Британ театр және кино актері, Ұлыбританияның рыцарь атағын алған сэр Патрик Стюарт 86 жасында дүниеден өтті. Ол көрермендерге «Star Trek» ғылыми-фантастикалық сериалы мен «X-Men» фильмдеріндегі рөлдері арқылы кеңінен танылды.
Актердің қайтыс болғаны туралы ақпарат 29 қазанда оның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды. Өкілінің мәлімдеуінше, Стюарт Лос-Анджелестегі үйінде, отбасының ортасында көз жұмған. Соңғы уақытта ол Альцгеймер ауруы және Леви денешіктерімен байланысты деменциямен күрескен.
Оның өмір жолы мен шығармашылығы бірнеше буын көрерменінің есінде қалды. Патрик Стюарт тек Голливуд жұлдызы ғана емес, Шекспир шығармаларын сахнада сомдаған кәсіби театр актері ретінде де тарихта қалды.
Актерлік өнерге қалай келді?
Патрик Стюарт 1940 жылғы 13 шілдеде Англияның Йоркшир графтығындағы Мирфилд қаласында дүниеге келген. Ол қарапайым жұмысшы отбасында өсті. Анасы тоқыма фабрикасында еңбек етсе, әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әскери қызметкер болған.
Болашақ актердің өнерге қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. 12 жасында ағылшын тілі мұғалімі оған Уильям Шекспирдің «Венециялық көпес» шығармасындағы Шейлок рөлін берген. Осы қойылымнан кейін ол актер болуға шындап ден қоя бастайды.
Мектепті 15 жасында аяқтаған Стюарт алғашында журналист болып жұмыс істеген. Кейін жиһаз сатушысы қызметін де атқарған. Алайда өнерге деген қызығушылығы оны Бристольдегі Old Vic театр мектебіне алып келді. 1959 жылы кәсіби сахнадағы мансабын бастады.
1966 жылы Ұлыбританиядағы әйгілі Royal Shakespeare Company құрамына қосылып, онда 16 жылға жуық еңбек етті. Осы кезеңде ол Шекспирдің «Макбет», «Отелло», «Гамлет» секілді шығармаларындағы күрделі образдарды сомдады.
Әлемдік танымалдылық әкелген «Star Trek»
Патрик Стюарттың өміріндегі үлкен бетбұрыс 1987 жылы болды. Сол жылы ол «Star Trek: The Next Generation» телехикаясындағы капитан Жан-Люк Пикар рөліне бекітілді.
Қызығы, актер бастапқыда бұл ұсынысты қабылдауға асықпаған. Себебі ол өзін театр актері ретінде қалыптастырған еді және ғылыми-фантастикалық сериалға түсу сахнадағы беделіне әсер етуі мүмкін деп ойлаған.
Алайда Пикар бейнесі оның шығармашылық жолындағы ең танымал рөлге айналды. Стюарт жеті маусым бойы ғарыш кемесі Enterprise капитанының рөлін сомдады. Кейін осы кейіпкерді бірнеше толықметрлі фильмде және 2020–2023 жылдары жарық көрген «Star Trek: Picard» сериалында қайта ойнады.
Пикардың «Make it so» деген сөзі де көрермендер арасында кең тарады. Бұл тіркес кейіпкердің шешімділігі мен көшбасшылық қасиетін танытатын танымал фразалардың біріне айналды.
«X-Men» фильміндегі профессор Ксавье
Актердің тағы бір танымал рөлі – «X-Men» фильмдеріндегі профессор Чарльз Ксавье. Ол бұл кейіпкерді алғаш рет 2000 жылы экранға шыққан «X-Men» фильмінде сомдады.
Чарльз Ксавье – ерекше қабілеті бар мутанттарды біріктіріп, олардың қоғамда бейбіт өмір сүруіне жағдай жасауға тырысатын профессор. Кейіпкердің басты ерекшелігі – күш қолданудан гөрі келісім мен түсіністікке басымдық беруі.
Стюарт бұл рөлді бірнеше фильмде қайталап, кейіпкердің экрандағы бейнесін қалыптастырды. Оның фильмдегі әріптесі, актер Иэн Маккеллен Магнито рөлін сомдаған. Екеуінің экрандағы шығармашылық байланысы көрермендердің есінде қалды.
Бір қызығы, Стюарттың өзі бастапқыда бір ғана ғылыми-фантастикалық жобамен шектеліп қалудан қауіптенгенімен, кейін дәл осы жанрдағы екі ірі франшизаның басты тұлғаларының біріне айналды.
Марапаттары мен соңғы шығармашылық жұмыстары
Патрик Стюарттың еңбегі театр мен кино саласында жоғары бағаланды. Ол екі мәрте Laurence Olivier марапатына ие болып, «Питер мен қасқыр» аудиожобасындағы жұмысы үшін «Грэмми» сыйлығын алды. Сондай-ақ бірнеше мәрте «Эмми» және «Тони» марапаттарына ұсынылды.
2010 жылы Ұлыбритания патшайымы II Елизавета актерге драмалық өнерге қосқан үлесі үшін рыцарь атағын берді. Осыдан кейін оның есімі Sir Patrick Stewart деп атала бастады.
2023 жылы актер «Making It So» атты мемуарын жарыққа шығарды. Кітапта ол балалық шағы, театрдағы алғашқы қадамдары, Голливудқа келуі және шығармашылық жолындағы қиындықтары туралы баяндады.
Стюарт өмірінің соңғы жылдарына дейін өнерден қол үзген жоқ. Ол 2026 жылы шығуы жоспарланған «Avengers: Doomsday» фильмінде профессор Ксавье рөлін қайта сомдаған. Бұл оның кино әлеміндегі соңғы экрандық жұмыстарының бірі болмақ.