Жаңалықтар

Халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау қажет – Олжас Бектенов

Халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау қажет – Олжас Бектенов
Фото: t.me/KZgovernment 19.03.2024 10:47 627

Соңғы жылдары тұрғындар саны 50 адамға жетпейтін ауылдар таратылған. Енді адамдар ірі елді мекендерге көшіп жатыр. Бұл ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау керегін тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бүгінгі таңда елімізде 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұратынын атап өтті.

Қазір елімізде 10 мыңнан астам тұрғыны бар 112 ауыл бар. Соның ішінде 18 елді мекенде 30 мыңнан астам халық тұрады. Оның мәртебесін өзгерту үшін заңнамада арнайы тетіктер бар. Егер жыл сайын халық саны үш жыл бойы 10 мыңнан асып отыратын болса, онда мәслихаттар облыстық деңгейге шығып, бұл ауылдардың мәртебесін өзгертуге құқығы бар. Яғни олар қалаға айналдыра алады. Бұл заң 2021 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Қазіргі таңда облыс әкімдіктері осындай мәслихаттардың өтінімдерін қарастыруда. Бірақ әлі нақты шешімдер қабылданған жоқ. Жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді министр.

Премьер-министр: «Бұл міндет емес, тұрғындардың құқығы ғой, иә?» деп сұрады.

Халық саны үш жыл бойы 10 мыңнан асып отырса, ауылды қалаға айналдыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте тиісті облыс әкімдіктері шешім қабылдайды, – деді Байбазаров.

Ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту мақсатында министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп мына шараларды іске асырмақ:

- «Ауыл – ел бесігі» және ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту;

- шекара маңындағы аумақтарға басым түрде қаражат бөлу;

- тірек және спутниктік ауылдар тізіміне енбеген ауылдарды одан әрі қолдау мақсатында әкімдіктермен жаңа тәсілдер қарастыру;

- ауылдың цифрлық картасын әзірлеу;

- жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту шеңберінде мәслихаттардың, ауыл әкімдерінің және олардың аппараттарының өкілеттіктерін кеңейту;

- ауыл әкімдеріне арнайы техника сатып алу құқығын беру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға