Жаңалықтар

Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда, 775 миллион доллар бөлу ақылға сыя ма? - Нартай Аралбайұлы

Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда, 775 миллион доллар бөлу ақылға сыя ма? - Нартай Аралбайұлы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 08.11.2023 12:52 1162

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы спортқа бөлінген қаражат жемқорлардың қалтасына кетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда, спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сыя ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ деп отыр.

Мәжілісмен депутаттық сауалында спортқа бөлінген қаражатты дұрыс игерудің жолдарын ұсынды.

Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәзбіреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді маған.
Біріншіден, министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін пара және сурдлимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самұрық-Қазынадан» 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келгенде, ол ақша «Самрұқ-Қазынаның» емес, халықтың ақшасы дегенді алға тартты ол.

Үшіншіден, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, спорттық клубтар оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін. Төртіншіден, жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ, - деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек екенін атап өтті. Өйткені құзырлы ведомство аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға