Гитлердің 70 шақырымдық «елес жолы»: Германиядағы ең ұзын аяқталмаған автобан

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Германияда ұзындығы 70 шақырымға созылған ерекше жол бар. Ол картада болғанымен, ешқашан толық аяқталып, пайдалануға берілмеген. Бүгінде бұл нысан «Трасса 46» деп аталады және Еуропадағы ең ұзын аяқталмай қалған автобан ретінде белгілі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы Euronews басылымы жазды. Трасса 46 жобасы 1930-жылдары нацистік Германия кезінде қолға алынған. Жол Бад-Херсфельд пен Вюрцбург қалаларын байланыстыруы тиіс еді.

Алайда бұл автобан тек көлік қозғалысын жеңілдету үшін салынбаған. Сол кездегі билік жол арқылы Германияның табиғатын, тарихи орындарын және инженерлік мүмкіндіктерін көрсетуді көздеді. Сондықтан трасса әдейі көркем жерлер арқылы жүргізілген. Жүргізушілер жол үстінде тауларды, ормандарды және көне қамалдардың қирандыларын тамашалай алуы керек болатын.

Құрылыс қалай басталды?

Автобан құрылысы 1937 жылы басталды. Мыңдаған жұмысшы тартылып, сол заманның озық техникасы пайдаланылды. Жоба Германияның оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын маңызды көлік дәлізі болуы керек еді.

Алайда құрылыс ұзаққа созылмады.

1939 жылдың 4 қазанында құрылыс жұмыстары толық тоқтатылды. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, елдің қаржысы мен ресурстары әскери мақсаттарға бағытталды.

Сол кезде жолдың көптеген бөлігі салынып үлгергенімен, жоба аяқталмай қалды. Кей жерлерде көпір тіректері, тоннельдердің кіреберістері және тас құрылыстар ғана сақталған.

Соғыс аяқталғаннан кейін де салынбады

Соғыс аяқталғаннан кейін де құрылыс қайта жанданған жоқ. Мамандардың пікірінше, трассаның кей бөліктері тым тар әрі еңісі тік болғандықтан, заманауи көлік талаптарына сәйкес келмеген.

Оның орнына Германия басқа бағытты таңдап, кейінірек A7 автомагистралі салынды. Бүгінде бұл елдегі ең маңызды көлік жолдарының бірі саналады.

2003 жылдан бері Трасса 46 тарихи мұра ретінде қорғалады. Сарапшылар оны Еуропадағы толық сақталған, бірақ ешқашан пайдалануға берілмеген ең ұзын автобан деп есептейді.

Қызықты дерек

Қазір бұрынғы жол табиғатпен біте қайнасып кеткен. Кей бөліктері жануарлар мен өсімдіктердің мекеніне айналса, кей жерлері туристер мен жаяу серуендеушілерге арналған бағыт ретінде пайдаланылады.

Трасса 46 көбіне «елес автобан» деп аталады. Себебі оған миллиондаған қаржы жұмсалғанымен, жол бірде-бір рет толыққанды көлік қозғалысына қызмет еткен емес. Бүгінде ол нацистік Германияның ауқымды, бірақ аяқталмай қалған жобаларының символы ретінде тарихта қалды.

Оқи отырыңыз