Қырғызстан парламенті – Жогорку Кенеш жазғы демалыстан кейін хиджабты ұлттық қырғыз киімінің бір бөлігі ретінде тану бастамасын қарастыруы мүмкін. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары парламенттегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Бастама авторларының айтуынша, қырғыз әйелдері ежелден басына орамал тағып келген. Мұндай дәстүрлі бас киімдер сыртқы келбеті жағынан қазіргі хиджабқа ұқсас болғандықтан, оларды ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде қарастыруға негіз бар деп есептеледі.
Қазіргі уақытта бұл бастама бойынша ресми заң жобасы әзірленгені туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ Жогорку Кенештің бейінді комитеттері мен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге қатысты әзірге ресми пікір білдірмеген.
Айта кетейік, Қырғызстанда діни киімге қатысты мәселе бірнеше жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келеді. Бұған дейін парламентте мемлекеттік мекемелер мен білім беру ұйымдарындағы киім үлгісі, сондай-ақ ұлттық дәстүрлерді сақтау мәселелері бірнеше рет көтерілген.
Еске салсақ, 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап Қырғызстанда адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынған. Бұл шектеу бет-жүзді толық жабатын никабқа қатысты қолданылады. Заң талаптарын бұзғандарға 20 мың сом көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар, билік бұл тыйымның хиджабқа қатысы жоқ екенін бірнеше рет атап өтті. Себебі хиджаб адамның бетін жаппайды және жеке тұлғаны анықтауға кедергі келтірмейді. Бұл ұстанымды Қырғызстан мұсылмандарының Ғұламалар кеңесі де қолдап, хиджабтың қауіпсіздік талаптарына қайшы келмейтінін мәлімдеген.