Жаңалықтар

Халықаралық журналист-шаңғышылар Шымбұлақта бас қосты

Халықаралық журналист-шаңғышылар Шымбұлақта бас қосты
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 05.03.2024 09:43 536

Шымбұлақ Kazakh Tourism компаниясымен бірлесіп 150 халықаралық журналисті қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында SCIJ (The Ski Club of International Journalists) Халықаралық журналист-шаңғышылар клубының 69-шы отырысы ашылды.

Биыл Қазақстан ұйымдастырушы ел ретінде әлемнің 30-ға жуық елінен келген 150 журналистті қабылдады. Жиынды Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев ашты.

Сіздерді ерекше іс-шара – Халықаралық журналист-шаңғышылар клубында көргеніме қуаныштымыз. Бұл тамаша іс-шара түрлі елдің мамандарын басын қосып қана қоймай, еліміздің бірегей сұлулығымен танысуға мүмкіндік береді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабылдай отырып, Қазақстан өзін перспективті тау-шаңғы бағыты ретінде көрсетуге мүмкіндігі бар, - деді Серік Жараспаев.

3-10 наурыз күндері қатысушылар үшін тау және шаңғы бойынша жаттығулар мен жарыстар, кәсіби тақырыптардағы пікірталас, пайдалы кездесулер және Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық тағамдарымен танысу өтеді. SCIJ кезекті кездесуінің бас серіктесі – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының 70 жылдығы аясында өтуде.
 
SCIJ халықаралық шаңғышы-журналистер клубы өз жұмысын 70 жылға жуық атқарып келеді. Клуб құрамында әлемнің 31 елінен 3 мыңнан астам өкілі бар. Сол уақыттан бері жыл сайын әлемдегі ең үздік тау-шаңғы курорттарында клуб мүшелерінің дәстүрлі кездесулері өткізіліп келеді. Журналист-шаңғышыларды бүгінге дейін 74 ел қабылдаған.
 
Қазақстанның SCIJ-дегі тарихы 2012 жылдан бастау алады. Сол жылы еліміз алғаш рет Түркиядағы клубтың жыл сайынғы отырысына қонақ ретінде қатысқан болатын. Ал 2013 жылдан бастап үш адамнан тұратын қазақстандық команда Италияда өткен жиында SCIJ-ке ресми түрде қабылданды. SCIJ Kazakhstan клубы құрылғаннан бері 10 жыл ішінде қатысушылар саны 48 адамға дейін өсті.
 
Қазақстандық клубтың негізгі мақсаты – белсенді өмір салтын насихаттау, журналистерді және олар арқылы халықты қысқы спорт түрлеріне тарту, халықаралық аренада Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау, сондай-ақ қатысушы-журналистердің бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің жетістіктері туралы ақпарат беру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға