Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы бері 69 бала суға батып көз жұмды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеп, ата-аналарды балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға арналмаған, жабдықталмаған су айдындарында болған. Мұндай жерлерде су түбі тексерілмеген, ағысы қатты әрі су астында қауіпті иірімдер кездеседі.
Сондай-ақ қайғылы жағдайлардың тағы бір негізгі себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы. Полицияның айтуынша, кейбір ата-аналар демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішіп, балаларға бақылауды әлсіретеді.
Жазғы ыстықта балалардың көбі уақытын өзен-көлдердің жағасында өткізеді. Өкінішке қарай, шомылу маусымы басталғалы еліміздің су айдындарында 69 бала суға батып кетті, – деді ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Министрлік шомылуға тыйым салынған орындарда суға түскені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. 2026 жылдың басынан бері осы бап бойынша 2,7 мыңнан астам адам жауапқа тартылған.
ІІМ азаматтарға мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады:
тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу;
балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау;
балаларға бейтаныс су айдындарында шомылудың қауіпті екенін түсіндіру;
аптап ыстықта суық суға бірден секірмеу, өйткені бұл қан тамырларының түйілуіне және бұлшықеттердің тартылуына әкелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында су айдынына сырғып кеткен автокөліктің ішінде екі қыз бала қаза тапқан болатын. Осыған байланысты ІІМ тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.