Жаңалықтар

Халық азық-түлікті несиемен алуды жиілеткен

Биыл маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы 21,1 пайызға қымбаттады
Халық азық-түлікті несиемен алуды жиілеткен
Фото: El.kz 02.12.2022 18:23 2022

Бағаның күрт аспандап кеткені соншалық, тұрғындар күнделікті тұтынатын тауардың өзін несиеге алуда. Биыл маңызы бар азық-түлік тауардың бағасы 21,1 пайызға қымбаттаған. Бұл ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы 29 қарашадағы көрсеткіші, 2021 жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға жоғары.

Ал өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына баға 0,3%, ай басынан бері – 0,9%, жыл басынан бері – 21,6% өсті.

Үкіметтің бұл саясатымен баға тұрақтамайды

Бұған жауаптылар тауардың тең жартысы сырттан келетіндіктен, оған тежеу қоя алмаймыз деп отыр. Сонда мұның шешімі жоқ па? Бұл сұраққа Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев жауап берді.

Мәжілісмен бағананың шарықтауына байланысты Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге азық-түлік өнімін реттеу бойынша депутаттық сауал жолдады.

 «Халық көтеретін мәселенің маңыздылығы бойынша азық-түлік өнімі бағасының өсуі бірінші орында тұр, халық бұл мәселенің шешілетініне тіпті сенбейді. Мәжіліс депутаттары бірнеше рет депутаттық сауал арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасын реттеу мәселесін көтерді. Біздің соңғы сұрауымызға Сауда және интеграция министрінің басшылары реттеудің жаңа тетігі әзірленіп жатқаны, тауар өндірушілердің (көкөніс өсірушілер, қант өндірушілер және тағы басқа) түрлі қауымдастықпен кездесу өткізіліп жатқаны туралы жауап берді. Бірақ әлі күнге дейін баға қалай реттелетіні туралы механизм ұсынылмады, сонда механизмі қандай?

Екінші маңызды мәселе – ол тасымалдау. Қазіргі уақытта өте үлкен проблема, астық үшін де, басқа да өнімдер үшін де вагондар жоқ. Үкімет кем дегенде бір айға жеңілдік шарттарымен вагондар беру мәселесін шешу керек. Бұл тек әлеуметтік маңызы бар тағамдарға қатысты. Сонда Үкімет аяғын шалыс басудан шаршамайды ма? Егер мәселені қалай шешуді білмесеңіздер, онда өңірлерге кедергі жасамаңыздар. Ертең өңірлер кінәлі деп жаба салмаңыздар», – делінген.

Алайда халық қалаулысының бұл сұрағына мардымсыз жауап келді.

«Баға тұрақтамайтынына көзіміз жетіп отыр. Бұлар менің ұсынысымды қабылдамады. Олар біз бағаны сауда жүйесінде шектейміз. Бұрын қосымша құны 15 пайыз болса, енді 10 пайызға дейін шектемек. Мұнымен мәселе шешілмейді. Мен сауда комитетінің жанынан аналитикалық маркетинг орталығын ашу қажеттігі туралы ұсыныс тастадым. Сол арқылы шетелдегі бағаны салыстыра отырып, жарты және бір жылдыққа болжам жасау. Шетелден 60 пайызға жуық тауар импортпен келеді. Осыны зерттей келе, қай елде қандай тауар арзан екенін біліп, кәсіпкерге айту керек. Кедендік салықты төмендету арқылы оны алуға жұмыс жасау қажет», – дейді мәжілісмен.

Халық азық-түлікті несиемен алуды жиілеткен

Халық қалаулысы тасымалдау да үлкен мәселе болып отырғанын тілге тиек етті. Қазір тіпті бидай, ұнды тасымалдауға вагон жоқ көрінеді.

«Теміржолмен келісіп, маусымдық бір ай немесе екі аптаға болсын жеңілдік сұрап, өңірге келетін шетелдік тауарды төмен бағада тасып алу керек. Бұл жерде мәселе көп. Оны шешіп жатқан адам жоқ. Сауалға қайтарған жауапта темір жолмен шеше алмаймыз, бұл дұрыс емес. Жүк тасымалымен Қазақстан теміржолы пайда көріп отыр. Бағасын төмендете алмайды деп жауап қайтарыпты. Азық-түлік бағасын сауда жүйесінің бағасын шектеу арқылы бақылап отырамыз дейді. Мұнымен мәселе шешілмейді. Үкіметтің бұл саясатымен баға тұрақтамайды», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты.

Экономист Айбар Олжаев бағаны өсірмеу системасының жұмыс істемейтінін уақыт көрсетті дейді.

«Қымбатшылықты мемлекет қадағалып, бақылап, қолмен ұстап, күштеп бағаны өсірмеу жүйесінің жұмыс істемейтінін уақыт көрсетті. Жеке секторға шектеу қойылмайды. Бүгіннің өзінде бағаны қарап отырмыз дегені шындыққа жанаспайды. Оны ашық мойындау қажет. Ал үкіметтің азық-түлік бағасын бақылаудан бас тартпақ дегені дұрыс қадам. Нарық өзі бәрін реттеуі тиіс. Сонда ғана тепе-теңдік сақталады. Тауар қымбаттаса, қарапайым халық оны тұтынудан бас тартқан жағдайда, тауар бағасы да реттеледі», – дейді сарапшы.

Қалтаға салмақ салуда

Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар дүкенді аралып, бағаны өз көзімізбен көріп қайттық. Баға шарықтап кеткен. Әсіресе, қант 73 пайызға, макарон өнімдері 33%, күріш 30%, сүт өнімі 28%, бидай мен қарақұмық 26% пайызға өсті.

Халық азық-түлікті несиемен алуды жиілеткен

Мәселен супермаркетте күнбағыс майының 5 литрі – 6570 теңге, қарақұмық – 520, қант – 470-тен сатылса, базарда да баға құбылмалы. Жоғары сұрыпты 25 кг ұн – 8784 теңге, павлодардан жеткізілетін сәбіз бен картоп 170-180 теңге, пастерленген сүт – 355 теңгетен саудалануда.

Сатушылардың айтуынша өнім қымбат, баға құбылмалы және тұрақты емес. Өспесе, төмендеуі екіталай дейді.

Айғаным Мұқашева, ет сатушы:

«Етке деген халықтың сұранысы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Себебі ет те қымбаттап кетті. Сұраныс жоқ. Оның салдары біз сияқты сатушыға кері әсерін тигізуде. Тұрғындар етті мөлшерлеп алады, көп алуға қалтасы жұқа. Қазір 1 кг сиыр етін – 2650 теңгемен сатудамыз. Қазір еттің бағасы сәл түсіп отыр. Оның алдында 2750-ден саудаладық. Ал бір жыл бұрын бағасы 2200 теңге болды», – дейді қала тұрғыны.

Зейнеткер Алтын Төлешқызының зейнетақысы бір айға жетпейді. Азық-түлікпен қоса, күнделікті қолданатын тұрмыстық заттың өзі қымбаттап кеткен.

«Өзім зейнеткермін, алатын ақшам осы ішім-жемнен аспайды. Күнде нан алуға келемін. Соның өзінде бүгін үш алма, бір батон, сүт алғанның өзінде 4 мыңнан асып кетті. Жалақы да аз. Бағаның тоқтар жері жоқ сияқты. Жеңілдік жасағанның өзінде қалтаны қағуда. Күнделікті пайдаланатын тұрмыстық химиялық заттың өзі аспандап тұр. Оны алуға кеше де бүгін де келдім ала алмадым. Ал көпқабатты үйдің астындағы жеке меншік дүкенде тіптен баға қымбат», – деп жан-айқайын жеткізді қала тұрғыны.

Халық азық-түлікті несиемен алуды жиілеткен

Келесі кейіпкер біз дамығанның орнына кері кетіп барамыз деген пікірде. Қала тұрғыны Нұргүл Құсман жалақысының 2 жүз мыңы тамаққа кететінін тілге тиек етті.

«Жалақы әлі өскен жоқ. Есесіне тамақ қымбат. Бұл сұмдық қой. Біз сияқты қарапайым халық бұдан былай қалай күн көрмек? Жолдасымның айлығы балалардың үйірмесінен, киімінен аспайды. Қосымша табыс тапқанның өзінде бензинге, одан бөлек ақылы тұраққа кетеді. Бір күн төлемесең, 4995 теңге айппұлды мойныңа іледі. Неге біз өз жерімізде жүрсек те, халыққа салмақ салатын осындай дүниелер көп? Мұның бәрі реттеліп, бір жүйеге келуі тиіс деп есептеймін», – деді қала тұрғыны.

P.S. Тауарлар мен қызмет түрінің бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Қымбатшылықтан қажыған тұрғындар мұның бір шешімі болатынына сенбейді. Шетелден жеткізілетін тауардың құны қымбат болғасын сатушылар бағаны еріксіз көтеруге мәжбүр. Ал отандық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз. Бұдан былай Үкімет азық-түлік бағасын бақылаудан бас тартпақ. Жаңа жылдан бастап тамақ өніміне шекті баға қойылмауы мүмкін. Бәлкім бұл жүйе бір өзгеріс әкелетін шығар. Әліптің артын бағайық!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға