Грантқа түсе алмаған талапкерлерге арналған 7 нақты мүмкіндік

Грантқа түсе алмаған талапкерлерге арналған 7 нақты мүмкіндік
Фото: El.kz архиві

Күні кеше Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімін жариялады. Биыл конкурсқа 127 мыңға жуық талапкер қатысып, 75 мыңнан астамы грант иегері атанды. Былтыр 113 мың өтініш түскенін ескерсек, биыл бәсеке де жоғары болды. Ал грантқа түсе алмаған талапкерлер не істей алады? El.kz талапкерлер үшін тағы қандай мүмкіндіктер барын саралап көрді.

Әкімдік грантына өтініш беруге болады

Мемлекеттік грантқа түсе алмаған талапкерлер үшін тағы бір мүмкіндік – әкімдік гранты. Жыл сайын жергілікті әкімдіктер өңірге қажет мамандарды даярлау үшін бюджеттен арнайы грант бөледі. Биыл бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша 2392 білім гранты қарастырылған.

Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі бөлген – 303. Шымкентте – 285, Шығыс Қазақстан облысында – 270, Батыс Қазақстан облысында – 211 грант бар. Абай және Түркістан облыстарында 200-ден, Ақмола облысында – 199, Қарағанды облысында – 198, Атырау облысында – 187, Маңғыстау облысында 163 грант қарастырылған.

Конкурсқа қатысу үшін талапкер өзі таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш береді. Оған білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке куәліктің көшірмесі және жеңілдік санаты болған жағдайда оны растайтын құжаттар қоса тапсырылады.

Құжат қабылдау мерзімі әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан талапкер әкімдік пен жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясынан ақпаратты нақтылап алғаны жөн. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Ректор грантын да тексеріңіз

Мемлекеттік грантқа түспеген талапкерлер университеттердің өздері беретін гранттарға да үміткер бола алады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл еліміздегі жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынған.

Оны беру тәртібін әр университет өзі белгілейді. Сондықтан талапкер оқығысы келетін оқу орнының қабылдау комиссиясына хабарласып, ректорлық гранттың бар-жоғын, оған кімдер үміткер бола алатынын және құжат қабылдау мерзімін нақтылап алғаны дұрыс.

Министр мемлекеттік грантты жоғары білім алудың жалғыз жолы деп қабылдамауға шақырды.

Мемлекеттік грант – сөзсіз үлкен мүмкіндік. Бірақ ол жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес. Бүгінде Қазақстанда қосымша қолдаудың тұтас жүйесі бар, – деді Саясат Нұрбек.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

«Қазақстан халқына» қоры 350 грант ұсынады

Талапкерлер мемлекеттік және университет гранттарымен ғана шектелмегені жөн. Жекелеген қорлар мен ірі компаниялар да жастардың оқу ақысын өтеуге арналған бағдарламалар ұсынады.

Саясат Нұрбектің мәліметінше, биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 білім грантын ұсынады.

Сонымен қатар KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ұйымдардың білім беру бағдарламалары бар. Кей жұмыс берушілер де өзіне қажетті мамандарды даярлау үшін мақсатты грант бөледі.

Бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те талапкерлерге мұндай мүмкіндіктерді жіберіп алмауға кеңес берді.

Әкімдік гранттары бар. Жергілікті бюджеттен тағы бірнеше мың грант бөлінеді. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры да білім беру гранттарын ұсынады. Қосымша ақпаратты олардың сайтынан білуге болады, – деді ол.

Мұндай гранттардың шарты мен құжат қабылдау мерзімі әртүрлі. Сондықтан талапкер қорлар мен компаниялардың ресми ақпаратын қадағалап отырғаны жөн.

Пайдаланылмаған гранттар қайта бөлінеді

Грант иегерлерінің тізімі жарияланғанымен, мүмкіндік мұнымен бітпейді. Кей талапкер түрлі себеппен гранттан бас тартуы немесе оқуға түспеуі мүмкін.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, пайдаланылмай қалған мемлекеттік гранттар кейін қайта бөлініп, талапкерлер арасында ҰБТ балына сәйкес үлестіріледі.

Саясат Нұрбек те жыл сайын оқуға қабылданғаннан кейін мемлекеттік гранттардың бір бөлігі босайтынын айтты.

Сондықтан грантқа аз ғана балл жетпей қалған талапкерлер министрлік пен жоғары оқу орындарының хабарландыруларын қадағалап отырғаны дұрыс.

Ақылы бөлімнен грантқа ауысуға бола ма?

Қаржылық мүмкіндік болса, университетке ақылы негізде түсіп, кейін грантқа ауысуға да болады.

Оқу барысында түрлі себеппен мемлекеттік гранттар босап қалады. Мұндай орындарға ақылы бөлімде оқитын студенттер үміткер бола алады. Бұл ретте студенттің оқу үлгерімі ескеріледі.

Университетке ақылы негізде түсіп, кейін оқу үлгеріміңіз жақсы әрі GPA көрсеткішіңіз жоғары болса, босаған гранттарға өтініш беруге болады. Оған қоса, жоғары оқу орындарының ішкі гранттары да болады, – дейді Асхат Аймағамбетов.

GPA (Grade Point Average) – студенттің барлық пән бойынша алған бағалары негізінде есептелетін орташа үлгерім балы. Демек, ақылы бөлімге түскен студент алғашқы күннен жақсы оқып, жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, кейін босаған грантқа таласа алады.

Бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсыра аласыз

Егер талапкердің оқығысы келетін мамандығы нақты болса, бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсыруға болады.

Асхат Аймағамбетов те талапкерлерге осы жолды қарастыруды ұсынды. Бір жыл үзіліс алу уақыт жоғалту деген сөз емес. Керісінше, осы аралықта ҰБТ-ға жақсылап дайындалып, бұрын жіберген қателермен жұмыс істеуге болады.

Сонымен қатар бұл уақытты тіл үйренуге, түрлі курстардан өтуге, жұмыс істеп көруге немесе болашақ мамандығыңды тереңірек зерттеуге пайдалануға болады. Бастысы – алдағы бір жылға нақты жоспар құру.

Колледжге түсуге де болады

Мектептен кейін міндетті түрде университетке түсу керек деген түсінікке байланып қалмаған жөн. Колледжде мамандық игеру де еңбек жолын бастаудың бір жолы.

Асхат Аймағамбетов еңбек нарығында техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.

Колледж түлегі кейін жұмысқа орналасып қана қоймай, жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыра алады. Сондықтан колледжді «университетке түсе алмадым» деген амалсыз таңдау емес, болашаққа бастайтын тағы бір жол деп қараған дұрыс.

Мамандықты тек грант үшін таңдамаған жөн

Грант шықпағаннан кейін кей талапкер «қай мамандықта грант немесе бос орын бар?» деп, өзі қаламайтын бағытқа асығыс құжат тапсыруы мүмкін.

Алайда грант үшін төрт жыл бойы ұнатпайтын мамандықта оқу кейін тағы бір мәселе тудыруы ықтимал. Сондықтан таңдау жасағанда гранттың бар-жоғымен қатар, сол мамандықтың өзіңізге қаншалықты жақын екенін де ескерген жөн.

«Мен осы мамандықпен жұмыс істегім келе ме?», «Бұл салаға бес жылдан кейін сұраныс бола ма?», «Осы кәсіппен ұзақ уақыт айналыса аламын ба?» деген сұрақтарға жауап іздеп көріңіз.

Ата-ана не істеуі керек?

Грант нәтижесі талапкердің өзіне ғана емес, ата-анасына да ауыр тиюі мүмкін. Саясат Нұрбек дәл осы сәтте баланы өзгелермен салыстырмай, керісінше қолдау маңызды екенін айтты.

Егер балаңыз грант иеленсе – қуанышын бірге бөлісіңіз. Өз еңбегінің шынымен бағаланғанын сезінсін. Ал грант ала алмаса – дәл бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да қажет болуы мүмкін. Оны өзгелермен салыстырмаңыз. Бір конкурсты үкімге айналдырмаңыз, – деді министр.

Оның айтуынша, ата-ана баласымен бірге университеттердің тізімін қарап, қабылдау комиссияларына хабарласып, ректорлық, өңірлік және компаниялар ұсынатын гранттар туралы ақпарат жинай алады.

Грантқа бір балл жетпеген талапкер...

Грантқа бір балл жетпей қалса, көңілге ауыр тиетіні анық. Бірақ сол бір балл кейде адамның алға қарай одан бетер талпынуына себеп болуы мүмкін. Ажар Әлімханның оқиғасы – соның бір мысалы.

Ол 2018 жылы Тараз қаласындағы №51 орта мектепті бітірген. Ол 7-сыныптан бастап Еуразия ұлттық университетіне түсуді мақсат еткен. ҰБТ-дан 119 балл жинағанымен, мемлекеттік грантқа бір балл жетпей қалады.

Сол кезде әкесі: «Ештеңеге уайымдама. Қажет біліміңді ал», – деп қолдау көрсетіп, ақылы бөлімге түсіреді. Ажар ЕҰУ-дың Журналистика факультетіндегі «Қоғаммен байланыс» мамандығына оқуға қабылданады.

Университетке түскен алғашқы күннен бастап алдыма екі мақсат қойдым: мықты маман болу және оқу барысында грант ұтып алу. Сол үшін барымды салып оқыдым. GPA көрсеткішім 3,90-нан төмендеген жоқ, – дейді ол.

Алғашқы екі курста оқу ақысын өзі төлейді. Үшінші курстың ақысын да алдын ала төлеп қойған кезде Абайдың 175 жылдығына орай «Абай грантына» конкурс жарияланады. Үлгерімі жақсы болғандықтан, факультет Ажардың кандидатурасын ұсынады. Ол конкурстан өтіп, бір жыл тегін оқуға мүмкіндік алады. Сол жылы Президенттік стипендияға да ие болады.

Төртінші курста университет студенттерге оқу ақысына 100, 75 және 50 пайыз жеңілдік беретін конкурс өткізеді. Журналистика факультетіне төрт орын ғана бөлінген. Ажар осы жолы да конкурсқа қатысып, оқу ақысын толық өтейтін жеңілдікке ие болады. Ал Президенттік стипендияны студент кезінде төрт рет алған.

Ажар жұмысқа да студент кезінде араласа бастаған. «Қазақстан» РТРК» АҚ жанындағы «Медиамектепте» алты ай оқып, кейін Qazaqstan телеарнасының Анонс бөлімінде өндірістік тәжірибеден өтеді. Тәжірибеден кейін сол бөлімге жұмысқа шақырылған. Қазір телеарнада продюсер болып жұмыс істейді.

Грантқа бір балл жетпей қалғаныма қарамастан, мақсатымнан бас тартпадым. Керісінше, сол бір балл мені одан әрі көп еңбектенуге итермеледі. Ақылы бөлімнен басталған студенттік жолым грантқа, Президенттік стипендияға, кейін сүйікті мамандығым бойынша жұмысқа алып келді. Ең бастысы – өз мақсатыңа сеніп, оған жету үшін күн сайын әрекет ету, – дейді Ажар Әлімхан.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те грантқа түсе алмаған жастарға бір нәтиже үшін арманынан бас тартпау керегін айтты.

Бірнеше жылдан кейін студенттік жолыңыздың қандай нәтижеден басталғанынан гөрі, қандай маман және қандай адам болып қалыптасқаныңыз әлдеқайда маңызды болады. Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз, – деді министр.

Ажардың оқиғасы ақылы бөлімге түскеннен кейін де грантқа қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Ол үшін университетте жақсы оқып, жарияланатын гранттар мен жеңілдіктерді жіберіп алмау маңызды. Сондықтан биыл мемлекеттік грантқа түсе алмаған талапкерлер үшін де мүмкіндік әлі бар.

Оқи отырыңыз