Қазақстанда азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау және сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегенін хабарлаған еді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл деректерді сатып алушылар қатарында микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар болуы мүмкін.
Бұл іске қатысты журналистер цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннен түсініктеме сұрады. Алайда ол тергеу аяқталмайынша барлық мәліметті жария ету мүмкін емес екенін айтты.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан қандай да бір ақпаратты жариялай алмаймыз. Тергеу аяқталған соң барлық дерек ресми түрде ұсынылады, – деді вице-министр үкіметтегі брифингте.

Күдік кімге түсіп отыр
Журналистер күдіктілердің арасында мемлекеттік органдар қызметкерлері бар-жоғын да сұрады. Соңғы уақытта «ХҚО қызметкерлері жеке деректерді сатып жүр» деген әңгіме тарағаны белгілі. Алайда Коняшкин бұл ақпаратты нақтылауға асықпау керегін айтты.
Мен бұл жерде нақты ХҚО қызметкерлері деп айтпас едім. Ақпараттық жүйелерге қолжетімділік белгілі бір рөлдер арқылы беріледі. Егер заң бұзушылық болса, оған қатысты құқық қорғау шаралары қабылданады, – деді ол.
Жеке деректер қалай тарап жатыр
Вице-министрдің айтуынша, деректердің таралуы тек ішкі жүйелер арқылы емес. Көп жағдайда адамдардың өзі алаяқтардың арбауына түсіп қалады.
Жеке деректерді заңсыз жинау көбіне фишингтік сілтемелер, күмәнді қоңыраулар немесе QR-кодтар арқылы жүзеге асады. Олар пайдаланушыларды жалған сайттарға бағыттап, сол жерде мәліметтерді жинайды, – деп түсіндірді Коняшкин.
Оның сөзінше, бұған дейін микроқаржы ұйымдары мен жеке ақпараттық жүйелерден де деректердің таралу фактілері тіркелген.
Қандай өзгерістер күтіледі
Қазір Цифрлық даму министрлігі жеке деректерді қорғауды күшейтуге кіріскен. Жауапкершілікті қатаңдату да күн тәртібінде тұр.
Біз жеке деректердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтіп жатырмыз. Айыппұлдар бірнеше есе артты. Сонымен қатар мұндай заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесі қарастырылып жатыр, – деді вице-министр.