Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сұхбат беріп, елдегі тәртіп жайына тоқталып қана қоймай, «штрафстан» деген теңгеуге қатысты да ойын жеткізген.
Сәденовтің айтуынша, бүкіл әлемде айыппұл санкциялары тәртіп орнатудың тиімді құралы саналады. Ал кез келген жазалау тәжірибесінің басты мақсаты – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік үшін жағдай жасау.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар «жаман» әрекеттің не екенін тек қалтасына салмақ түскенде ғана түсінеді, – деп атап өтті министр.
Министр заңға бағынғандар айыппұл арқаламайтынын, саналы түрде ереже бұзатындар жазаланып, басқалар сол қатеден сабақ алу тиіс екенін айтты.
Әрбір адам бала кезінен мұндай әрекет заңға бағынатын азаматқа жат екенін түсінуі керек. Ұлытау облысындағыдай балалардың стадиондағы орындықтарды қиратуы немесе Астанадағыдай саябақтарды өртеуі – мүлдем жол берілмейтін нәрсе. Ал ересектерге үлгі болатын тағы бір жағдай –Атырау облысында кішкентай баланың үлкендерден кейін қоқыс жинап жүргені. Міне, тәртіптің қадірін түсінетін өскелең ұрпақ осы, –деді Ержан Сәденов.
ІІМ басшысы адам заң бойынша өмір сүргенде, оның қорқатын немесе ақталатын ештеңесі болмайтынын айтты.
«Не істеріңді білмесең, заң бойынша әрекет ет» деп тегін айтылмаған ғой, – деп толықтырды ол.
Штрафстан атауы қайдан шықты?
2024 жылғы 4 желтоқсанда Мәжіліс екінші оқылымда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Сонда «Ақ жол» партиясының лидері Азат Перуашев бұл құжатқа қарсы шығып, бұған «Штрафстан» теңеуін қолданды. Сөйтіп, депутаттың айтқаны әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды.
2025 жылғы 28 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға осындай айдар тағып жүргендерді сынады.
Бүкіл әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мәжбүрлеу шараларынсыз тәртіпке қол жеткізу мүмкін емес, сондықтан мемлекеттің іс-қимылына түсіністікпен қарау керек. Мұнда диалог арқылы қоғамдық келісім болуы тиіс. Қалай болғанда да, мемлекеттің заңды тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары өз еліне айдар тағуға себеп болмауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кейін Азат Перуашев теңеуінің сәтсіз шыққанын көпшілік алдында мойындағанымен, біраз уақыт өткен соң қызметінен кетті.
Жақында Алатау қаласын дамытуға арналған кеңес барысында Мемлекет басшысы елді «штрафстан»деп атайтын депутаттар туралы тағы да пікір білдірді.
Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек, - деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.