Голливуд жұлдызы Тиль Швайгер фильмге түсу үшін Қазақстанға келді

Голливуд жұлдызы Тиль Швайгер фильмге түсу үшін Қазақстанға келді
Фото: Andreas Rentz / Getty Images

«Достучаться до небес» фильміндегі Мартин Брэст рөлімен танылған неміс актері Тиль Швайгер Қазақстанға келді. Ол Алматыда түсіріліп жатқан «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсіріліміне қосылды.

Актердің Алматыдағы түсірілім алаңында жұмыс істеп жүргенін қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Тиль Швайгер – неміс киносының ең танымал актерлерінің бірі. Ол көрерменге 1997 жылы шыққан «Достучаться до небес» фильмінен кейін кеңінен таныла түсті. Картинада Швайгер өлімге әкелетін диагноз қойылған Мартин Брэстің рөлін сомдап, басты кейіпкердің бірі ретінде есте қалды.

Фото: Тиль Швайгер, «Бесславные ублюдки» фильмінен кадр
Фото: Тиль Швайгер, «Бесславные ублюдки» фильмінен кадр

Актердің халықаралық фильмографиясында Квентин Тарантиноның «Бесславные ублюдки», Гай Ричидің «Министерство неджентльменских дел» секілді танымал картиналары бар. Жалпы оның шығармашылық қоржынында 80-нен астам фильм бар.

Бірнеше елде түсірілген

«Құдайдың сауыты: Ультиматум» – Джеки Чан басты рөлде ойнайтын әйгілі шытырман оқиғалы франшизаның төртінші бөлімі. Фильмді қазақстандық Sәlem Entertainment пен гонконгтық Billion Target компаниялары бірлесіп түсіріп жатыр.

Картина режиссері – қазақстандық кинорежиссер Роберт Кун. Ең қызығы – «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің режиссері етіп Роберт Кунды Джеки Чанның өзі таңдаған.

Фото: Sәlem Entertainment
Фото: Sәlem Entertainment

Фильмнің Қазақстандағы түсірілімі маусым айында басталған. Жұмыс қазан айына дейін жалғасады. Түсірілім тобы Алматы, Алматы облысы, Маңғыстау облысы, Астана және Түркістандағы көрікті жерлерді фильмнің локациясы ретінде пайдалануда.

Жобадағы ең ерекше түсірілім орындарының бірі – Маңғыстаудағы Бозжыра. Қазақстанның табиғи ландшафтары фильмнің шытырман оқиғалы атмосферасын толықтыра түспек.

Фильмнің кейбір көріністері Гонконгта түсіріледі. Ал жекелеген эпизодтарға байланысты Джеки Чан бұған дейін Әзербайжанның Баку қаласына да барған.

Джеки Чан қайтадан қазына іздейді

Жаңа фильмде Джеки Чан көрерменге бұрыннан таныс кейіпкері – «Азиатский Ястреб» ретінде қайта оралады. Оның кейіпкері тағы да ежелгі құпиялар мен құнды жәдігерлердің ізіне түседі.

«Құдайдың сауыты» франшизасы Джеки Чанның актерлік мансабындағы ең танымал жобалардың бірі саналады. Ал жаңа бөлімнің Қазақстанда түсірілуі елдің халықаралық кино өндірісіндегі мүмкіндіктерін де көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Доспехи Бога 4: Ультиматум (@salem_jackiechan)

Енді жобаға Тиль Швайгердің қосылуы фильмнің халықаралық актерлік құрамын одан әрі толықтырды. Sәlem Entertainment компаниясы актермен бірге жұмыс істеу олар үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің премьерасы 2027 жылға жоспарланған.

Оқи отырыңыз