Жаңалықтар

Халық осы саяси күні жауапкершілік танытуы керек

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенмен сұқбат
Халық осы саяси күні жауапкершілік танытуы керек
Фото: El.kz 20.11.2022 13:18 1748

Бүгінгі күн саяси өзгерістерге бастайтын ерекше айтулы күн. Таңнан бері  ел халқы өз таңдауын жасауда. Өйткені, ел тағдырын өз қолыңмен шешуге араласудың жауапкершілігі жоғары. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының маңыздылығы мен мазмұны жайлы білмек оймен  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенді әңгімеге тарттық.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, бұл сайлаудың бұған дейін де өткен сайлаудан ерекшелігі қандай?

– Шын мәнінде, бүгін айтулы күн. Бұл күнді ел өміріндегі, мемлекеттің келешек тыныс-тіршілігі үшін саяси мәні жоғары оқиға деп санаймын. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы саяси еркіндігі бар азаматтардың дұрыс таңдауына сәтті күн деп білу керек.  Экономикалық, әлеуметтік және рухни тұрғыдан да тереңірек ойлансақ, бұл сайлауда көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың бәрі дауыс береді деген сенімдемін. Өйткені, өзі тұрып жатқан елдің ертеңі маңызды болғаны абзал. Президенттікке үміткерлердің есімдерін жұртшылық біледі. Олардың сайлау алды бағдарламалары да белгілі.  Әр кезеңнің, әр қоғамның алдында тұрған міндеттер болады. Ол міндеттер ел бірлігі. Ендеше сол міндеттер жүзеге ассын десек, ешкім дауыс беруден қалыс қалмаса деймін. Біз осы тәуелсіздік жылында  небір тарихи кезеңнен өттік. Алған асулар аз емес. Бірақ, әлі де биік шыңдар бар. Соған жетуіміз керек. Ал, оған жету үшін бірлік керек. Ертеңге деген көзқарасымыз дұрыс болғаны абзал. Кешегі қаңтар оқиғасы да көптің есінде. Заң үстемдігі деген мәселе бар. Егер ол жұмыс істесе, Қазақстанның болашағы әлі алда деп сенемін. Абай айтады ғой: Адамдықтың ең үлкен өлшемі әділдік.  Әділдік болған жерде қиянат болмайды. Қазіргі керек басты құндылық әр қайсымыздың бойымыздағы мемлекеттшілдік қасиетімізді оятуымыз керек.  Мемлекеттің халық алдындағы міндеті бар.  Сол міндеттің орындалу үшін Қазақстанның әр азаматы бір мүдделі болуы керек. Жауапкершілік мықты болса асулар да бағынады. Мемлекеттің халық алдындағы, ал халықтың мемлекет алдындағы жауапкершігі үндескен жағдайда ғана дамимыз. Басымыз қосылмай, әрқайсымыз әр жаққа тартсақ мемлекет дамуында береке болмайды. Соны ұмытпайық.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, жауапкершілік деп жатырсыз. Сол жауапкершіліктің сұрауы бола ма?

– Міндетті түрде сұрауы болады. Халықтың арында, тарихтың алдында, жеке ар-ожданның алдында жауапкершілік сұрауы болады. Сол сұрауға жауап беру үшін бүгінгі саяси оқиғаға өзіміздің үнімізді қосқанымыз дұрыс қой. Президентті 7 жылға сайлаймыз. Демек, біз 7 жыл өзіміздің дұрыс таңдауымыздың  нәтижесін көруіміз керек. Жалпы бүгінгі күн біз үшін жаңа Қазақстан құрудың тарихи мүмкіндігі емес пе. Биылғы маусым айының 5 күні өткен жалпыхалықтық референдумды бәріміз бірдей қолдадық қой. Бұл сайлауға да сондай ауызбіршілік керек.  Менің бүгінгі дауысым, елдің болағашына деген сенім, кемелді келешекке деген үмітім деген ұғымда болайық.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, дамыған мықты мемлекеттердің өзіндік ұстанымы бар. Ал біз үшін қандай ұстаным тиімді?

– Мемлекеттің мықты болуы үшін бернеше шарттар бар. Ең бастысы халықтың жағдайы. Жағдайы жақсы халық ұлы істерге бара алады. Билікке деген сенімі де болады. Ал, сенім бар жерде ұлы мақсаттар тұрады. Және сол мақсатқа жетеді де. Ондай мемлекетте демографиялық құндылықтар сақталады. Заң үстемдік етеді. Біз де ол мақсатқа жетеміз. Тек қазір халықтың белсенділігі кемшін түсіп жатыр. Мына заман оянуды талап етіп отыр. Саяси тұрақтылық пен бірлік бар мемлекеттік мерекелі күндер көп болады. Соны ұмытпайық.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, жаңа өзіңіз айттыңыз, елдің дамуы үшін қоғамның белсенділігі қажет деп. Сіздер халықпен жиі жүздесесіздер. Бүгінгі сайлауда халық сол саяси белсенділікті танытып жатыр деп ойлайсыз ба?

– Заң талаптарына сәйкес сайлаушылармен кездестім. Үгіт-насихат жұмыстарының сенімді өкілдерінің бірі ретінде қатыстық. Сонда бір байқағыным, осы жылы қысқа мерзімде атқарылған жұмыстарға жақсы бағасын беріп отыр. Елдің баянды болашағына сенеді. Тек әділдік болсын дегенді алға тартады. Бұл өте орынды. Өйткені, халық ақиқат, шындық деген ұғымдарға бас иеді. Мен халықтың осы саяси күні өзінің тарихи таңдауын жасайтынына сенімдімін.

– Мейрамбек Мылтықбайұлы, уақыт бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге рақмет.  Ал, оқырманға айтарымыз, дауыс беру ол сіздің жауапкершілігіңіз. Біздің мемлекетіміз біреу ғана, ал оның ертеңі біздерді толғандырса керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға