Жапондық аниме мен манга тарихындағы ең танымал туындылардың бірі – «Наруто» алғаш рет Голливуд форматындағы көркем фильм ретінде түсірілмек. Lionsgate студиясы басты кейіпкерлердің рөлдеріне халықаралық кастинг басталғанын хабарлады.
Фильмді «Шан-Чи және он сақина туралы аңыз» картинасын түсірген режиссер Дестин Дэниел Креттон қолға алды. Ол режиссер ғана емес, жобаның сценарий авторларының бірі де болады.
Әлемнің кез келген тұрғыны бақ сынай алады
Кастингке әлемнің түкпір-түкпірінен үміткерлер қатыса алады. Іріктеу әйгілі 7-команданың мүшелері – Наруто Узумаки, Саске Учиха және Сакура Харуно рөлдеріне жүргізіледі. Бұл шешім фильм авторларының жаңа таланттарды іздеуге және кейіпкерлерді барынша шынайы сомдайтын актерлерді таңдауға ниетті екенін көрсетеді.
«Наруто» мангасының авторы Масаси Кишимото Голливудтың өз туындысын экранға шығаратынына әлі де сене алмайтынын айтып, болашақ фильмде кейіпкерлердің мінезі мен рухын дәл жеткізе алатын актерлер ойнайды деген үмітін білдірді.
Әлемдік феноменге айналған шығарма
«Наруто» мангасы алғаш рет 1999 жылы жарық көріп, аз уақыт ішінде әлемдегі ең танымал шығармалардың біріне айналды. Кейін оның желісі бойынша аниме, толықметражды фильмдер, бейнеойындар және түрлі өнімдер шығарылды. Бүгінде манганың жалпы таралымы 60-тан астам елде 250 миллион данадан асып, әлемдік поп-мәдениеттің маңызды туындыларының бірі саналады.
Фильмнің нақты премьера күні әзірге жарияланған жоқ. Алайда халықаралық кастингтің басталуы жобаның өндірісі қарқын алғанын көрсетеді. Бейресми мәліметтерге сәйкес, түсірілім жақын арада басталып, көрермендер фильмді 2027-2028 жылдары кинотеатрлардан тамашалай алады.