Грекия Қазақстанды КҚК қауіпсіздігі мәселесінде қолдады

Грекия Қазақстанды КҚК қауіпсіздігі мәселесінде қолдады
Фото: КТК

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Грекияның сыртқы істер министрі Георгиос Герапетритиспен телефон арқылы сөйлесті. Келіссөз барысында Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына жеткізуде маңызды рөл атқаратын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тараптар екі ел арасындағы саяси байланыстарды, сауда-экономикалық қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

КҚК жұмысының тұрақтылығы маңызды

Келіссөз барысында энергетикалық ынтымақтастық пен мұнай және басқа да энергия ресурстарын тасымалдайтын бағыттардың тұрақтылығы сөз болды.

Тараптар КҚК-ның тұрақты жұмыс істеуі еркін әрі қауіпсіз теңіз навигациясы қағидаттарының сақталуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттың жұмысына қауіп төндіретін немесе оны тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекетке жол беруге болмайтыны жөнінде ортақ пікір білдірді.

Телефон әңгімесінің қорытындысында Қазақстан мен Грекия тұрақты саяси диалогты жалғастырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Қазақстан КҚК қауіпсіздігі бойынша келіссөздерді күшейтті

Соңғы күндері КҚК қауіпсіздігі Қазақстан дипломаттарының еуропалық әріптестерімен келіссөздерінде жиі көтеріліп жүр.

6 тамызда Ермек Көшербаев Румынияның сыртқы істер министрі Оана Цойумен де консорциум қауіпсіздігін талқылаған.

Бұған Қара теңізде Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысы бар танкерлерге жасалған шабуылдар себеп болды. Жаңа соққылар қаупіне байланысты мұнай тиеу барысында іркілістер туындап, кейбір кеме иелері Новороссийск маңындағы КҚК терминалына кіруге сақтықпен қарай бастаған.

Қауіп-қатердің күшеюі тасымал құнына да әсер етті. КҚК-дан Жерорта теңізіне қатынайтын танкерлердің тәуліктік табысы 400 мың доллардан асқаны хабарланды.

АҚШ та мәселеге араласты

Бұған дейін Bloomberg АҚШ пен Украина КҚК инфрақұрылымына және терминалға бағыт алған ресейлік емес танкерлерге соққы жасамау жөнінде келісімге келгенін хабарлаған.

Алайда бұл келісім тек Ресей мұнайын немесе басқа да ресейлік жүктерді тасымалдамайтын, Украина санкцияларына ілікпеген және Ресей азаматтары мен компанияларына тиесілі емес кемелерге қатысты.

Қазақстан үшін КҚК-ның үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі стратегиялық маңызға ие. Елдің мұнай экспортының негізгі бөлігі дәл осы бағыт арқылы тасымалданады. Ал мұндай көлемді қысқа мерзім ішінде басқа экспорттық бағыттарға толықтай ауыстыру әзірге мүмкін емес.

Оқи отырыңыз