«Халықтық құрылыс» жобасы аясында 100 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған

«Халықтық құрылыс» жобасы аясында 100 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған
Фото: gov.kz

Атырауда Президент Жолдауында белгіленген міндеттер мен бастамаларды түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихаттық топ өз жұмысын бастады. Топ мүшелері өңірдегі мекемелердің еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізіп, ел дамуының басым бағыттарын талқылайды.Алғашқы кездесу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өтіп, оған 100-ден астам адам қатысты.

Жиында ҚР Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Жолдауда көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған бастамалардың маңызын түсіндірді.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңімен 40 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Білім беру бағытында мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, негізгі міндеті – сапалы білім беруге басымдық беру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар 20 өңірде 237 мың балаға арналған арнайы мектептер салу көзделген.

Кездесуде «Халықтық құрылыс» жобасына да ерекше назар аударылды. Депутаттың айтуынша, 2027 жылды Құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс елдегі демографиялық өсімге сай әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Жаңа мектептер, мәдениет және әлеуметтік нысандар салу қажеттілігі артып келеді. Бұл ретте құрылыс саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді.

Халықтық құрылыс» жобасы елдің дамуына серпін береді деп есептеймін. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Жоба аясында 100 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ол үшін заңнамалық негіздерді жетілдіріп, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмейтін қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды, – деді Арман Хайруллин.

Фото: gov.kz 
Фото: gov.kz 

Сондай-ақ бүгін Қаскелең қаласының Мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаев, «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Арман Серікұлы Жансенгіров және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров қатысты. Сонымен қатар кездесуге ауданның білім саласының өкілдері мен жастар қатысты.

Кездесу барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғам алдындағы өзекті міндеттер жөнінде пікір білдірді.

Алғашқы болып сөз алған Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаев энергетика саласын дамыту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және саланың тұрақты дамуы бағытындағы міндеттерге тоқталды.

Өз кезегінде Құрылтай депутаты Арман Серікұлы Жансенгіров әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға бағытталған бастамаларға тоқталып, білім беру жүйесін жетілдіру, инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және педагогтердің мәртебесін арттыру мәселелерін атап өтті.

Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров өз сөзінде Жолдауда белгіленген экономикалық және әлеуметтік реформалардың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандар салу, ауыл шаруашылығын қолдау, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және азаматтардың табысын арттыру бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асыруда қоғамдық бірлік, заң мен тәртіп және адал еңбектің маңызын жеткізді.

Жиында білім беру саласына қатысты міндеттер де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар тапшылығын азайту, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру және артық есептілік пен қағазбастылықты жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деп атап өтіп, педагогтердің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жою қажеттігін тапсырған болатын.

Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, тиісті мамандармен қамтамасыз ету және балалардың даму ерекшеліктерін ерте жастан анықтау жұмыстарының маңыздылығы айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы келген спикерлермен ашық пікір алмасты. Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, өзекті сұрақтарға жауап берілді.

Фото: gov.kz 
Фото: gov.kz 

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Жиынға Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин, Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Кездесу барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттарына тоқталып, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңызын түсіндірді.

Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова білім мен ғылымды дамыту, білім сапасын арттыру және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағыттары талқыланды.

Еліміздің технологиялық дамуы білікті ғалымдар мен сапалы ғылыми зерттеулерге тікелей байланысты. Сондықтан жас мамандарды ғылымда ұстап қалу, ғылыми ұжымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру маңызды. Осыған байланысты іргелі ғылымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарының мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл ұзақ мерзімді зерттеулерді жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар гранттық конкурстардың өткізілу мерзімін нақты бекітіп, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Ғылымның дамуы мемлекет, уәкілетті органдар, университеттер мен ғылыми қауымдастықтың ортақ жауапкершілігіне байланысты. Біздің мақсатымыз — ғалымдарға тұрақты жағдай жасап, отандық ғылымның әлеуетін елдің технологиялық және экономикалық дамуына бағыттау, — деді Лаура Қарабасова.

Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан энергетика саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Ол энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа қуат көздерін дамыту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту мәселелерін қозғады.

Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы жаңғырту, білім сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту міндеттері белгіленді. Әсіресе, энергетика саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін білікті инженерлер мен заманауи технологияларды меңгерген мамандар қажет, — деді ол.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин жастарға сапалы білім алудың маңызын атап өтіп, ел дамуына үлес қосу үшін білімді әрі белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, осы бағыттардағы жастар бастамаларының маңызын атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асырудағы білімді, бастамашыл және белсенді жастардың рөлі жөнінде пікір алмасты.

Фото: gov.kz 
Фото: gov.kz 

Сонымен қатар Іле ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиында ел дамуының стратегиялық бағыттары, экономикалық өсім, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері сөз болды.

3 қараша күні Өтеген батыр ауылында ұйымдастырылған кездесуге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов модераторлық етіп, Президент Жолдауында айқындалған міндеттердің елдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудағы маңыздылығына тоқталды.

Аудан басшысы Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органдардың күнделікті жұмысымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Әсіресе, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу барысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жолдауда көтерілген негізгі бағыттарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар адами капиталды дамыту, білім беру сапасын жақсарту, жастарға қолдау көрсету және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті нығайту бағытындағы міндеттерге ерекше мән берілді.

Жиында Президент бастамаларын жүзеге асыруда өңірлердің рөлі маңызды екені айтылды. Бұл ретте Іле ауданында өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы атап өтілді.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Қатысушылар Жолдауда қамтылған бастамаларға қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көтерілген сауалдарға жауап беріп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жөнінде түсініктеме берді.

Жиын қорытындысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді тиімді жүзеге асыру мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысына негізделетіні атап өтілді.

Оқи отырыңыз