Грекия, Дания, Германия: Еуропада баспана шығыны ең жоғары елдер анықталды

Грекия, Дания, Германия: Еуропада баспана шығыны ең жоғары елдер анықталды
Фото: © pixabay.com

Еуропаның миллиондаған тұрғыны табысының 40 пайыздан астамын баспанаға жұмсайды. Euronews Business басылымының мәліметінше, бұл мәселе әсіресе Грекия, Дания және Швейцарияда өзекті.

Eurostat деректеріне сәйкес, 2015 жылдан бастап 2026 жылдың екінші тоқсанына дейін Еуропалық одақ елдерінде тұрғын үй бағасы орта есеппен 69 пайыз өскен. Кейбір мемлекеттерде баспана құны екі еседен де көп қымбаттаған. Сонымен қатар жалдау ақысы мен энергия шығындары да артып келеді.

Баспана шығынына не кіреді?

Eurostat анықтамасы бойынша, баспана шығынына үй шаруашылықтарының тұрғын үйге байланысты ай сайынғы төлемдері жатады. Оған пәтерақы немесе ипотеканың пайыздық төлемдері, су, электр энергиясы, газ және жылу сияқты коммуналдық қызметтер, сондай-ақ сақтандыру, үйді күтіп ұстау, жөндеу және салық төлемдері кіреді.

Ал қолда бар табыс дегеніміз – үй шаруашылығының салықтар мен әлеуметтік аударымдарды төлегеннен кейін қалатын жалпы кірісі. Бұған зейнетақы сияқты әлеуметтік төлемдер де қосылады.

Грекияда жағдай күрделі

Дерек бар 34 еуропалық елдің ішінде баспана шығыны ең жоғары ел – Грекия. 2025 жылы бұл ел тұрғындарының 26,4 пайызы табысының 40 пайыздан астамын тұрғын үйге жұмсаған. Бұл Еуропалық одақтағы орташа көрсеткіштен (7,7 пайыз) үш еседен де көп.

Еуроодақ елдері арасында екінші орында Дания тұр. Мұнда халықтың 14,7 пайызы баспанаға табысының 40 пайыздан астамын жұмсайды. Германияда бұл көрсеткіш – 11,2 пайыз, Швецияда – 10,8 пайыз.

Сондай-ақ Эстония (8,8 пайыз), Чехия (8,2 пайыз) және Люксембургте (8,1 пайыз) баспана шығыны ЕО-дағы орташа деңгейден жоғары.

Еуроодақтан тыс елдер арасында Швейцария (15,3 пайыз) мен Норвегияда (13,5 пайыз) жағдай күрделі. ЕО-ға үміткер мемлекеттердің ішінде Түркия (10 пайыз), Черногория (8,7 пайыз) және Сербия (7,9 пайыз) да орташа көрсеткіштен жоғары тұр.

Алборг университетінің аға зерттеушісі Рикке Скоугор Нильсеннің айтуынша, Грекия, Швейцария және Даниядағы жағдайды бірдей себептермен түсіндіруге болмайды. Өйткені бұл елдердің экономикасы мен әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі. Сондықтан баспана шығынының халыққа әсері де бірдей емес.

Сарапшының сөзінше, бұл үш елде тұрғындардың жалдау ақысын төлегеннен кейін қолында қалатын қаражаты мен жалпы өмір сүру құны да айтарлықтай ерекшеленеді. Мұның бәрі үй шаруашылықтарының қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді.

Баспана шығыны ең төмен ел – Кипр. Мұнда тұрғындардың небәрі 2,4 пайызы табысының 40 пайыздан астамын үйге жұмсайды. Хорватияда бұл көрсеткіш – 3,2 пайыз, Словения мен Словакияда – 3,5 пайыздан.

TU Delft университетінің докторы Мариэтта Хаффнердің түсіндіруінше, тұрғын үй бағасы, жалдау ақысы, энергия тарифтері, пайыздық мөлшерлемелер мен инфляция табыс өсімінен жылдамырақ артса, баспана шығынының табыстағы үлесі де көбейеді. Соның салдарынан табысының 40 пайыздан астамын тұрғын үйге жұмсайтын адамдардың саны артады.

Сарапшы болжамынша, алдағы жылы баспана шығынының өсуіне энергия бағасының қымбаттауы көбірек әсер етуі мүмкін.

Еуроодақтың ірі экономикалары арасында Испания (7,2 пайыз), Франция (6,4 пайыз) және Италия (5 пайыз) орташа көрсеткіштен төмен. Ал Германияда бұл үлес 11,2 пайызға жетіп, жалпы рейтингте бесінші орынға шыққан.

Неліктен елдердегі жағдай әртүрлі?

Сарапшылар пікірінше, баспана шығынының халыққа түсіретін салмағы бірнеше факторға байланысты. Олардың қатарында тұрғын үйге иелік ету құрылымы, әлеуметтік қолдау жүйесі және елдегі жалпы экономикалық жағдай бар. Мәселен, жеке нарықта пәтер жалдап тұратын адамдардың баспана шығыны көбіне жоғары болады. Ал әлеуметтік қолдау тетіктері бұл жүктемені азайтуы мүмкін. Дегенмен елдерді бір-бірімен салыстыру оңай емес. Себебі Швейцария мен Грекиядағы баспана шығынының халыққа әсері әлеуметтік кепілдіктер мен тұрғын үй сапасына қарай әртүрлі болуы мүмкін.

Еуроодақта 34 миллионнан астам адам зардап шегіп отыр

Пайыздық көрсеткіштермен қатар, нақты адам санын да ескерген жөн. Еуроодақта 34 миллионнан астам адам тұратын үй шаруашылықтары табысының 40 пайыздан астамын баспанаға жұмсайды.

Мұндай азаматтардың саны бойынша Германия бірінші орында. Елде 9,4 миллион адам баспана шығынының ауыртпалығын сезініп отыр. Одан кейін Түркия (8,6 миллион), Франция (4,4 миллион), Испания (3,5 миллион) және Италия (2,9 миллион) орналасқан.

Халқы салыстырмалы түрде аз болғанына қарамастан, Грекия бұл тізімде алтыншы орында тұр. Мұнда 2,7 миллион адам тұратын үй шаруашылықтары табысының 40 пайыздан астамын баспанаға жұмсайды.

Табысы төмен адамдарға салмақ көбірек түседі

Баспана шығыны әсіресе кедейлік қаупі жоғары адамдарға ауыр тиеді. Еуроодақта осы санатқа жататын тұрғындардың 29,1 пайызы табысының 40 пайыздан астамын тұрғын үйге жұмсайды.

Кедейлік қаупі бар топқа жан басына шаққандағы қолда бар табысы елдегі орташа табыстың 60 пайызынан төмен адамдар кіреді.

2025 жылы Еуроодақта жан басына шаққандағы медианалық қолда бар табыс жылына 22 939 еуро немесе айына 1 912 еуро болған. Оның 60 пайызы – айына 1 147 еуро.

Бұл санаттағы адамдар арасында да Грекия бірінші орында. 2025 жылы елдегі кедейлік қаупі бар тұрғындардың 82,6 пайызы табысының 40 пайыздан астамын баспанаға жұмсаған. Яғни әр бес адамның төртеуінен астамына тұрғын үй шығыны ауыр салмақ түсірген.

Одан кейін Дания (59,8 пайыз) мен Швейцария (56,1 пайыз) тұр. Швецияда бұл көрсеткіш – 46,8 пайыз, Норвегияда – 43,8 пайыз, Чехияда – 43,4 пайыз.

Германияда кедейлік қаупі бар тұрғындардың 35 пайызы баспанаға табысының 40 пайыздан астамын жұмсайды. Бұл ЕО-дағы орташа көрсеткіштен жоғары (29,1 пайыз). Ал Испанияда – 28,3 пайыз, Францияда – 25,4 пайыз, Италияда – 21,7 пайыз.

Ең төмен көрсеткіш Кипрде тіркелген – 7,6 пайыз. Албанияда бұл көрсеткіш – 8,2 пайыз, Хорватияда – 14,9 пайыз, Словакияда – 15,4 пайыз.

Оқи отырыңыз