Жаңалықтар

Халықтың тыныштығы мен амандығынан артық марапат жоқ – Нұрхат Сәлімгереев

Халықтың тыныштығы мен амандығынан артық марапат жоқ – Нұрхат Сәлімгереев
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 23.06.2024 13:00 518

Бүгін – Қазақстан полициясы күні. Қиын-қыстау сәтте халықтың тыныштығы үшін еңбек ететін жандардың бірі – полиция қызметкерлері. Елімізде болған су тасқыны кезінде де тәртіп сақшылары азаматтарымыздың амандығы үшін көмекке асықты. Табиғи апатты елмен бірге енсеріп, өз қызметін адал атқарған полиция қызметкері – Нұрхат Сәлімгереев.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Нұрхат Сәлімгереевпен тілдесіп, төтенше жағдай кезінде мамандардың қалай жұмыс істегенін сұрады.  

Нұрхат Сәлімгереев – Ақтөбе қаласы Ішкі істер басқармасының №3 қалалық учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант. Қызмет жолын 2020 жылы осы қаладағы полиция басқармасының патрулдік полиция батальонының қызмет инспекторы ретінде бастаған.

«Тасқын кезінде күшейтілген тәртіпте жұмыс істедік»

Ол елімізде су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдайдың алғышқы күнінен бастап күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді.

Тасқынның алғашқы күндері есімде. 28 наурыз күні таңғы сағат 6-да төтенше жағдайға байланысты шүғыл түрде бөлімге жиналдық. Басшылықтың нұсқаулығымен  барлық учаскелік полиция инспекторларын әкімшілік аумақтарға жіберді. Аумақтардағы судың деңгейін анықтауға, үйі суға кеткен тұрғындардың бар-жоғын тексердік. Ақтөбе қаласы Алматы ауданындағы «Крылое озеро» бау-бақша ұжымы суға кеткен үйлерден азаматтарды қайықпен шығарып, эвакуация жұмыстарын жүргіздік. Құтқару жұмыстары кезінде біз үшін қиындық туғызғаны – бір ғана қайықты пайдалану болды. Қайық жетпеген жерлерде тұрғындарды арқалап шығардық, - деді ол.

Кейіпкеріміз эвакуция жұмыстары кезінде үйлерін тастап кетуден бастартқан тұрғындардың да аз болмағанын жеткізді. Сөзінше, азаматтар эвакуция кезінде үйлерді тнап кетуі мүмкін деп қорыққан.

Тұрғындарға тасқынға байланысты ескерту жасағанымызда бір азаматша үйін босатудан бастартып, «ұрылар техника-бұйымдарды ұрлап кетеді» деп айтты.  Бірақ біз ол әйелге барынша түсіндіріп, үйін күзететінімізді айттық. эвакуация жұмыстары толық екі күнге созылды. Бізге эвакуация пунктінің азаматтары мен еріктілер келіп көмектесті, - дейді Нұрхат Сәлімгереев.

Ауданда 2000-2300 шамасында адам тұрады. Жазғы уақытта уақытша көшіп келетіндердің қатары көбейіп, тұрғындардың саны екі есеге артады. Мамандар күні-түні тұрғындарды қайықпен, камазбен құтқару  жұмыстарын жүргізген.

«Тасқыннан кейін де тұрғындармен бірге болдық»

Қызыл судың беті қайтқан күннің өзінде кейіпкеріміз Нұрхат Сәлімгереев бастаған патрульдік топ жұмыстарын тоқтатпаған. Үйлеріне қайта оралған тұрғындардың жағдайларымен танысып, апатты үйлерді анықтауға көмектескен. Ұрлық деректерінің болған-болмағанын тексерген. Медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды ауруханаларға жеткізуге атсалысқан. Осылайша, ел басына күн туғанда қиындықты жұртшылықпен бірге енсерген.

Сөзінше, қайырымдылықпен айналысқандардың да қатары аз болмады. Уақытша эвакуациялық пунктерге тұрақтаған азаматтар дәрі-дәрмекпен, гигиеналық заттармен, жылы киім-кешекпен, ыстық тамақ және сумен қамтылды. Еріктілер «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, гуманитарлық көмекті жинауға, жеткізуге көмектесті.  

Еліміздің түкпір-түкпірінен қайырымдылық көмектер көрсетілді. Еріктілер қоғамы қарап қалмай, күндіз-түні еңбек етті. Әрине, ол сәтте адам өмірі бірінші кезекте тұрғандықтан, біздің құзыретімізге кірмейді деген сөз болған жоқ. Азаматтар үшін қолымыздан келгеннін барлығын істедік деуге болады. Тұрғындардың үй-жайы қараусыз қалған уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еттік, - дейді маман.

Өңірдегі төтенше жағдай 21 сәуірге дейін жалғасты. Су қайтқаннан кейін жергілікті атқарушы органдар арнайы комиссия құрып, тұрғындарға келтірілген шығын көлемін есептеді. Бүгінде жапа шеккен азаматтарға баспана берілуде.

«Ерлігі үшін» марапатына ұсынылды

Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлері күніне орай Нұрхат Сәлімгереевті су тасқыны кезінде аянбай еңбен етіп, тұрғындарды құтқару жұмысына атсалысқаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Сәлімгереев алғашында бұл марапатқа іліккендердің қатарында бар екенін де білмегенін және бұл ол үшін күтпеген марапат екенін айтты.

Бұл туралы өзім жақында ғана естідім. Бастысы халықтың амандығы, тыныштығы үшін қызмет атқарып жатырмыз. Одан артық марапат болмас, - деді ол.

Сонымен қатар кейіпкеріміз полиция саласына енді қадам басқан жас мамандарға, түлектерге жүрек жарды тілегін білдірді.

Барша ішкі істер саласындағы қызметкерлерді мерекесімен құттықтаймын. Ең бастысы қызметіне деген адалдық, махаббат пен әділдік болу керек, - деді Нұрхат Сәлімгереев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға