Әлеуметтік желіде диплом алу салтанатында ерекше әрекетке барған түлектің видеосы қызу талқыға түсті. Кадрларда студент дипломын алғаннан кейін оны көпшіліктің көзінше жыртып тастағандай көрінеді.
Бейнежазба желіде тез тарап, көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Кейін белгілі болғандай, түлек шынайы дипломды емес, алдын ала өзімен бірге алып келген қағазды жыртқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бірі мұны жай ғана әзіл әрі әлеуметтік желідегі хайп үшін жасалған қойылым деп бағаласа, енді бірі білім ордасына деген құрметсіздік екенін айтып, сынға алды.
Заң тұрғысынан жауапкершілік бар ма?
Оқиғаға қатысты заңгер Мейірман Шекеев мұндай әрекеттер жастарға дұрыс үлгі болмайтынын айтады.
Түлектің дипломын жыртқаны қоғамның ашуын келтіріп жатыр. Заңгер ретінде бұған жауапкершілік көзделгенін айтқым келеді. Себебі кез келген мемлекеттік құжат, оның ішінде мемлекеттік рәміздерден ту немесе елтаңба болса, оны жырту – құрметсіздік көрсетумен бірдей бағаланады. Болашақта бұл жастарымызға кері әсер тигізетін үлгі болмас үшін жас түлек жазалануы керек. Ешкімге ел тәуелсіздігінің символы саналатын рәміздерге құрметсіздік көрсетуге жол берілмеуі тиіс, – дейді халық заңгері Мейірман Шекеев.
«Жеңіл хайп қумау керек»
Білім сарапшысы Ақерке Абылайхан да бұл әрекетті орынсыз деп есептейді.
Жаңа Конституцияда білім мен ғылым қоғамның негізгі құндылықтары ретінде көрсетілді. Мемлекет басшысының да негізгі мақсаты – ғылым, білім және инновация құндылық саналатын қоғам құру. Сондықтан бұл жастың әрекеті көңілге қонымсыз. Қазақ «оқу – инемен құдық қазғандай» дейді. Колледжде оқыса да, бірнеше жыл еңбектеніп қол жеткізген құжатты халықтың алдында жырту қоғамға жат әрекет болуы тиіс, – дейді дейді білім сарапшысы Ақерке Абылайхан.
Ол мұндай әрекетке жол берілмеуі керек екенін айтты. Мейлі ол дипломның көшірмесі болса да.
Жеңіл хайп қуып, негізгі құндылықтарымызды жоғалтпауымыз қажет, – дейді Ақерке Абылайхан.
Хайптың да жауапкершілігі бар
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде ерекшелену үшін түрлі қойылымдар жасау жиілеп кетті. Бір қарағанда бұл қаралым жинаудың тәсілі сияқты көрінгенімен, мұндай контенттің қоғамға әсері де аз емес.
Бұл оқиға заңнан гөрі қоғамдағы құндылықтар туралы пікірталасқа айналды. Бірі мұны әзіл деп қабылдаса, енді бірі білімге деген құрметті төмендететін әрекет деп бағалады. Қалай болғанда да, диплом – жай қағаз емес, адамның бірнеше жылдық еңбегінің белгісі. Ал сол еңбекті көпшілік алдында келеке ететіндей көрініс көрсету әлеуметтік желіде қаралым жинағанымен, қоғамда әрдайым оң қабылдана бермейді.
Полиция пікірі
Біз түлек жайлы ақпарат білу үшін жергілікті полиция департаментіне хабарластық. Белгілі болғандай студент «Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінде» оқиды. Ол дипломын алғаннан кейін сырт көзге дипломның мұқабасына ұқсас, алдын ала өзі дайындаған мұқабаны көпшілік алдында әдейі бүлдіргенін айтқан.
Сонымен қатар, оқу орны берген диплом, оған қоса берілген қосымша және түпнұсқа диплом мұқабасы бүлінбеген және түлекке тиісті күйінде табысталған. Тексеру барысында түлек тек алдын ала өзі дайындаған, диплом мұқабасына сырттай ұқсас мұқабаны ғана бүлдіргені анықталды.Полиция органдары қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдайтын болады, - деді Полиция департаменті.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе өзге де құқық бұзушылық белгілеріне байланысты әрбір жағдайда жеке қаралады. Ведомство азаматтарды көпшілік орындарда қоғамдық тәртіпті сақтауға, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және қоғамда кең резонанс тудыруы мүмкін іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырды.