Жаңалықтар

Халықтың алаңдап шыққан ащы дауысын естіп жатқан ешкім жоқ па? - Ринат Зайытов

Халықтың алаңдап шыққан ащы дауысын естіп жатқан ешкім жоқ па? - Ринат Зайытов
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.05.2023 11:15 7899

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын фабрикасының экологияға тигізіп жатқан зиянын айтып, сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Менің сізге жолдап отырған депутаттық сауалым ұрпақтың үлесін сақтауға қағылған дабыл деп қабылдауыңызды сұраймын! Өзіңіз білетіндей еліміздегі көлдер мен өзендердегі су деңгейі соңғы жылдарда күрт төмендеп жатыр. Ал осылардың себебін анықтап, алдын-алу әрекеттерін жасап жатқан жауапты органдарды өз басым әлі көрген емеспін. Сөзіме дәлел болатын көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар министрлігінде толықтай бар. Ал енді, осы мәселе бойынша жергілікті халықтың алаңдап шыққан ащы дауысын естіп жатқан ешкім жоқ па?, - деді Ринат Зайытов. 

Ол Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талаптарды өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығын неге естімейміз деп күйінді.

Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейінің 2018 жылмен 2022 жылдар аралығындағы жоғарғы көрсеткіші Балтық жүйесі бойынша 558 см-ден 162-смге төмендеуіне не себеп. Бұған да жауап бере алатындарыңызға күмәнім бар. Өйткені, Аягөз ауданында эколог маманы да жоқ,  -деді депутат.

Ол вице-премьер екі мәселені шешуді сұрады:

  1. Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды;
  2. Аталған Комиссияның жұмысына барынша көмек көрсетуді қарастыруыңызды сұраймын.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын жыры әлі басылмай тұр. Екінші жыл қатарынан жергілікті тұрғындар ауыл аумағына алтын қазатын фабрика салынбасын деп, талап қойып келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға