сұрақ бойынша ашық мәтін табылмаса қияс және истиханды қолданатын, шариғат тұрғысынан қайсысын дұрыс, жақын деп тапса соның екеуінің біреуін қабыл алатын. Екіншіден, белгілі бір сұраққа қатысты Құранда, хадисте ашық мәтін жоқ болса, қияс немесе истихсан арқылы жауап таба алмаса халықтың әдет–ғұрпына қарайтын.

Яғни Имам ағзам әдет–ғұрыптарды тұжырымдама жасауда ақпарат көзі ретінде пайдаланған, басшылыққа алған. «Әдет–ғұрыппен бекітілген шариғатпен бекітілгендей», «мұсылмандар жақсы деп тапқанды Алла да қабылдайды» – деп санаған. Бұл сөздің мағынасы дұрыс және жақсы салт–дәстүрлер қабылданып, шариғатқа қайшы келетіндері тәрк етілуі қажет.

Ғұламалар Құран мен сүннетте мәтін түріндегі дәлел жоқ болса негізге алып, ал оған қайшы келсе қабылдамаған. Мысалы адамдардың бір кездері әдеттері – шарап ішу, риба (пайыздық үстеме алу) және тағы басқаларының харам екендігі жөнінде Құран мен сүннетте ашық мәтіндер бар, сондықтан олар харам саналған әдеттер.  

Егер әдет–ғұрып хадиспен барлық жағынан сай келіп, қияспен үйлеспесе «жалпы әдет–ғұрып» саналған. Мысалы Пайғамбар (ғ.с.) тапсырыс арқылы сауда жүргізуді қолында жоқ затты сату деп оған тыйым салған. Бірақ адамдар көне заманнан осы тәсілмен, яғни тапсырыс беріп, ақшасын төлеп кейін дайын өнімді алып отырған.

Имам ағзамның көзқарасы бойынша Ислам фиқһіндегі әдет–ғұрыптың орны осы. Егер Құран мен сүннетте анық көрсетілмесе әдет–ғұрып басшылыққа алынады. Басқа дәлелдер жоқ болса шектеулі әдет–ғұрып пайдаланылады.

Әлемді діни–философиялық тұрғыдан тану мен қарапайым халық арасында тараған наным–сенім жер мен көктей десе болады. Қарапайым халық ешқашан ондай теологиялық биіктікке шыға алмайды. Олар діннің негізгі қағидаттарын мойындай отырып, күнделікті өмірде ескіден келе жатқан әдет–ғұрыптарын одан әрі жалғастырды. Жаратушының құдіреті мен күшін, жазмыштан озмыш жоқ екендігін мойындай отырып, тағдырды сол дін тыйым салған тәсілдер арқылы өз пайдаларына шешкілері келді немесе көріпкел, сәуегейлер арқылы алдын–ала білуге тырысады.    

Абу Ханифа, қазақша айтқанда, құдайдан қорыққандықтан ізденістерінде өте сақ болған. Муджтаһид деңгейіне көтерілген шәкірттеріне «Егер сендер белгілі бір сұрақ бойынша менің сөзіме сәйкес емес бұлтартпас дәлел тапсаңдар менің сөзімді шетке тастаңдар. Бұлтартпас дәлелді басшылыққа алыңдар!» – деген.

Ұлы Имам Ислам тарихында фиқх саласындағы ғылыми нәтижелерді жүйеге түсіріп, оның түрлі бағыттарын анықтаған бірінші ғұлама болып табылады.  Оның жүздеген шәкірттері Абу Ханифаның мектебін одан әрі дамытып, ханафизмнің кең таралуына жол ашты. Шәкірттерінің ішіндегі ең атақтыларының қатарына көптеген ғұламалар енді. Әсіресе, Абу Ханифа мұрасының кейінгі ұрпаққа жетуіне имам Абу Юсуф Шайбани үлкен рөл атқарды.

Абу Ханифа артына мол мұра қалдырғанымен, оның кейбіреулері ғана шәкірттерінің еңбектері арқылы осы заманға жетті. Қазіргі кезде әлем мұсылмандарының 80 пайызы Ұлы Имам негізін қалаған діни–құқықтық мектептің тұжырымдарын басшылыққа алады. 

Пайғамбардың (ғ.с.) он мың (кейбір деректер бойынша 30 мың) сахабасы, яғни оның көзін көргендер болған деп айтылады. Бірақ солардың ішінен 14 сахабасы ғана нәби тірі кезде фикһ бойынша пәтуа мен шешімдер шығара алатын. Соның өзінде олардың барлығы Пайғамбармен (ғ.с.) ақылдасып отырған. Пайғамбар қайтыс болған соң мүфтилердің саны, еркегі бар, әйелі бар, 120–ға жеткен. 

Абу Ханифа: «Қойылған сұраққа жауапты алдымен Құраннан іздеймін. Одан таба алмасам өзім жинаған хадистерден іздеймін. Олардан таба алмасам сахабалардың бірауызды ой–пікірлерінен іздеймін. Егер олар бір сұрақ бойынша ортақ пікірге келмеген болса, көпшілігінің пікіріне сүйенемін. Егер ол да болмаған жағдайда ғана аналогияларды салыстыру – қиясқа жүгінемін» – деген.

Абу Ханифа сұрақ немесе мәселе бойынша Құран мен сүннеттен жауап тапқанда оны ғұламалардың талқысына салып, солармен толық келісімге келген соң ғана пәтуа шығаратын және қағазға түсіретін. Имам діни ғылыми ізденісте жаңа тәсіл қолданған алғашқы ғұлама. Ол қандай мәселе болсын өзінің шәкірттері мен ғалым деңгейіне жеткендердің талқысына салатын. Әр қайсысы өзінің дәлелдерін келтіріп, ой–пікірлерін негіздеуге тырысқан. Осындай еркін пікірталас пен диспут аясында бірауызды шешімге келетін. Имам басқаның пікірін құрметтеу арқылы шәкірттерінің жеке талпыныстарын ынталандырған.

Бұған дейін Имам Абу Ханифаның өмір жолы туралы мақаланың бірінші,  екінші бөлімі және үшінші, төртінші, бесінші бөлімі жарияланған болатын.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға