Жаңалықтар

«Халық арасында дүрбелең туғызуы мүмкін»: депутат шымкенттіктердің мұң-мұқтажын жеткізді

«Халық арасында дүрбелең туғызуы мүмкін»: депутат шымкенттіктердің мұң-мұқтажын жеткізді
Фото: facebook.com/Amanatshymkent 18.10.2023 17:49 757

Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метр қашықтықтағы жерде заңсыз орналасқан тұрғын үйлер және басқа да ғимараттар бар. Ал бүгінгі таңда республика бойынша әуежай маңындағы аумақ шегінде белгіленген шектеулерді сақтау мақсатында осындай жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша, Шымкент қаласының әуежайы бойынша осындай қызыл сызық аумағында барлығы 284 (139,0 га) жер учаскесі орналасқан.

Онда басқа объектілермен қатар, халық тұратын 179 жеке меншік тұрғын үй орналасқан. Олардың ішінде 128 үйдің құжаты бар, ал қалған 51 үйдің заңдастырылмағаны, жер учаскесін иелену туралы мемлекеттік актісі жоқ екені анықталған.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабековтің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метрлік аумақта орналасқан тұрғындарға олардың жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару туралы хабарлама тарату жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі мұнда үйлерін заңдастырмаған адамдар бар екен.

Жер учаскелерінің алынатындығы тұрғындар арасында үлкен қобалжу мен алаңдушылық туғызып отыр. Әсіресе 15-20 жылдан бері осы жерде тұрып жатқан, алайда үйлері заңдастырылмаған 51 отбасы баспанасынан айырылып қана қалмай, сонымен қатар олар мемлекет тарапынан нарықтық бағамен берілетін өтемақыны да алуға құқықтары болмайды. Бұл жағдай Шымкентте халық арасында дүрбелең туғызуы ықтимал фактор, - дейді депутат.

Осы орайда мәжілісмен азаматтардың мұң-мүддесі ескерілсе дегенді алға тартып, бірқатар шара қабылдау керектігін айтты.

51 отбасының өздері тұрып жатқан жер учаскелеріне құжаттарын рәсімдеп, заңдастыруы үшін шұғыл шаралар қабылдауды;

Жер учаскелерін мемлекет мұқажына қайтару кезінде берілетін өтемақы сомасында тұрғын үйдің бағасымен қатар, жер учаскесі құнының есепке алынуын қатаң бақылауға алуды;

Шымкент қаласы әуежайының ушу жолақтарын солтүстік-батыс аумағына көшіру мәселесін қарастыруды сұраймыз, - деді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға