Хантавирус жұртты неге дүрліктірді? ДДСҰ мәлімдеме жасады

 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Нидерландтық MV Hondius круиздік лайнерінде анықталған хантавирус әлем назарын өзіне аударды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус соңғы мәлімет бойынша кемеде вирус жұқтырған 11 адам тіркелгенін мәлімдеді. Олардың тоғызына Андес вирусы ресми түрде расталса, тағы екі адам күдікті ретінде бақылауда жатыр. Қазірге дейін үш адам көз жұмған. Марқұмдардың екеуі — Нидерланд азаматы болған ерлі-зайыпты, тағы бірі — Германия тұрғыны.

Кеме Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған. Кейін Канар аралдарына жеткен кезде жолаушылар эвакуацияланып, вирус жұқтырған адамдар толық оқшауланған. ДДСҰ олардың қатаң медициналық бақылауда екенін айтып, инфекцияның әрі қарай таралу қаупі төмен екенін мәлімдеді.

news.un.org

Хантавирус деген не?

Хантавирус — сирек кездесетін, бірақ өте қауіпті инфекциялардың бірі. Ол негізінен кеміргіштер арқылы таралады. Яғни тышқан, егеуқұйрық секілді жануарлардың зәрі, сілекейі немесе нәжісі арқылы вирус қоршаған ортаға түседі. Адам вирус жұққан шаңды тыныс арқылы жұтып қойса немесе ластанған заттарға қол тигізсе, инфекция жұқтыруы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдайға себеп болған Андес вирусы — хантавирустың ең қауіпті түрлерінің бірі. Оның ерекшелігі — сирек жағдайда адамнан адамға берілуі мүмкін. Бұл қасиеті оны басқа хантавирустардан ерекшелендіреді.

Ауру қалай басталады?

Хантавирус жұқтырған адам алғашқы күндері өзін жай тұмау тигендей сезінуі мүмкін. Әдетте дене қызуы көтеріледі, бас ауырады, бұлшықеттер сырқырайды, әлсіздік пайда болады. Кей адамдарда жүрек айну мен іштің ауыруы байқалады.

Алайда бірнеше күннен кейін жағдай күрт нашарлауы мүмкін. Тыныс алу қиындап, өкпеге сұйықтық жиналады. Дәрігерлер мұндай жағдайда науқасты дереу жансақтау бөліміне жатқызатынын айтады. Аурудың ауыр түрінде өлім қаупі өте жоғары болады.

Неліктен бұл вирус жұртты қорқытып отыр?

COVID-19 пандемиясынан кейін әлемде кез келген жаңа вирусқа деген қорқыныш күшейді. Сондықтан круиздік лайнерде бірнеше адамның бірдей ауырып, үш адамның қайтыс болуы әлеуметтік желіде түрлі қауесеттің тарауына себеп болды. Әсіресе “жаңа пандемия басталуы мүмкін” деген пікірлер жиілеген. Кей жазбаларда вирус бірнеше елге тарап кеткені айтылып жатыр. Соңғы апталарда Швейцария, Израиль, Франция және АҚШ-та да хантавирусқа байланысты жағдайлар тіркелгені хабарланды.

Жаңа пандемия қаупі бар ма?

Мамандар әзірге жаңа пандемия қаупі туралы айтпайды. Себебі хантавирус COVID-19 сияқты ауа арқылы өте жылдам таралатын инфекция емес. Оның таралу жолы әлдеқайда шектеулі. Қазіргі уақытта вирус жұқтырған адамдар толық оқшауланған. Олармен байланыста болған адамдар тексеріліп жатыр. ДДСҰ халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялаған жоқ.

Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус та әлеуметтік желіде тараған “жаңа пандемия басталды” деген ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын айтты.

news.un.org

Қазақстан хантавирусқа қарсы қаншалықты дайын?

Қазақстанда хантавирусқа қатысты жағдай бақылауда. Бұл туралы Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жайдаркүл Отарбекова мәлімдеген еді. Оның айтуынша, әлемде алаңдаушылық тудырған бұл инфекция қазақстандық мамандарға бұрыннан белгілі.

Сол себепті елде оны анықтау және науқастарды оқшаулау жүйесі дайын. Қазір әуежайлар мен шекаралық бекеттерде жолаушылардың дене қызуын тексеретін тепловизорлар жұмыс істейді. Сонымен қатар инфекциялық ауруханалар мен арнайы оқшаулау орындары әзірленген. Инфекционист дәрігерлер де күшейтілген режимде жұмыс істеуге дайын.

Маманның сөзінше, күдікті жағдай тіркелсе, барлық қызмет дереу әрекет етеді. Науқастар бірден бақылауға алынып, қажет болған жағдайда оқшауланады. Денсаулық сақтау саласы өкілдері қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін айтып отыр. Алайда әлемдегі жағдайға байланысты санитарлық бақылау жалғасады.

Хантавирустан қалай сақтануға болады?

Дәрігерлер ең алдымен санитарлық тазалықты сақтауға кеңес береді. Әсіресе кеміргіштер көп жүретін орындарда абай болған жөн. Ескі ғимараттарды, қоймаларды немесе шаң басқан жерлерді тазалағанда маска мен қолғап қолдану маңызды.

Табиғат аясында демалғанда азық-түлікті ашық қалдырмау, қоқысты дұрыс жинау және жабайы жануарларға жақындамау керек. Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтық шараларының өзі вирус жұқтыру қаупін айтарлықтай азайтады.

Қазір жағдай қандай?

Қазіргі уақытта MV Hondius лайнеріндегі жағдай бақылауда екені айтылып отыр. Вирус жұқтырған адамдар ем қабылдап жатыр. Бір науқастың жағдайы ауыр екені хабарланған.

Мамандар бұл оқиға хантавирустың қауіпті инфекция екенін тағы бір рет көрсеткенін айтады. Алайда әзірге дүрбелеңге негіз жоқ. ДДСҰ мәліметінше, жағдай бақылауда және әлемдік деңгейдегі қауіп жарияланған жоқ.

 
 
 

Оқи отырыңыз