Жаңалықтар

«Халық саны артқанымен, емхана азайып барады». Депутат түркістандықтардың жанайқайын жеткізді

«Халық саны артқанымен, емхана азайып барады». Депутат түркістандықтардың жанайқайын жеткізді
Фото: gov.kz 13.03.2024 15:48 439

Түркістан облысындағы ауруханалар мен емханалардың көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Тіпті кей өңірлерге жаңасын салу қажет. Осылай деп мәселе көтерген мәжілісмен Ұласбек Сәдібеков денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзіне қарағанда, өңірде орналасқан әлеуметтік нысандардың басым бөлігі 1950-60 жылдары бой көтерген. Олардың арасында ағаштан тұрғызылғандары да бар, тиісінше сылағы мен сыры кетіп, қабырғалары құлаудың алдында тұр. Одан қалды көпшілігі кеңес заманына бері келе жатқан материалдық техникалық базаны қолдануға мәжбүр.

Мәселен, табиғаты қатал - қысы суық, жазы ыстық Созақ ауданындағы орталық аурухананың жылу жүйесі жаңартуды қажет етеді. Аурухана бөлмелері суық болуына байланысты науқастар электр пештерін қосуға мәжбүр. Оның өзі ауруханадағы электр кабелдерінің ескіруінен тоқты көп пайдаланғанды көтермейді, электр жүйесі мүлдем тозған.

Орталық емхананың да жағдайы осыған ұқсас. Бірнеше жыл бұрын ғимараттың шатыры жаңартылып, қабырғалары қапталған. Ал ішкі есіктері, жылу жүйесі, едені ескі күйінде қалып қойды, - деді Ұласбек Сәдібеков.

Сонымен қатар 60 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда морг та жоқ екен. Сондықтан қайтыс болған тұрғындарға патологиялық, анатомиялық зерттеулер жүргізу үшін облыс орталығына алып баруға мәжбүр.

Аудандағы елді мекендердің арасы шалғай орналасқандықтан, шұғыл дәрігерлік көмек керек науқастарды орталыққа жеткізу өте қиын. Аудан орталығынан есептегенде жақын елді мекен 25 шақырымда, ал ең алысы (Тайқоңыр поселкесі) 360 шақырым жерде орналасқан. Ауылдық округтерде және елді мекендердің кейбірінде дәрігерлік амбулатория мен аурухана, емхана мүлдем жоқ. Сол себепті, балтыры сыздап, басы ауырған әрбір тұрғын 300-ден астам шақырым жол жүріп, аудан орталығына келуі қажет, - дейді ол.

Бәйдібек ауданында да жағдай дәл осылай. Мыңбұлақ ауыл округіндегі 4 мың адамға қызмет көрсететін Бөген дәрігерлік амбулаториясы 1957 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен ғимарат медициналық санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін болып шықты. Бұл ғана емес, аудандық орталық ауруханаға қарасты 12 дәрігерлік амбулаторияның барлық санитарлық автокөліктерінің де тозығы жеткен.

Депутат Түлкібас ауданының мәселесіне де тоқталды. Себебі халық саны өссе де, оларды қабылдайдын емхана саны азайып барады.

Аудандағы Састөбе кентіндегі дәрігерлер ыңғайластырылған екі қабатты ғимаратта отыр. Нысан күрделі жөндеуге жатады. Терапиялық бейіндегі 14 төсекке арналған аурухана Састөбе кенті және Келтемашат, Арыс, Машат, Балықты округіне қарасты 32 мың халыққа қызмет көрсетеді. Бір таңқаларлығы, ауылда халық саны өскенімен, ауруханадағы орын саны жылдан-жылға қысқарып келеді. Мәселен, 2018 жылы мұнда 28 орын болған. Ал 2023 жылы төсек орын саны екі есеге (14) қысқарып кеткен, - деді мәжілісмен.

Өкінішке қарай, 20 мыңға жуық халық тұратын ауылдарда емхананың жоқтығы әлі күнге дейін өзекті. Осы орайда депутат министрден облыста жаңа ауруханалар мен емханалар салып, ескірген материалдық техникалық базаларды жаңартуды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға