Гуманоид робот алғаш рет тірі науқасқа жасалған операция кезінде хирургтерге көмектесті

Гуманоид робот алғаш рет тірі науқасқа жасалған операция кезінде хирургтерге көмектесті
Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ-та алғаш рет гуманоид роботтың тірі науқасқа жасалған хирургиялық операцияға қатысқаны ресми түрде тіркелді. Unitree G1 атты робот өт қабын алу операциясы кезінде дәрігерлерге көмек көрсеткен. Алайда оның барлық әрекеті хирургтің толық бақылауымен жүзеге асырылды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Калифорния университетінің (Сан-Диего) зерттеушілері Unitree G1 гуманоид роботын тірі адамға жасалған операцияға алғаш рет қатыстырды. Робот өт қабын алып тастау кезінде хирургке жекелеген манипуляцияларды орындауға көмектескен.

Сынақтар шілде айының басында Advanced Robotics and Controls Lab зертханасында өткізілді. Мамандар роботтың кәдімгі операциялық бөлмеде жұмыс істеу мүмкіндігін бағалау үшін жалпы жеті операциялық процедура орындаған.

Робот операция кезінде қандай міндет атқарды?

Операция барысында Unitree G1 ешқандай шешімді өздігінен қабылдаған жоқ. Хирург оның барлық қимылын арнайы қозғалысты тіркеу жүйесі, аяқ педальдары және кеңістіктегі орнын бақылайтын құрылғылар арқылы басқарды. Сонымен қатар дәрігер роботтың екі қолын бір мезгілде толық бақылауда ұстаған.

Робот операция кезінде тіндерді ұстап тұруға және жекелеген хирургиялық әрекеттерді орындауға көмектесті. Жоба жетекшісі Майкл Йиптің айтуынша, Unitree G1 хирургтің қозғалысын дәл қайталайтын көмекші құрал ретінде пайдаланылған.

Жобаға университеттің медицина мектебінің хирургтері Чарльз Голдберг пен Притам Суреш те қатысқан. Зерттеушілер бұл әзірге технологияны сынақтан өткізу кезеңі екенін, ал толықтай автономды операция жасау туралы сөз болып отырмағанын атап өтті.

Гуманоид роботтардың артықшылығы неде?

Арнайы хирургиялық кешендерден айырмашылығы, гуманоид роботтар адамдар жұмыс істейтін дайын медициналық бөлмелерде қызмет етуге бейімделіп жасалады. Бұл тәсіл ауруханаларға қолданыстағы операциялық бөлмелерді күрделі қайта жабдықтамай-ақ жаңа технологияны енгізуге мүмкіндік беруі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, бұл бағыттың келешектегі маңызды мүмкіндіктерінің бірі – қашықтан операция жасау. Болашақта технология өзінің сенімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдесе, хирург роботты басқа ауруханадан немесе тіпті өзге қаладан басқара алатын деңгейге жетуі ықтимал.

Оқи отырыңыз