Жаңалықтар

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
Фото: ©AP/Bob EDME 14.06.2023 13:21 1195

Қазақстанның шығысындағы алапат өрт әлі сөндірілген жоқ. Абай облысындағы орман өрті 60 мың гектарды шарпыды. Салдарынан 15 адам көз жұмып, жақын маңдағы ауылдар толықтай эвакуацияланған. Орман өртінің көк түтіні көрші облыстарға жеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
©t.me/qr_tjm

БҰҰ климаттың өзгеруінен 2050 жылға қарай жаһандағы қызыл жалын көрсеткіші 30%-ке артуы мүмкін екенін айтады. Бүгін біз ХХІ ғасырдағы ең ірі өрттер туралы сөз қозғасақ.

Канада, 2023

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
© AP

Бұл күндері Канада да алапат өртпен күресіп жатыр. Бұған дейін өрт аумағы дәл осындай үлкен болған емес. Шығыс және батыста олардың 414 ошағы тіркелсе, соның 250-ге жуығы бақылауға алу мүмкін болмай тұр. Ал өрт 4,3 млн гектер аумақты күл-талқан етті.

Билік өз күшімен күресе алмай жатқандықтан, АҚШ, тіпті Еуропадан көмек сұрауға мәжбүр болды. Түтін АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына, Еуропаның солтүстік бөлігіне дейін жеткен. Өрттің онлайн-картасына көз жүгіртсек, түтін Исландия, Ирландия, Ұлыбритания мен Норвегия көк түтіннен зардап шекті.

Еуроодақтан соңғы күндері 350-ге жуық өрт сөндіруші Квебекке аттанды. Франциядан 109, Португалиядан 140 және Испания 97 өрт сөндірушісін канадалық әріптестеріне көмектесуге жіберді.

Австралия, 2019-2020

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
©AP/Rick RYCROFT

Австралияда орман өрті қалыпты жағдай. Бірақ 2019 жылғыдай алапат өрт көптен бері болған емес. Австралияда «өрт маусымы» сол жылдың шілде айында басталған. Қыркүйекке қарай елдің оңтүстік-шығысында белең алып, жоғары ауа температурасы мен желдің салдарынан 2020 жылдың қаңтарына дейін тоқтаған жоқ.

2020 жылдың қаңтар айының соңындағы мәліметтерге сәйкес, орман өртінен 30 адам көз жұмды, оның ішінде төрт өрт сөндіруші бар. Сонымен қатар 100 мың шаршы шақырым өсімдік жамылғысы және 3 мыңнан астам үйдің күлі көкке ұшты. Австралиялық ғалымдар миллиардтан астам сүтқоректілер, құстар мен бауырымен жорғалаушылар өлгенін айтады. Мысалы, Кенгуру аралында орман өрті басталғанға дейін 46 мыңға жуық коала өмір сүрген. 2020 жылдың қаңтар айының ортасына қарай бұл жануарлардың тек 9 мыңы қалды.

Сонымен қатар өрттен атмосфераға 400 миллион тонна көмірқышқыл газы (СО2) бөлінді.

Португалия, 2017

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
©AP/Armando FRANCA

Португалияда жазда орман өрті болады. Дегенмен 2017 жылдың маусымында құрбандар саны жағынан антирекорд тіркелді. Сол кезде елдің орталық бөлігі отқа оранды. Онымен күреске 5 мыңға жуық өрт сөндіруші жұмылдырылғанымен, «Офелия» дауылы жағдайды ушықтырды. Ыстық пен құрғақ дауылдың салдарынан өрт орманды алқапқа тез тарап, осы таулы аймақта орналасқан елді мекендерді қамтыды.

Нәтижесінде 66 адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақат алды. Педроган-Гранде муниципалитетіндегі Фигейро дос Винюш пен Каштанейра-Ди-Пера арасындағы тас жолда 50-ге жуық тұрғын кезінде көліктерінде тірідей жанып кеткені айтылады. Себебі эвакуация кезінде жолдарда кептеліс болып, дәл осы уақытта өрт сол аумақты шарпыған.

Ресей, 2010

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
©AP/Mikhail METZEL

2010 жылғы аптап ыстық Ресейдің еуропалық бөлігі тұрғындарының есінде көпке дейін қалары анық. Тамыз айында аумақта құрғақшылық болып, 130 жыл бұрынғыдай аптап ыстық орнады. Бұл орман өртіне әкелді. Бір апта ішінде елдің батысы мен орталық бөлігінде 800 өрт ошағы тіркелді. Ресейде жалпы аумағы 1,246 миллион гектарды құрайтын 30 мыңнан астам табиғи өрт болды. Ал түтін көрші елдерге, тіпті Солтүстік Америкаға дейін жетті.

Табиғи апат салдарынан 17 өңірдегі 134 елді мекен зардап шегіп, соның сегізі күл-талқан болды. Өкінішке қарай, 60 адам қаза тауып, 2,5 мың үй өртеніп кетті.

Израиль, 2010

ХХІ ғасырдағы ең алапат орман өрттері
©AP/Sebastian SCHEINER

2010 жылы Израиль тарихында да ең үлкен орман өрті болды. 2010 жылдың желтоқсанында Кармель тауының маңындағы Хайфа округі қызыл жалынға оранды. Оны сөндіруге 4 күннен астам уақыт кетті. Осы уақыт ішінде орман алқабындағы 250-ге жуық үй мен 10 мың гектар жер өртенді (шамамен 5 млн ағаш), 50-ге жуық адам қаза тапты, 17 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды.

Өртті сөндіруде Израильге әлемнің 16-дан астам елінен 30 өрт ұшағынан тұратын халықаралық парк көмектесті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға