Жаңалықтар

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 13.07.2023 14:00 1395

Әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі, сұлуланар шағы болады. Мен үшін сол көркемдік пен әсемдік жаз мезгіліне тән секілді көрінеді. Себебі шомылу маусымы да, саябақта серуендеу де, табиғат аясында демалу да бәрі осы жаз айларында жоспарланады. Бұл мезгілді құлпыртып тұратын тағы бір нәрсе, ол  айналада жайқалып өсетін түрлі-түсті гүлдер. Қаланың қай жерінде жүрсең де алқызыл күлдер алдыңнан алақайлап шығады. Астананың ажарына ажар қосып тұрған бұл гүлдердің күтімі де ерекше еңбек екені анық.

Біз осынау түкті кілемдей жайқалып, ерекше шаттық сыйлайтын гүлдерді отырғызу барысымен толық танысу үшін «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС  қызметкері Сәуле Күлмағанбетовамен бірге бір күн гүл егушінің кейпіне еніп көрдік. Мұнда күнделікті жұмыс уақыты таңғы сағат 07:00-де басталады. Бірақ бізге сағат 09:00-ден бастап кірісуге рұқсат берді. 

Бізге берілген жер сол жағалаудың орталығы, Түркістан көшесі бойында орналасқан «Ән салатын субұрқақтар аллеясы». Осы жерге түске дейін бірнеше жәшік гүл егіп үлгеруіміз керек. Бұған дейін күрек ұстап көрмеген мен үшін расында да біраз қиынға соқты. Менің бұл жұмысқа аса ебімнің жоқ екенін байқаған Сәуле апай біраз күліп алды. Ал ол кісі қыста қар тазалап, жазда гүл егіп мұндай жұмысқа әбден төселіп алған.  

"Алғаш жұмысқа келген кезімде маған да қиын көрінген", - деген Сәуле Күлмағанбетова бұл жұмысқа қашан, қалай келгені туралы айтып берді.

Осыдан 18 жыл бұрын Ынтымақ деген ауылында тұратын едік. Сол кезде елордадан «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС өкілдері келіп бізге жұмыс ұсынды. Осылайша мен қыркүйек айында жұмысқа кірістім. Бастапқы бірінші ай қиынға соқты. Тіпті осы жұмыстан кетсем деген де ой болған. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйреніп кеттім, – деді ол.

Қазір бұл мекемеде Сәуле апайдың жолдасы да жұмыс істейді екен. Тіпті балаларын да жазғы демалыс уақытында осы еңбекке баулиды.

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Жұмысшылар аптасына 5 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады. Бірақ біз ойлағанда жұмыс тек гүл егумен ғана шектелмейді екен. Кейіпкеріміз бір күні қалада жер қопсытып гүл ексе, екінші күні арасындағы арамшөптерді жұлады, келесі күні тал егеді.

Бір күннің тапсырмасы таңертең жұмысқа келген кезде беріледі. Жұмыс басталмай тұрып бірнеше топқа бөлініп аламыз. Содан түске дейін жұмысымызды істейміз. Ал сағат 13:00-14:00 аралығында түскі асымызды ішіп аламыз да жұмысымызды жалғастырамыз. Шаршаған кезде 10-15 минуттық үзіліс жасаймыз. Кешкі сағат 18:00-19:00 аралығында үйге қайтамыз, – деді кейіпкер.

Сәуле Күлмағанбетова гүл еккеннен кейін де оларға үнемі күтім қажет екенін айтады.

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Бұл гүлдерді еккеннен кейін жерді қопсытып, арасындағы арамшөптерін жұлып, қажетті тыңайтқыштарын сеуіп отырамыз. Уақытылы суғарып, қолайлы жағдайда өсіреміз, – деді қызметкер.

Бір байқағаным қара жұмыс істеу үшін де қабілет керек. Жұмыс өтеліне қарай 4, 5, 6 разряд беріледі. Жұмысқа енді орналасқандар 4-разрядтан бастайды. 3 жылдан жоғары тәжірибесі барларға 5-разряд беріледі, ал 6-разрядтағылар – барлығы қолынан келетін тәжірибелі жұмысшыларға беріледі. Айсайынғы жалақы да сол тәжірибеге қарай төленеді. 18 жылдық жұмыс өтілі бар Сәуле Дәулетбекқызының жоғары разряды бар.

Жалпы мұндай қоғамдық жұмыспен айналысып жүргендердің шамамен 70 пайызы 50-60 жас аралығындағы қызметкерлер екен. Олар жылына 1 рет 30 күнге еңбек демалысына шығып отырады. Тәжірибесі 3 жылдан асқан қызметкерлерге шипажайларға 10 күнге тегін жолдама беріледі. Ал Қазақстан бойынша шипажайларға барып демалса, олардың 50 пайыз ақшасын «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» төлейді.

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Біздің жұмыстың бір жақсы жері жыл сайын қызметкерлерге шипажайға жолдама беріліп отырады. Өзіміз қалаған жерге барып, демалып аламыз. Биыл Алла жазса Сарыағашқа баруды жоспарлап отырмын, - деді Сәуле Күлмағанбетова.

«Ән салатын субұрқақтар аллеясында» жүріп «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС инженері Рүстем Тоққожаевты да сөзге тарттық. Ол елордаға жылдағы жоспарға сәйкес 6 миллион гүл егілгенін айтты. Қалаға егілетін гүлдердің 1-1,5 миллионын «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС өздері өндіреді. Ал қалған гүлдер арнайы шет мемлекеттерден тапсырыспен алынады.

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Біз қалаға Есіл ауданы бойынша шамамен 2 миллиондай гүл егеміз. Оның бір миллионы өзіміздікі, ал бір миллионы басқа жақтан алынады. Биылғы келісімшарт негізінде гүлдер Германиядан келді, – деді инженер.

Қаланы гүлдермен ажарландыру біраз күшті талап етеді. Себебі оларды жазда екпес бұрын күзде жер аударылып дайындалады. Көктемде қайтадан жер қопарылып, дизайнерлермен жазға қарай егетін гүлдердің кескіні таңдалады.

Гүлге күтім жасау да – ерекше еңбек

Гүлдердің көбісі біржылдық болғаннан кейін оларды күзде жинап алып, қоқысқа лақтыруға тура келеді. Ал көпжылдық гүлдердің санын жылдан жылға арттырып келеміз, – деді Рүстем Тоққожаев.

Сұхбат барысында кейіпкеріміз Сәуле Дәулетбекқызынан жұмыстың қиын жақтары жайлы да сұрадық. Ол әр дүниені қабылдау адамның көзқарасына, көңіліне байланысты екенін айта кетті.

Адам өзін жақсы ұстап, көтеріңкі көңіл-күймен жүрсе, оған жұмыс істеу де жеңіл болады. Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамастан адал еңбекпен нанымызды тауып жүрміз. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Осылай ойнап-күліп жүріп уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамай қалыппыз, - дейді қызметкер.

Сәуле Күлмағанбетова өз жұмысын сүйіспеншілікпен атқаратын қызметкерлердің бірі. Негізгі мамандығы ветеринар болса да бүгінде қаланың сәнін келтіруге белсене атсалысып жүр.

Жұмысым өзіме ұнайды. Табиғатта жүргенді жақсы көремін. Жалақымызды да уақытылы төлейді. Жұмысыма да, айлығыма да толығымен көңілім толады, - деді кейіпкеріміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға