Жаңалықтар

Головкин – Альварес: әлемдік БАҚ не дейді?

Үлкен бокс кешінің сәнін кетірген әйел ме?
Головкин – Альварес: әлемдік БАҚ не дейді?
Фото: sports.ru 19.09.2017 15:41 3345

Жексенбі (17.09) күні өткен жерлесіміз Головкин мен мексикалық Альварестің арасындағы бокс кешінде жеңімпаз анықталмағаны бәріне аян. Осы кездесуден кейін-ақ, әлемдік бокс сарапшылары, қос боксшының жанкүйерлері, басқа да атақты спортшылар, әрине бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты талқылап, бұл бокс жайында қызу пікірталас тудырып жатты. 118-110 есебімен Альвареске басымдық берген төреші Берд те ғаламтор жұлдызына айналып кетті. Оның қойған бағасы көпшіліктің ызасын тудырып, күлкісін келтірді.

Кездесу аяқталғанда Альварес: «Шынын айтқанда мен Головкиннің жұдырығының күшін сезінген жоқпын. Бұл маған айтылған, мені ескерткен соққылар емес. Ол мені таңғалдыра алған жоқ. Бірінші раундтарда оның шамасын аңғарғым келді. Мен 7-8 раундтарды таза жеңдім. Өзімнің жеңісіме сенімді болған едім. Қарымта кездесудің өткенін қалаймын» – деді.

Ал Головкин: «Бүгінгі кездесуге көңілім толған жоқ, мен нағыз шайқасты, драмалық шоуды қалаған едім. Ойымдағы бола қоймады. Альварес тәжірибесі мол, мықты боксшы. Қарымта кездесуді асыға күтемін» – деді.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл кездесу жайлы не жазды екен?

ESPN журналисі Дэн Рафаэль GGG мен Канело арасындағы кездесуді Шугар Рэй Леонрад пен Томас Хернс арасында өткен тарихи кездесумен теңестірген екен. «36 жыл бұрын өткен бокс кешінде Леонард қарсыласын нокаутка түсіріп, сол кездегі маңызды екі белбеуді иеленіп, абсалютті чемпион болған еді.

Ал бұл кездесуде Головкиннің үш титулды белбеуі сарапқа салынды. T-Mobile Arenaға рекордты (22 358) жанкүйер жиналды. Головкин де, Альварес те ең үздік, ең атақты, және қызықты боксшылар, екеуі де бір жолда келе жатқандықтан, оларды халықаралық бокс залы (International Boxing Hall Fame) бір күні түйістіретіні белгілі еді» – дей келе, төреші Аделайда Бердтің 118-110 деп көрсеткен нәтижесін бокс тарихына ең әділетсіз шешім ретінде енетіні туралы айтып кетеді.

«Одан кейінгі төрешілер көрсеткен 115-113, 114-114 есептері де шындыққа жанаспайтын сыңайлы. Меніңше, 116-112 есебімен Головкин жеңді. HBO телеарнасының сарапшысы Харольд Ледерман де тура осылай ойлайды. Кей раундтар тең дәрежеде өрбігендіктен, мені 115-113 есебі де қанағаттандырады. Бердтің шешімі? Оның шығарған шешімі миға қонбайды. Төрешілердің құқығын қорғап жүрген Невада штатының спорттық комиссиясының директоры Бобб Беннеттің өзі: «Кез келген істе сәтсіз күндер болып тұрады. Ол (Берд) кездесуді басқаша қараған секілді, ондай да болып тұрады» – деді. Берд бұған дейін де күмән келтіретін бірнеше шешім қабылдаған екен. Жалпы, бұл бокс кеші тамаша өтті, оны тек дұрыс тағайындалмаған төрешілердің шешімі құртқаны анық.

Төрешілер шешімінен соң Головкиннің өзі «бұл сұмдық!», «сұмдық шешім» деді, ал Альварес болса 7-8 раундты анық жеңдім деп жар салды. 7-8 раундты ғана... Берд ойлағандай 10 раундты емес.

Golden Boys пен Альварестің проумотері Оскар Де Ла Хойяның өзі Канело 115-113 есебімен жеңсе, құлаққа ерсі естілмес еді, тек 118-110 емес. Мен дәл осындай кездесулер спортқа керек деп есептеймін» – деді» – деп жазды журналист.

Boxingnews24.com сайтының журналисі Годфри Фалкон Головкиннің жеңісіне күмән келтірмейді. Ол тең есепті Мексиканың тәуелсіздік күніне жасалған сый ғана деп отыр.

«Екі боксшы да өздерінің интеллекттері мен шын күштерін көрсете білді. Канело дәл соққыларды жақсы жұмсай білді, бірақ Головкиннің 108 соққысы діттеген жеріне жеткен. Ол жасының келіп қалғанына қарамай, қарсыласын екі есе артық соққылады. Кездесу орта беліне келгенде Альварес әлсіреп қалғаны анық байқалды. Головкин кездесудің тағдырын шешуге тым жақын болды. Мексикандықтың  GGG-ді нокаутқа түсіріп, жеңіске жететін шамасы мүлдем болған жоқ. Соңғы ранудттарда Канело ұпай санымен қалып бара жатқанын сезініп, алға ұмтылды. Оның соққыларының күші керемет болмағандықтан да, Головкин өткізіп тұрған сияқты. Бір анығы, кездесуді Головкин жеңген еді. Бірақ, тәуелсіздік күніне орай жаслаған сыйды ешкім өзгерте алмады» – дейді Фалкон.

Boxing.com порталының тілшісі Кэрин Тэйт тең аяқталған кездесуді ұйымдастырушылар үшін тағы бір бокс кешін өткізуге жақсы шешім болғанын алға тартады. «Кездесу алдында Головкин Канелоны нокаутқа түсіріп, оңай жеңеді деушілер көп болған. Бірақ, олай бола қоймады. Альварестің қолдары жылдам болып, соққыларды жақсы жұмсады, сондай-ақ оның қорғанысы GGG-ді әбігерге салды. Головкин кездесу барысында Саульдің ізінен қуып жүрді, оның соққылары шынымен күшті, жанкүйерлер Головкиннен қорғану Альвареске қиындық туғызғанын көріп отырды. Кездесу тең аяқталып, бизнес-стратегия жеңіске жетті. Бұл нағыз масқара! Егер осылай бола берсе, біз спортты сүюді қоямыз. Тең аяқталу деген сөз тағы қарымта кездесу күтіп тұр дегенді білдіреді, яғни тағы да ұйымдастырушылар, спортшылар, төрешілер үлкен ақшаның астында қалады – деп жазады Кэрин.

Ал sports.ru сайтының тілшісі Алексей Сукачев өз мақаласына «Головкин Альваресті жеңді, бірақ енді ол ешқашан әлемнің үздік боксшысы бола алмайды» деп атапты.

Ол бұған дейін тағы бір әйел төрешінің үлкен бокс кешінде осылай ұятты шешім шығарғанын айта кетеді. Кездесу барысындағы 12 раундтық есепті оқырманның назарына ұсынады. Онда Головкин 7 раундта Альварестен басым түскен. «Альварес өз мүмкіндігін толық ашып көрсете алмады, себебі ол тактикалық қателікке ұшырады. Ол кездесуді жақсы бастаған, бірақ орта тұста өз жүрісіне жаңылысып, тек соңғы раундтар ғана бірінші нөмірмен жұмыс істей бастап еді, соққылары өтіп, ұпай қорын молайта түсті. Саульде мықты жаттықтырушы жоқ. Ал Головкиннің артықшылығы тактикалық түрде мықты жұмыс жасай білетін Абель Санчес сынды бапкерінің болуында.

Генадий бұл кездесуде басқаларда жоқ мінез көрсетті. Ол кездесу барысында өзгеріп, 4 раундтан бастап, сайдстеп жасай бастады, бұл өз жемісін беріп, кездесуді өз қолына алуға мүмкіндік туғызды. Дәл осы мінез Серггей Ковалев пен Роман Гонсалеске өте-мөте керек еді. Бірақ, олар бұл өзгеріске бет бұра алмай, өздерін тым ақылды санады. Жалпы, Головкиннің төрешілерден жеңілісі, Альварестің Головкиннен жеңілісі – Мэйуэзердің бірінші ұрпақтарының құлдырауы шығар» дейді. Бердтің әділетсіз шешіміне байланысты бұл сайтта «Головкин мен Альварестің кездесуінің сәнін әйел кетірді» деген тағы бір қызықты мақала жарияланды. Мұнда Алесей Алехин бұл кездесудің жыл боксы болмағанын айтады. Сондай-ақ, журналист кездесу аяқталған соң, сұхбат берген екі боксшының беттері тым таза болды дейді. Бердтің шешім нағыз «ұрлық» деп, бүгінгі кәсіпқой бокстың жағдайы осындай ененіне шын ашынады.

Sports.ru сайтында «Тең есеп – әділ шешім бе?» деген сауалнама жүргізіліп, оған 24 мыңнан аса оқырмандар қатысқан екен:

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға