Қазақстанда 13 шілдеден бастап білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтінім қабылдау басталады. Құжаттарды eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн тапсыруға болады.
Биылғы жаңашылдық
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, өтінім қабылдау 13 шілде күні сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.
Биыл қызметке бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді жүйе талапкерге конкурстан тыс мемлекеттік білім гранты берілген-берілмегенін автоматты түрде тексереді. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі.
Егер талапкерге грант конкурстан тыс негізде берілген болса, жүйе өтінім беру кезінде бұл туралы автоматты түрде хабарлайды. Мұндай жағдайда eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы қайта өтінім берудің қажеті жоқ.
Ал қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен тапсырады.
Егер талапкер жеңілдік санатына жататын болса, тиісті мәртебе өтінім беру кезінде көрсетіліп, жүйе оны автоматты түрде растайды.
Өтінімді қалай беруге болады?
eGov.kz порталында өтінім беруға арналған нұсқаулық:
- порталға авторизациядан өту;
- «Азаматтарға» – «Білім» – «Жоғары білім» бөліміне кіру;
- «Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдау;
- «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
- қажетті мәліметтерді толтырып, өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою қажет.
Өтінімнің мәртебесін жеке кабинет арқылы бақылауға болады. Өңдеу нәтижесі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі. eGov Mobile қосымшасында да өтінім дәл осы тәртіппен беріледі.
Электронды кезек қалай жұмыс істейді?
Өтінім қабылдау кезеңінде порталға жүктеме жоғары болған жағдайда eGov.kz пайдаланушыларды электронды кезек арқылы қабылдайды. Пайдаланушы кезегі келген кезде жүйе қызметке автоматты түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Кезекті қолмен бақыламау үшін «Кезегім жақындағанда SMS арқылы хабарлау» белгісін қоюға болады.
Бұл жағдайда 1414 нөмірінен мобильді азаматтар базасында тіркелген телефонға SMS-хабарлама келеді. Егер телефон нөмірі базада тіркелмеген болса, оны қолмен енгізуге болады. Күту барысында браузердегі бетті жаппау немесе жаңартпау ұсынылады. Әйтпесе, пайдаланушы кезектегі орнын жоғалтады.
Нәтижелер қашан жарияланады?
Өтінім тапсырылғаннан кейін талапкердің жеке кабинетіне білім беру гранты конкурсына қатысатыны туралы электронды анықтама жіберіледі.
Конкурс қорытындысы бойынша білім гранты тағайындалған жағдайда электронды сертификат 10 тамыздан кешіктірілмей eGov.kz порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болады. Егер грант тағайындалмаса, талапкердің жеке кабинетіне бас тарту туралы хабарлама жолданады.
Бұл қызмет Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қатысуымен іске асырылған.
Бұған дейін біз білім грантын жеңу үшін қандай құжаттар қажет екені туралы жазған едік.