Жаңалықтар

«Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы тыңдарманын қуантты

«Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамы тыңдарманын қуантты
Фото: «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 01.03.2023 20:07 1313

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы аты аңызға айналған шығармашылық ұжым «Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын қолға алды. «QAZAQSTAN» орталық концерт залында «Гүлдер» ансамблінің жаңа құрамының тұсаукесер концерті өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Концерт кешіне қатысуға қазақ эстрадасының майталманы, «Гүлдер» ансамблінің алғашқы солистерінің бірі, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, жас әншілер Мәди Сыздықов, Зарина Божакова, Дидар Әбдіхалық және Салтанат Меңдіғалиева, «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Steppe Sons» альтернатив-фольк тобы келді.

«Гүлдер» ансамблі 1968 жылы құрылып, 1969 жылы 29 қазанда сахнаға шыққан. Алғашқы жетекшісі ҚР халық әртісі Гүлжихан Ғалиева болды. Ансамбль аз уақыт ішінде кеңінен танылып, көптеген шет мемлекетте сахнаға шығып, ел мақтанышына айналды. Қазақстанның белгілі әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Қапаш Құлышева, Қайрат Байбосынов, Айжан Нұрмағамбетова, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Гүлнәр Сиқымбаева, Қанат және Айткүл Құдайбергенов сынды өнер майталмандары шығармашылық  жолын «Гүлдерден» бастады.

«Гүлдер» ансамблін жаңғырту жобасын жүзеге асыру мақсатында ұжымға шығармашылық оқу орындарының түлектері алынды. Тәжірибелі тәлімгерлер – бас балетмейстер ретінде Анвара Садықова және жобаның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Серік Дәулетов шақырылды.

Жобаға дайындық кезінде «Гүлдер» ансамблінің мұрағаттық материалдары мұқият зерделеніп, топтың «алтын қорынан» ең үздік нөмірлер іріктеліп алынды. Сондай-ақ барлық жастағы көрермендер үшін қызықты, әртүрлі жанрдағы шығармалар мен жаңа музыкалық-хореографиялық туындылар қою жұмыстары басталды.

Бұдан бөлек «Гүлдер» ансамблінің концерттері Қазақстан қалаларында және шет елдерде жалғасын табатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға