Жаңалықтар

ІІМ көлік жүргізушілеріне үндеу жасады

ІІМ көлік жүргізушілеріне үндеу жасады
Фото: polisia.kz 07.01.2023 13:11 847
2023 жылдың 7 қаңтарында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев жүргізушілерді сақ болуға және ауа райының нашарлауы туралы хабарларды елеп-ескеруге шақырып, үндеу тастады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол Жаңа жылдан бастап ауа райы күрт нашарлағанын баса атап өтті, делінген polisia.kz сайтында.

"Ең қиын күндер қаңтардың 3 мен 4-не келді. Еліміздің 9 өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 79 учаскесінде көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Осы жағдайларда полиция қызметкерлері авариялық-құтқару және жол қызметтерімен бірлесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автокөліктердің қауіпті жол учаскелеріне шығуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдады", - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, өз кезегінде жекелеген жүргізушілер полиция блок-бекеттерінде енгізілген қозғалысты шектеу шараларын елемей, қауіпті жол учаскелеріне шығып кетіп отырды.

"Көп жағдайларда осы көлік құралдары қар көшкен жерлерде қалып қойып, оларды эвакуациялау мен өмірлерін құтқару үшін полиция және төтенше жағдай қызметкерлері бастарын қатерге тігіп, ресурстарды шығындауға мәжбүр болды. Жүргізушілердің көбі әрекеттерінің маңыздылығын, сондай-ақ өздері үшін ғана емес, жолаушылар үшін де жауапты екендерін түсінбейді", - дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға