Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарында зорлық-зомбылықтың, буллингтің, бопсалаудың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтті.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, оқу жылы басталғалы бері 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, 211 тыйым салынған орындарда темекі шегу және 234 көші-қон заңнамасын бұзу дерегі тіркелген.
Студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітіліп, қауіпсіздік шаралары мен өткізу режимі күшейтілген. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылып, учаскелік полиция инспекторларының байланыс нөмірлері қолжетімді жерлерге орналастырылған.
Бұдан бөлек, студенттер мен оқытушылардың қатысуымен 207 профилактикалық іс-шара, соның ішінде кездесулер, дәрістер және дөңгелек үстелдер өткізілген.
Министрлік жоғары оқу орындарының басшылығына зорлық-зомбылық деректерін жасыруға, студенттердің шағымдарын елемеуге және оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайтынын ескертті.
«Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе бопсалаудың құрбаны не куәгері болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз. Студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды», – деді Құралай Карина.
Сондай-ақ министрлік өрескел құқық бұзушылық жасаған студенттерді оқудан шығару мәселесін жоғары оқу орындары қарастыруға құқылы екенін атап өтті.
ІІМ жастар арасында заңды құрметтеу және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін жеткізді.