Жаңалықтар

Халықтың аманатын арқалау үлкен жауапкершілік – Бибігүл Жексенбай

ҚР Парламент Сенатының жаңадан сайланған депутаты пікір білдірді
Халықтың аманатын арқалау үлкен жауапкершілік – Бибігүл Жексенбай
Фото: gov.kz 25.01.2023 13:11 1437

Астана қаласынан Парламент Сенатының депутаттығына сайланған Бибігүл Жексенбай журналистерге берген сұхбатында халықтың аманатын арқалау үлкен жауапкершілік екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Бұл қадамға мен саналы түрде бардым. Өздеріңіз сияқты, микрофон құшақтап елдің әлеуметтік жағдайын біліп жүрген адам болғасын, маған таңсық емес. Олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп жүрдік. Кейбір мәселелердің шешілгені және шешілмегені бар. Заң шығарушы орган тарапынан қандайда бір мәселені бақылауға алу қажет болса, сол бағытта жұмыс істейтін боламын», – деді ол.

Сондай-ақ, депутат мінберде журналистердің құқығының қорғалуына қатысты сұраққа жауап берді.

«Журналистер туралы сұрақтар әлі де көп. Бұл тек журналистердің құқығына ғана байланысты емес, кәсіби деңгейін көтеруге де қатысты. Осыған қатысты талқыға түсіп жатқан заң жобасына көптеген ұсыныстар енгізіліп жатыр. Парламенттің мақұлдауына өткен уақытта, өз ой-пікір мен көзқарасымды толыққанды жеткізетін боламын», – деп тілге тиек етті.

Бұдан өзге, Сенат жұмысында үлкен өзгерістер болып жатқанын, оның ішінде жаңа саяси реформаларға Мемлекет басшысының бастамасы аясында Сенат өңірлермен жұмысты күшейтетіндігін атап өтті.

«Яғни, өңірдің мәселесі бұрынғыдай назардан тыс қалмайды. Керісінше, көбірек көңіл бөлінеді. Мәслихаттардың да рөлі мен пәрмені күшейді. Олардың тарапынан болатын оң өзгеріс әкелетін жаңа заң жобалары мен ұсыныс-пікірлерін көтеру біздің жоспарда бар. Мәслихат депуттарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді жаңадан сайланған Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға