Жаңалықтар

Ғылым мен білім тақырыбының жазылуындағы жанрдың орны

Мерзімді басылым бетінде ғылым мен білім тақырыбының жазылуындағы жанрдың ерекшелігі 
Ғылым мен білім тақырыбының жазылуындағы жанрдың орны
16.09.2017 17:09 2429

Бүгінгі күнде адамдардың өмір сүруі мен қоғамның әртүрлі саласында ғылымның атқаратын рөлі зор.  Сөз жоқ, мемлекеттiң қазiргi дамуы білімді, өркениетті, мәдени, экономикалық көрсеткiштермен өлшенеді. Сонымен бiрге қазiргi заманның жаһандық мәселелерiн шешудегі ғылымның әлеуметтiк күш ретінде қызметі  өте маңызды.  Ақпараттық жанрлар рөлі бүгінгі таңда өлшеусіз артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары шағын хабарларға, жедел ақпараттарға ерекше назар аударады.

Қазір газет жарияланымдарының, радио мен теледидар бағдарламаларының  басым бөлігін ақпараттық жарияланымдар құрайды. Жанрларды қалай айдарлап, қалай атасақ та, бұлардың арасынан қағидатты қайшылықтарды байқай аламыз. Мысалы,  «газет жанрлары» деген атау бұл жарияланымдардың газет-журнал тәжірибесінде жиі пайдаланатындығына байланысты туған. Сондықтан да бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жарияланымдардың қалыптасқан нысандары (шағын хабарлар, репортаждар, сұхбаттар, мақалалар) қолданылады. Ал журналда газет тәжірибесіндегі жанрлардың бәрі бірдей жиі пайдаланыла бермейді. Журнал жарияланымдары көбіне теориялық, насихаттық, танымдық бағытты көздейді. «Сұхбат – журналистика тәжірибесінде кең тараған байырғы жанрлардың бірі. Ол автордың шеберлігімен шешілетін, оқырман мен журналист арасындағы өзара сенім мен иланымдылықты орнықтыратын жанр. Өйткені аса білімді,  көп нәрседен хабардар, беделді тұлғаман жасалған сұхбат тілшінің де, газеттің де абыройын арттырады. Сол себепті  журналистің  мұндай сұхбаттар ұйымдастыруға жан-жақты  дайындалғаны, тақырыпты зерттеп, іздегені, мамандармен кеңескені абзал». Сұхбат ақпараттық топқа жататындығына қарамастан, оның хабарлау, дерек беру, таныстыру мақсатынан өзге жанрлық ерекшеліктері бар. Олар - журналистік шығармалардың композициялық әдісі болып орныққан диалог, ішкі динамикалық  құрылым, көтеріп отырған тақырыбы, тілі мен стилі, авторлық  бағыт-бағдар.

Профессор Т.С.Амандосов кезінде қазақ баспасөзінде сұхбат жанрының әңгіме, анкета, сұрақ-жауап, «дөңгелек үстел басындағы әңгіме» түрлері пайдаланылып жүргенін атап көрсетті. Ал  профессор Т.Қожакеев  сұхбатты (яғни, интервьюді) хабарлама интервью, түсіндірмелі интервью,  интервью-мазмұндама, интервью, ресми интервью сияқты түрлерге бөледі. Публицистика жанрларына арналған орыс тіліндегі кейбір еңбектерге зер салып көрейік: «Справочник журналиста» кітабында сұхбаттың монолог, диалог, суреттеме, анкета және ұжымдық  түрлері болатындығы айтылған. Авторлар «дөңгелек үстел басындағы әңгімені» сұхбаттың ұжымдық  түріне жатқызады. Профессор М.К.Барманқұловтың пікірінше, сұхбат берушінің сипатына қарай жанр бұл жанр төрт шағын топқа (сұхбат-пікір, сұхбат-ақпарат, сұхбатэмоция,  сооциологиялық сұхбат),  ал сұхбат алушының сипатына қарай  екі шағын топқа (тікелей журналистің өзі алатын сұхбат және оқырман, телекөрермен мен радио тыңдаушы алатын сұхбат) бөлінуі мүмкін.  Сонымен бірге ол сұхбатты, баспасөз мәслихатын және дөңгелек үстел басындағы әңгімені  жанрлардың диалогтық тобы деп қарастырған. Сұхбаттың диалог түрі – журналистика  тәжірибесінде кең тараған, журналистер жиі пайдаланатын түрі. Сұхбат - диалогтың  басты белгілері: қойылған сұрақтар мен қайтарылған жауаптар тұтас беріліп, екеуара әңгіменің  мәтіні толық көрсетіледі; журналистің сұрағы, әдетте қарамен теріліп, көрнекі етіп беріледі; жауаптың мазмұны сұрақтың қойылуынан туындап отырады. Баспасөзде мұның бір тақырып бойынша бірнеше адамдармен  сұхбаттасу арқылы жасалатын нысаны да кездеседі.

«Түркістан» басылымының 2008 жылғы No1 санында сол жаңа жылдың беташары болып отырған академик-ғалым Шаһмардан Есеновтің «Зерделі жасқа жол ашық» атты сұхбаты берілген. Сұхбат авторы белгілі журналист Бақытжан Тобаяқов. Автор сұхбаттың толық мәтінін бермес бұрын кейіпкердің өмір жолына қысқаша тоқталып кетеді. Бұл кейіпкер 1967-1974 жылдар аралығында Қазақ СССР Ғылым академиясының президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты болғаны туралы қысқаша  шолу жасайды. Бұл сұхбаттың ерекшелігі - журналистің нақты тақырып бойынша берген сұрағына  кейіпкердің нақты жауап қайтаруы. Әңгіме жауап қайтарып отырған адамның ой-толғаныстарына, ұсыныс-пікірлеріне негізделеген. Мұнда дәстүрлі сұхбаттағыдай сұрақ көп қойылмайды, сөз бір сауалдың төңірегінен өрбіп отырғанына көзіміз жетеді. Газет тәжірибесінде мұндай сұхбаттың соңына «әңгімені жазып алған» деп журналистің қол қоюы жиі кездеседі. Композициясы, берілу нысаны және мазмұны жағынан сұхбаттың бұл түрі авторлық мақалаға, корреспонденцияға ұқсас келеді. Күнделікті өмірде «хат» сөзінің бірнеше мағынасы кездеседі. Мекемелердің дәстүрлі ресми құжаты да, жеке адамның басқа біреуге  жазғаны да хат деп аталатыны мәлім. Ал журналистика жағдайында хат дәстүрлі болмысында болғанымен, ол баспасөз көздейтін қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік мақсаттарды бірінші кезекке қояды. Біріншіден, хат жанры баспасөзге маңызды да жедел шешілуге тиісті проблемеларды көтеретін авторлық шығармалар үлгісінде көрінеді.  Екіншіден, ол белгілі бір орыннан жазылатын сериялы корреспонденциялар мақалалардың айдары ретінде байқалып жүр.  Ұлттық журналистикадағы хат жанрының қалыптасуына екі жағдай негіз болды. Оның біріншісі  жеке тұлғалардың монолог нысанында келетін әртүрлі жазбалары, хат үлгісінде жазылған кейбір ресми құжаттар. Ал екіншісі  белгілі жазушылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің бір-біріне жазысқан хаттары. «Журналистика жағдайында хат дәстүрлі болмысында болғанымен, ол баспасөз көздейтін қоғамдықсаяси, экономикалық-әлеуметтік мақсаттарды бірінші кезекке қояды. Біріншіден, хат жанры баспасөзге маңызды да жедел шешілуге тиісті проблемеларды көтеретін авторлық шығармалар үлгісінде көрінеді.  Екіншіден, ол белгілі бір орыннан жазылатын сериялы корреспонденциялар мақалалардың айдары ретінде байқалып жүр». Мұны газеттердегі «Ауылдан хат», «Кәсіпорыннан жазылған хаттар», т.б. осындай айдарлар аясындағы жарияланымдардан көруге болады. Үшіншіден, оқырмандардың редакцияға түскен арыз-шағымдары, тілек-өтініштері, ұсыныс-пікірлері де хат деп аталады. Әдеттегі «Оқырман хаттары», «Редакцияға хат келді...», «Апта почтасы» секілді хаттар топтамасы осының айғағы. 

«Егемен Қазақстан» газетінде «Оқырманнан хат» атты айдар бар. Бұл айдар кез келген оқырманды толғандырып жүрген сауалдарға жауап береді. Бұл сауалдар көбіне хат түрінде редакция почтасына көп жылдар бойы келіп тұрған екен. Соның бірі танымдық сұрақ қояды, оның мазмұны төмендегідей:      «Құрметті редакциясы! Сіздерге бір сұрақ қояйын деп едім. Халық арасында осы қарақұрт туралы әртүрлі үрейлі әңгімелер бар. Ол шақса адамды өлтіре жаздайды дейді. Ғалымдар қарақұртты зерттеген бе? Сол туралы қызықты мақала жазбайсыздар ма? Сәлеммен, Ұлбосын Жиенбаева, 10 сынып оқушысы. Шардара ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы».  Осы хаттың мазмұнына толық жауапты сала маманы бергеніне куә боламыз. Жауаптың өзіне тақырып қойылып, мақала түрінде жарияланған. Мақаланы аты «Шақса түйені өлтіретін жәндік» деп аталады.                                         

Бұл хатқа биолог ғалым, Қазақтың қыздар педагогикалық институтының доценті Зейнеп Амантайқызы жауап мақала жазып, жалғыз қарақұрт емес, осы өрмекші тәрізді жәндіктер қатарына жататын құршаян мен бүйілер туралы ғылыми-танымдық мақаласында баяндап, сол мақаланың толық мәтінін газет  бетінде жариялаған. Мақала былай басталады: «Зерттеген адамға өрмекші тәрізділердің (қарақұрт, құршаян, бүйі т.б.) тіршілігінің  де үлкен ғылыми және танымдық маңызы бар. Біздің республикамыздың оңтүстік аудандарында ең ұлы өрмекші-қарақұрт жиі кездеседі. Қарақұрттың сыртқы түрі кішкентай өрмекі тәрізді, қара барқыт түсті. Аналығының улы безі тырнақ тәрізді жоғарғы жағынан ашылады. Қарақұрт тек қана жалаң аяғымен басып кетсең немесе өсімдік, т.б. жинап жүріп жаншып кетсең шағады.  Сол үшін де үлкен кісілер, әсіресе, малшылар қара тасты баспа, қара бүршікке тиме деп айтады. Қарақұрт көбінесе мамыр мен қыркүйек айлары аралығында шығады. Сондықтан оған ауылшаруашылығындағы жұмыс істейтін шөпшілер (тракторшы, комбайнер, шопан, сауыншы, жылқышылар, т.б.) тап болады. 

Республикамыздың белгілі жаратылыстанушы ғалымы П.И.Мариковский қарақұрт жайында қалмақтардың мынадай аңызы бар дейді; «Тіршілігінде өкпелеген адамдардың жаны, өлгеннен кейін өрмекшілерге орналасады да, өкпелеткені үшін адамдардан кегін алады»,- деге сөз де бар. «Қарақұрт шаққанда дене қызуы 38-39 градусқа жетеді, ауру денені күйдіріп бірден бүкіл денеге тарайды, бірақ ісік болмайды. Тері көкпеңбек болып суық тер шығады. Басы айналып, ауырады, дем ала алмайды, денесі тырысады, лоқсиды. Кейде сөйлей алмай да қалады. «Қарақұрт шаққаннан кейін 3 минутқа дейін 1 шіріңке шидің басын шаққан жерге қойып, екінші сіріңкемен жағу керек. Бұл – өте тиімді әдіс», - дейді профессор Мариковский. Дегенмен емхана-ауруханаға жеткізген дұрыс. Оның уына қарсы «антикобра», «антигюрза» т.б. препараттарды пайдаланады. Шаққан жерді қозғалтпау үшін таяқпен байлап, ыстық шай не кофе беру керек. Қарақұрттың шағуынан сақтана білу керек. Ол үшін жалаң аяқ жүруге болмайды; жерде жатқан киімді алып киместен бұрын оны айналдыра мұхият қараған абзал. Қарқұрт түнде жарыққа барады, содан сақ болу керек; түнде жатқанда масахананы пайдаланған дұрыс. Табиғатта қара құрттан басқа улы ақ қарақұрттар да кездеседі. Қазіргі уақытта Копетдаг мемлекеттік қорық лабораториясында осы улы буынаяқтылардың бағалы уын ғалымдар алып зерттеуде. Оның 1 грамм  ақ ұнтағы бұрынғы бағаның өзімен 3.230 сом болған. Сондықтан да осындай қарақұрт өрмекшісінің сыртқы құрылысы, биология, экологиясы, одан сақтана білудің, қорғаудың маңызы өте зор». Құршаян да өрмекшілер тобына жатады.Сонымен табиғаттағы ұсақ жәндіктер өрмекшілер тобына жататын қарақұрт, құршаян, бүйі т.б. адамзат үшін зиянымен бірге пайдасы да бар. Сондықтан олардың ұясын бұзып өлтіру жағын ғана ойламай, олардан сақтану шараларын жүргізіп және қорғай отырып, пайдалы жақтарын дұрыс мақсатта қолдана білген абзал. Біле білсек, табиғатта артық нәрсе жоқ». 

Бұл ғылыми-танымдық мақалада автор оқырман хатына толық жауап берген. Фактіні тауып, іріктеп, зерттеп және оны нақты  орын мен белгілі бір уақыт шеңберіндегі адам әрекетіне қажетті тұстарын көрсету арқылы жазуы ең қажетті нәрсе. Бұл мақалада бір ғана пікірге сүйенбеген. Ол бірнеше ғылыми пікірлерді салыстырып, салмақтауы нәтижесінде маңызды пікірлер айтқан. Бұған қосымша осы фактілерден түйін түйетін автордың өзіндік ойпікірі бар екені көрінеді. Автор ойларын дәлелмен баяндап қоймай, нақты мысалдармен дәлелдеген. «Жас Алашта» «Туған тұғырдан ғарышқа» атты Тоқтар Әубәкіров туралы (Жас Алаш, 2011, No55) - деген Жүсіпбек Қорғасбековтің мақаласы шықты. Мақалада Тоқтар қазақ жұртына кеңінен таныстырылды. Оның өмірбаяны, ұшқыштық жолы ашылады. Публицистің қалам сілтесінде қалың қазақ қауымының қуанышы да көрініс табады. «...Ол Тоқтар Әубәкіровтің туған жер төсінен, Байқоңырдан космосқа сапар шеккені... Өйткені, біз үшін қазақ азаматының ғарышқа ұшуы - қазақ жерінің осыған дейін космосты игеруге қосқан орасан зор үлесінің символы іспетті көрінері хақ...» (Жас Алаш. 2011, No61), -деп тебіренеді. «Сең бұзылды деген - осы. Қазақ азаматы да көк төсіне самғады. Бұл  ел өміріндегі елеулі жаңалық болды. Араға бір апта салып, журналист Несіп Жүнісбаевтың «Туған тұғырдан ғарышқа» ұшқан қазақтың  бірі - Талғат Мұсабаев» (Жас Алаш. 2011, No7),- деген мақаласы және шықты. Бұл жоғарыдағы тақырыптың жалғасы. Мақалада Талғаттың ғарышқа басқан баспалдақтары өрнектеле келіп: «Талғат бір халықтың атын космос әлеміне жазған жігіттің бірі» - деп таныстырады. Осы қос мақалада қазақ қауымына таныстырған қос қыран көк жүзіне туған дала төсінен самғағанына да куә болған қуанышты сәттер туралы толғанады.

Олардың ашық аспан, алыс ғарыш әлеміне Абай әнін, қазақ даусын, қазақ тілін, қазақ туын жеткізген күндерін де көргеніміз туралы баяндайды. Осы қос публицистикалық шығарманың тарихымыздағы алатын орны ерекше. Осыған қарап, қазақ публицистикасында өткенді, бүгінді ғана айшықтаумен бірге, болашақты да болжау, келешектің алдын алу тәсіл-тәжірибесі де қолданылғандығын аңғара аламыз. Талай-талай ғарыш кемелері Байқоңырдан көтерілді,- деп мақтан тұтып келдік. Ал сол Байқоңырдың бізге пайдасынан басқа зияны бар ма? «Мезгіл мінбесінен» айдарымен жарық көрген журналист Мақпал Жұмабайдың «Байқоңыр бағымыз ба, сорымыз ба?» атты проблемалық мақаласында сол сұраққа жауап ізделеді. Осындай тақырыпқа бұрынғы кеңестік режим кезінде қалам тербеу тіптен мүмкін емес еді. «Космодромның төңірегіндегі қазақтар әлі де май шаммен отыр» (Жас Алаш. 2011, No101), - деген тақырыпша қойып, аспан кемелері бірінен соң бірі самғап жатқан заманда ғарыш айлағының дәл түбінде май шам жағып отырған жергілікті жұрт бар екенін соншалықты контрасты түрде көрсете алған. Проблеманы ашу  үшін қолданылатын публицистикалық салыстыру дегеніміз - осы. Байқоңырдың қоршаған ортаға келтіретін экологиялық, әлеуметтік залалдарын нақты дәректермен дәлелдейді. «Космосты игеру неге тұтас елдің көз жасы арқылы жүзеге асуы керек ?» - ащы да болса ашына сөйлеп, сауал тастайды. Ақселеу Сейдімбектің «Егемен Қазақстан» газетінде «Жарияланбайтын жазбалар” атты ғылыми-танымдық мақаласы 2008 жылдың No125 санында жарық көрген. Бұл мақала – кеңестік империяның соңғы ширек ғасырына куә болған ұрпақтың күнделігі іспеттес. Күнделік дегеннен гөрі  қазақ елінің азаттығын аңсаған қаламгердің жазба десе де болғандай. “Жарияланбайтын жазбалар” деген атауы айтып тұрғандай қаламгер өмір сүрген жылдардағы саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өмір туралы сөз болып, өзіндік ойтұжырымдар жасалып отырады. Бұл мақалада публицист көтерген мәселелелері қомақты және ұлттың азаттығы, рухани кемелдік, мәдениетіміздің төлтумалығы сияқты салмақты мәселелер сөз болады. Материал күнделік түрінде жазылса да қаламгердің жеке басының мәселесі  мүлде сөз болмайды, керісінше,  ел өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар, ғылымдағы соны жаңалықтар, халықтың ахуалы қаламгерді бір сәт  бейтарап қалдырмайды. Автор көне түркі тарихының білгірлері  Л.Н.Гумилев, Г.Е.ГрумГржимайло, Г.Н.Потанин, Ш.Уәлиханов, Ә. Марғұлан еңбектерінің негізіне сүйене отырып, ертедегі ғұн, скиф, түркі, қыпшақ тайпалары өмір сүрген дәуірлерді өзінше талдайды. Осы тайпалардың мәдениетіне терең бойлап,  Қазақстанның оңтүстігіндегі Бесқала, Сауран, Сайрам, Тараз қалаларының тарихына, ертедегі Иран, Парсы, Грек, Рум елдерінің сауда-саттық жасауы мен  мәдениеттердің алмасуына қатысты мол деректерді келтіреді. Кей тұстарда жазушы жер мен судың аттарының қойылуы тарихына үңіле отырып, сөз тіркестерінің мағынасын ашуға талпынған. Автор Қазақтанда екі мәдениеттің қатар өмір сүріп отырғанын тілге тиек етеді. Біріншісін, ҮІ-ҮІІ ғасырдағы  Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алатын дәстүрлі халықтың өнері десе, екіншісі кеңестік дәуірде пайда болған эклектикалық өнер деп бөледі. Біріншісінің тамыры тереңде дей келе, екіншісін  нәрсіз, бірақ сүйеніші мықты жаны сірі деп түйіндейді. Сонымен қатар, автор А.И.Солженицынді, П.А.Столыпинді, Н.С.Хрущевті Одақ халықтарын бөлшектеуді көздеген шовинистік саясатты ұстанушы деп әшкерелейді.  Сондай-ақ Исай Калашниковтың «Жестокий век» романын,  тарихшы-этнограф Н.Э.Масановтың еңбектерінне байланысты орынды сын-пікірлер айтуы тарихшыларға еріксіз ой салады.

Жазушы халықтың ой-санасына өзгеріс сонау 1987 жылдары кіре бастағанын айтады. «Көшпелілердің мыңғырған малының иесінің болуы мейлінше шартты ұғым. Өйткені көшпелілердің қоғамы рулық құрылымға негізделген. Ру аясындағы кез-келген байдың ет жақыны, ағайыны, аталасы. Мал өнімі өзінен өзі тұтас рудың игілігі болып табылады» - дей келе, тарихшылардың жаңа зерттеулерге жетелейтін тың ойлар айтады. «Меніңше, Шыңғыс хан бастаған моңғолдар деп жүргеніміздің дені, басым көпшілігі – кейін қазақ халқының шаңырағын көтерген рулар. Тарихтың қисыны да, барша тарихи дерек те осы ойға қайшы келмейді. Ең көне деректердің бірі «Алтын топшы» атауы дәл осы үндестігінде, дәл осы мағынасында қазақ тілінде айтылады... Тағы бір ескеретін жәй тек қана жазба мұралармен шектелмей, қазақтың ауызша шежірелерін де тарихи дерек ретінде қарастыратын мезгіл жетті. Әсіресе, ру, адам аттарын анықтауда өлеңмен баяндалған шежірелердің деректік құны айырықша» - дейді.  Публицистің ұлт мәдениетінің келешегі туралы ой-тұжырымдары әр беттен көрініс беріп отырған. Қазақтар үшін ұлтжанды болу бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі екенін айта келе,  өз тағдырының тізгінін ұстауға ұмтылу ұлт болып қалудың киелі жолы деп түсіндіреді.  Мәселен, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Түркістан», «Алаш айнасы» басылымдарында арғы тарихымыздан Ағыбай батыр, Олжабай батыр, Абылай хан, Кенесары, Шыңғыс хан, Қазыбек бек Тауасарұлы, Бабыр, Көкжал Барақ, Досан батыр, Ықылас Дүкенұлы, Сырым Датұлы, Жанқожа батыр, Ескелді би,  тағы басқа біртуар халық жадынан өшіп бара жатқан тұлғалар туралы ондаған ғылыми мақалалар жарияланды. 

Бергі тарихымыздағы Алаш қозғалысы, ашаршылық нәубеті, репрессия зобалаңы, күштеп ұжымдастыру зардаптары, Голощекиннің «асыра сілтеу» саясаты, тың игеру хақында мақала, сұхбат жанрындағы жарияланымдар көптеп жарық көрді. Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Жақып Ақбаев – Алаштың бас прокуроры», «Профессор Ермеков – Алашорданың вице - премьері», Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш Орда», тағы басқа көлемді ғылыми-танымдық мақалалары соның дәлелі.  Осы басылымда ғалым Ш.Есеновтың «Қазақстанның ашылмаған байлықтары» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақала қазір де өз маңызын жойған жоқ. Өйткені, республика жеріндегі қазба байлықтарын сөз еткенде түсті металдардың Сарыарқа сілемдері, Қаратау мен Алтай қойнауларында, темір рудасының Торғай қақпасы маңында, көмірдің Қарағанды мен Екібастұзда, мұнай мен газдың Каспий теңізінің жағалауында кездесетіні жазылатын. Ал, әлгі мақала туған топырақ қойнауының әлі ашыла қоймаған сырлары, табыла қоймаған қазына байлықтары туралы айтады. Оларды бұрынғыдай таулы-қыраттардан ғана емес, ойлы-ойпаңдардан іздеу керек деген ой қозғайды. Ол Арал мен Арқаның арасын алып жатқан Торғайдың ойпаты, геологтар тілімен айтсақ, Торғай иіні, сосын Тянь-Шаньнің терістігін ала көсіліп жатқан Шу-Сарысу ойпаты, оған жалғас Балқаш ойпаңы, содан тарамдана Іле мен Алакөл ойпаттары, одан әрі Зайсан шұңқыры. Енді барлаушылардың бұрғылары сол жерлерге қадалып, болашақ кен көздерін солардан іздеу керек делінген.  «Жырақтағы жәдігерлер Атажұртпен қашан қауышады?» атты Қали Сәрсенбайдың ғылыми-сараптамалық мақаласындағы ойлар бүгінгі таңдағы мәні маңызды мәселені қозғаған. «...Өткеннің өрнегі, тірі куәсі – мәдени, тарихи ескерткіштеріміз. Мәдениеті марқайған, рухани кемеріне келіп толысқан еңселі ел боламыз десек, ендігі жерде кезінде шет жұртта ескерусіз қалған ата-баба көзіндей асыл мұраларымызға іздеу салып атажұртқа қайтаруды қолға алу – перзенттік парыз, тәуелсіздіктің алға тартқан қастерлі міндеттерінің бірі әрі бірегейі» (Ана тілі. 2008, No4 ), - дейді автор. Кезінде Санк-Петербургке апарған Абылай ханның мүліктері, тұтынған заттары, Кенесары атына қатысты құнды дүниелер, сондағы алып қобыз, қазақ даласының сонау скифтерден бергі небір құнды ескерткіштері, тасқа қашалып қалдырылған жазу-сызу жәдігерлері, Есіктен табылған «Алтын киімді адам», 1928 жылы байлардан тәркіленген алтын, күміс, мыс, жезден жасалған халықтық қолөнер бұйымдары, Қожа Ахмет кесенесінен әкетілген қасиетті Тайқазан, Париждің Луврынан бірақ шыққан Ақсақ Темір сыйға тартқан шамдал, тағы басқа құндылықтарымызды тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи-мәдени байлығына айналдыру хақында жазылады. Ұлттық кітапхананың тәжірибелі мамандарының айтуына қарағанда, 1907 жылы Санк-Петербургте Міржақып шығарған «Серке» газеті Токиодан табылса, А.Байтұрсыновтың «Тіл құралы кітабы» Нью-Йорк кітапханасында, «Қорқыт Ата кітабы» Дрезденде, Ватиканда, «Бабырнама» Лондонда деген сөз бар екендігін тілге тиек етеді. Публицистің бар мақсаты – кезінде талан-таражға түсіп, мақсатты, мақсатсыз түрде шет жұрттар қолына тиген ескерткіштерімізді, мәдени-тарихи мұраларымызды өз игілігімізге, ұрпақ құндылығына жарату бағытындағы ардағы істі бастауға түрткі болу. Бұл проблемалық мақала басылғаннан  кейін де журналистер бұл тақырып әлі де қаузап келеді.  Жоғарыдағы басылымдар қазіргі күннің  білімі мен ғылымының өзекті мәселелерін, әсіресе оқу, білім, ғылым саласындағы жаңалықтарды көтеріп келеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары қазақтың рухани әлемі тәуелсіздіктің қайнар бұлағы болып табылады. Бұл туралы қазақ басылымдары жарыққа шыққан күнінен бастап үзбей жазып келе жатқанына оқыған сайын көз жеткіздік. Оның ішінде әсіресе, мемлекеттік ғылымды қолданудағы олқылықтар, бұқаралық ақпарат құралдары қызметіндегі бұратартушылықтар, ғылым саласындағы қаржыны меңгерудегі сылбырлықтар, білім реформасындағы қиыншылықтар – бәрі туралы оқырман қауымды тек хабардар етіп қана қоймай, жан-жақты осы проблемалардан шығу жолдарын ұсынған тұстары да жетерлік. Қайнар Олжай «Тәуелсіздік талаптары» айдарымен берілген мақаласында «Ескерткіштер – ел еңсесі» екенін мойындар болсақ, күні біткен пролетариат көсемдерінің орнына қазақтың қамын жеген ұлдарының мүсіндерін, еліміздің елдігін танытатын ғажайып туындыларды орнататын мезгіл жетті», -  деп пісіп-жетілген ұлттық мәселені ақпарат айдынына алып шығады. «Бізге қарағанда бұл мәселеде Манас пен манасшылардың алып монументін жасаған қырғыз бауырларымыз көш ілгері» (Егемен Қазақстан. 2012, No48), - дей келіп, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бабаларымыздың мүсінін қояр күннің туғанына ел назарын аударады. БАҚ-та 2008-2013 жылдар аралығында жарық көрген білім мен ғылым туралы публицистиканың басты өзгешелігі – бұрын жазылмаған мәселелерге еркін қалам тербелген. Шын мәніндегі еркін, азат публицистика басылымдардың мазмұнын аша түседі. Бұл кезеңде білім мен ғылым туралы материалдар арқылы қазақ публицистикасын тақырыптық және проблемалық тұрғыдан байытты десек болады. Соған сай мазмұндық жағынан да публицистиканың өмірді шынайы қамту ауқымының аясы кеңейді.  Қазақ басылымдары білім мен ғылым саласын жазып қана қоймай, тәрбие мен таным мектебі бола білді, қоғамдық пікірге ықпал етіп, білім, ғылым, тіл, дін, мәдениет, салт-дәстүрді насихаттағанда қоғамдық ой-пікірдің шынайы қалпын танытуды мақсат еткендігіне көз жеткіздік. Уақыт өте келе білім, ғылым, тіл, дін, руханиат мәселесінің маңыздылығын, ұлттың ұлы қасиеті – ана тілін қорғау, дінін сақтау, түптеп келгенде руханиатына көңіл бөлу ниетіндегі іс-шаралардың қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын бұзуға емес, керісінше, қазақ елін біріктіруші фактор міндетін атқаруы тиістігіне назар аударуға бағытталғанын бағамдау басым болғанына басылымдар беттерін оқығанда көзіміз жетті. Қорыта айтқанда, БАҚ-та ғылым мен білім тақырыбының жазылуы, оның тағдыры үшін күресте шыңдалған шығармашылық қыр-сыры айтылды. Бұл басылымдардың қазақ елінің келешегі үшін атқарған ауыр міндеттері, жүзеге асып отырған жаңашылдығы мен бағыт-бағдар берерлік біліктілігі жайлы да сөз қозғалды. Қазақ халқының бір таянышы баспасөз болса, қазақ баспасөзінің тұғыры – ғылым, білім, өнер болып табылатыны даусыз. Батылдық пен байсалдылық, пәрмен мен парасаттылық таныта алған қазақ басылымдары өз дәуірі, өз заманы артқан міндетті адал атқарып келе жатыр деп айта аламыз. Ендігі мәселе ақпараттың толыққандылығы туралы болмақ. Мысалы, Елбасының немесе бір қоғам қайраткерінің аузымен білім мен ғылымға қатысты тың ұсыныс айтылды делік. Осыны газет немес журнал тілшісі ақпарат ретінде хабарлап қана қоймай, оған қатысты салалық мамандар мен сарапшылардың да ой-пікірлерін сұрап біліп, кеңейтілген жаңалық немесе комментарий-түсініктеме ретінде де материал жасау тәжірибесі қалыптасты. Өйткені, тұтынушы үшін бастапқы жаңалыққа байланысты тиісті мамандардың қандай көзқараста екенін білу де маңызды. Оған мысалды «Егеменнің» сайтының «Өзекті пікір» айдарынан көруге болады. «Егемен Қазақстан» мұнда болған оқиғаларды қорытып, сарапшылар мен мамандардың пікірлерін ортаға салатын көлемді талдамалық материалдарды, сонымен қатар апталық шолу аптасына бір рет беріліп тұрады. Салалық мамандар мен сарапшылардың да ой-пікірлерін сұрап біліп, кеңейтілген мағлұмат беруге негізделген сұхбаттар жарияланып тұруы да жолға қойылған. Сайт бетіндегі көлемді жанрлар үлкен маңызға ие.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға