Жаңалықтар

Химия пәнін үйретудің жаңа әдісі

Химия пәнін үйретудің жаңа әдісі
Фото: El.kz 03.11.2022 16:35 3135

ХХІ ғасырда ақпараттық ағын ағылшын тілінде жүруде. Осы ретте, оқу-ағарту саласынының мамандары бірнеше тілді меңгеруі маңызды. Біз химия пәнін қазақ және ағылшын тілінен сабақ беретін білікті ұстазды таптық. Ол – Салават Ерболат.

–  Химияға пәніне қызығушылық қалай басталды?

  Мектепте химия пәніне қызығушылығым жоғары болды. Сегізінші сынып оқып жүргенде түрлі байқау мен олимпиадаға қатысып, белсенді оқушылардың қатарынан көріндім. Мектепте жоғары сынып оқушылары кіші сыныптарға олимпиада есебін шығаруға көмектесетін жақсы дәстүр қалыптасты. 7 сынып оқушыларына есеп шығарып, білмеген жерін түсіндіріп, үйрететінбіз.

2013-2018 жылы білімімді шыңдау үшін Назарбаев Университетіне түстім. Студент кезінде стипендия көпке жетпейтін, сол үшін қосымша табыс ретінде химия пәнінен балаларға сабақтар бердім. Жоғары оқу орнының дипломын алғаннан кейін Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалімдер арасында конкурстық іріктеуге қатысып, бағым жанып, ұстаздық қызметке кірістім.

 – Ағылшын тілін қалай, қашан меңгердіңіз?

– 2008 жылы Ақтау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің 7 сыныбына емтихан арқылы қабылдандым. Бұл білім ордасында жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқытатын. Сабақтың басым бөлігі ағылшын тілінде өткізілгендіктен, мектеп жасымнан ғылым тілін меңгеруге көңіл бөлдім. Екінші жағы, ағылшын тілінен сабақ берген ұстазымыз талапшыл еді. Үнемі ағылшын тілін меңгерудің артықшылығын түсіндіріп, қызықтыратын.

Шет тілін меңгерудің артықшылығы неде деп ойлайсыз?

ХХІ ғасырда ғылыми және инновациялық жаңалықтар ағылшын тілі арқылы тарауда. Кәсіби тұрғыда жан-жақты білім алуда ағылшын тілі артықшылыққа ие. Әсіресе химия пәнінің көптеген тақырыптары мен терминдері ағылшын тілінен ұғыну оңай. Зерттеулер мен ғылыми жұмысқа қажетті көптеген мәліметті табуға болады. Шынымды айтсам, оқушыларға сабақ беру барысында ағылшын тілін меңгерудің пайдасы зор.

– Химия пәні ағылшын тілінде жүргізу қиын ба?

Қазақстанда химия ғылымының ғалымдары жазған құнды еңбектер бар. Алайда кейбір тақырыптарды терең білу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Қазір ағылшын тілді білім беру платформаларынан қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік мол. Айтқым келгені, ағылшын тілінде сабақ беру қиын емес, қайта артықшылық дер едім.

– Талантты, талапты шәкірт дайындауда ұстаздың бойында қандай қасиет қажет?

Кеңестік заманда оқу-ағарту саласы ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласы қатаң тәртіп болды. Уақыт өзгерді. Сонымен қоса адамның талабы мен талғамы да өзгерді. Қазіргі оқушылар белсенді болуымен қатар, өздерін еркін ұстайды, пікірін ашық білдіре алады.

Мұғалімге қажетті маңызды қасиеттің бірі – сабырлық. Сосын ізденгіз, еңбекқор болуы маңызды. Білімін үнемі жетілдіріп, оқушымен тең дәрежеде сөйлесетін, кішіпейіл, қарапайым болуы керек. Оқушының қал-жағдайын үнемі білгені абзал.

– Ұстаздың жетістігі – оқушының жетістігіне қарап бағаланады. Қос тілді меңгерген ұстаз шәкірттерінің жетістігі көп болар. Осы жөнінде не айта аласыз?

Бірнеше жыл ішінде бірнеше оқушыны химия пәнінен желілік деңгейдегі олимпиада мен ғылыми жобаға даярладым. Жақсы нәтиже көрсетті. Негізі жетістік деп оқушыларымның олимпиадаға қатысқанын емес, әлемдегі ең үздік университеттеріне оқуға түскенін мақтанышпен айтамын. Бір шәкіртім Дубайдағы жоғары оқу орнына түссе, екіншісі Гонконг университетіне білім алады.

– Сабақтарды қалай жүргізесіз?

Көп жағдайда түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Кейде теорияны түсіндіруде Youtube желісіндегі видеоларды көрсетіп, түрлі сайттағы ақпараттарды қарастыруға тырысамын. Сабақ мейлінше қызықты өту үшін және оқушыны жалықтырмайтын практикалық тапсырмалар беремін. Арасында электронды платформаларда ойын түрінде өткіземін, бұл баланың сабақта айтқан ақпаратты ойыңда жақсы сақтап, қабылдап, санасында бекітуіне зор үлесін қосады.

– Қазіргі таңда оқу-ағарту саласында қандай мәселе туындап отыр?

Біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында педагогтар құзыретінің қалыптастыру мен кәсіби біліктігін арттыру керектігін айтып кеткен-ді. Бұл шынымен де елдегі маңызды мәселенің бірі. Себебі ел бойынша кәсіби білікті ұстаздардың жетіспеушілігі сезілуде.

            Педагогтердің біліктілігін арттыратын арнайы курстар ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Білім саласын реформалағанда жүйені тұстастай өзгертудің қажеттілігі жоқ, ішінара өзгерту керек деп есептеймін. Мәселен, мұғалімдердің ынта-жігерін ояту үшін, оларды жұмыста өздерін көрсете алу мақсатында академиялық еркіндік беру керек. Бұл – оқу-ағарту ісін жаңа деңгейге көтеретініне сенемін.

– Отандық ағарту саласын дамытуда ұстаздардың рөлі қандай?

ХХІ ғасырда елдердің дамуында адами ресурс бірінші орынға шықты. Ал адами капиталдың сапасын арттыруда оқу-ағарту саласынің мамандары маңызды рөл атқарады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шығады» дегендей, мықты ұстаз елдің дамуына үлес қосады.

– Өзіңіздің шәкірттеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

Қазіргі жастарда өте көп мүмкіндік бар. Ғаламтор желісінде сан түрлі ақпараттарға қолжетімділіктің өзі ойлау өрісін кеңейтуге, логикалық қабілетті арттыруға және тілді үйренуге көмектеседі. Сондықтан оқушыларға өздерің жан-жақты зерттеп, қызығушылығын анықтау үшін барлығын көре беру керектігін үнемі айтамын. Білімді мыңды жығады демекші, мектепке уақыт өткізу үшін келмек, сапалы білім алуға күш салуы тиіс. Өмірде биік жетістікке жеткен тұлғалардың өмірінен мысал келтіріп, мотивация беремін.

– Cұхбатыңызға рақмет!

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға