Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
ІІМ мәліметінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым мен донат жинау мақсатында TikTok желісіндегі тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған. Мұндай контентті кәмелетке толмаған балалардың да көруі ерекше алаңдаушылық туғызған.
Министрлік нақты бірнеше жағдайды мысал ретінде келтірді. Астана қаласының тұрғыны, TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танылған 37 жастағы әйел тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқаны үшін ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік айыппұл арқалады.
Ал Алматы қаласында 32 жастағы азамат эфир кезінде былапыт сөздер айтып, айналасындағыларды қорлағаны үшін сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Шымкентте 20 жастағы тұрғын аудиторияның назарын аудару үшін тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сонымен қатар эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танылған 41 жастағы әйел бірнеше рет заңға қайшы контент жариялап, балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ осы өңірде 19 жастағы екі азаматтың TikTok-та донат жинап, аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде әдейі бір-біріне дене жарақатын салып, «хайп» жасағаны анықталған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, анонимді аккаунттардың немесе телефон экранының ар жағында жасырынып қалуға болады деген түсінік қате.
Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Әрбір құқық бұзушылық анықталып, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылады, – деді ол.
Министрлік алдағы уақытта да алдын алу мақсатында заң бұзғандардың әрекеттерін жариялап, қоғамдық тәртіпке қайшы контентпен жүйелі түрде күресетінін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, азаматтардың басым бөлігі мұндай контентті қолдамайды және интернеттегі заң бұзушылықтарға қатысты полицияға жиі шағымданады. Осыған байланысты әрбір өтініш міндетті түрде қаралады.
ІІМ өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидаты тек ұран емес, әрбір азамат сақтауға тиіс талап екенін атап өтіп, құқықтық тәртіптің нақты өмірде де, цифрлық кеңістікте де қатаң қамтамасыз етілетінін жеткізді.