Жаңалықтар

Іле Алатауы ұлттық паркі құтқарған барыс өліп қалды

Жануардың асқазанынан полиэтилен пакеті табылған
Іле Алатауы ұлттық паркі құтқарған барыс өліп қалды
Фото: Instagram/ile_alatau_nationalpark 15.12.2022 03:07 1333

Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағынан табылып, құтқарылған әлсіреген қар барысы өліп қалды, деп хабарлайды El.kz  Алматы қалалық зообағына сілтеме жасап.

8 желтоқсан күні Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағынан әлсіреген қар барысы табылғаны туралы жазған болатынбыз.

Жануардың жағдайы мүшкіл, қатты азып, арықтаған. Өзіне жақындап келе жатқан техниканың дауысына да мән бермеген. Барысты кездестірген парк қызметкерлері дабыл қағып, дереу мамандарға хабарлаған.

Қар барысы кездескен аумаққа Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары, Зоология институтының қызметкерлері мен Алматы хайуанаттар бағының ветеринарлары арнайы барған.

Мамандар жануардың жағдайы өте ауыр екені анықталған соң сол жерде көмек көрсету мүмкін болмағандықтан, дәл диагноз қою үшін жануардың денесінен зерттеуге қажетті жағындылар (ПТР сынағы үшін) және қан сынамалары алынғанын айтты. Олар әлсіреген жануарды Алматы зообағына жеткізу туралы шешім қабылдаған.

Өкінішке қарай, жануардың жағдайы аса ауыр жағдайда болғандықтан, хайуанаттар бағына жеткізігеннен кейін, барыс өлді. Іле Алатау ұлттық паркі, Зоология институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестермен бірге патологиялық-анатомиялық сараптама жасалды. Қатты әлсіреп шаршаумен қоса жануардың асқазанынан гельминттердің көптігі, полиэтилен пакеті табылды. Жасы ұлғайған барыстың тістері тозып, толық аң аулай алмай қалған. Жабайы табиғаттың, Алатаудың көркі болып жүрген барыс өліп қалды. Оны құтқару үшін қолдан келгенді жасауға тырыстық. Бірақ бәрі кеш болды, - дейді зообақ қызметкерлері.

Осы оқиғадан сабақ ала отырып, басқа жануарлардың өмірін сақтап қалуға болады деп.

Қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасау өте маңызды. Табиғат аясына шыққанда адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамауы керек. Әсіресе түрлі тағамдардың иісі сіңген полиэтилен пакет жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршамыздың міндетіміз бен жауапкершілігіміз. Біз бірге ғана табиғатты сақтай аламыз! – дейді табиғат жанашырлары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға