Жаңалықтар

«Геология жаңа сатыға көтерілді». Сәтбаевтың көпке беймәлім еңбегі

12 сәуір – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы
«Геология жаңа сатыға көтерілді». Сәтбаевтың көпке беймәлім еңбегі
Фото: Коллаж El.kz 12.04.2024 10:00 1921

Бүгін қазақтың ғұлама ғалымы Шығыс елдерінен шыққан алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Ғұмыры ғибратқа толы тұңғыш геолог жайында айтылар сыр көп. Ғылым күні мен ұлы ғалым, академиктің мерейтойының қатар келуі - еліміздің бүкіл ғылыми қауымы үшін айтулы мереке. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, ғылыми қызметкерлерін сөзге тартып, ғалым жайында әңгіме өрбітті.

Аңызға айналған тұлғаның соңында мәңгілік мұрасы қалды. Ғалымның мерейтойына орай, академик атындағы геологиялық институттың пайдалы қазбалар кенорындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау  кафедрасының профессоры, академик Ақылбек Жүнісовпен тілдестік.

«Геология жаңа сатыға көтерілді». Сәтбаевтың көпке беймәлім еңбегі

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстан геология ғылымының қара шаңырағы

Академик әңгімесін кезінде Қаныш Сәтбаевтың өзі іргетасын қалаған институттан бастады. Бұл институт Қазақстан геология ғылымының қара шаңырағы саналады. Қаныш Имантайұлы институттың, дамуына, өркендеуіне ерекше мән беріп, талай ғылыми жетістіктерге жеткен екен.

Совет Одағы кезінде «Еңбек қызыл туы» орденімен марапатталған институт. Қаныш Имантайұлының ұйымдастырушы-басшылық жұмыстарынан бөлек, ғылыми жұмыстарының өзі бір төбе. Сол ғылыми жұмыстарының ішіндегі ең шоқтығы биігі – 50 жылдың басында жасалған Орталық Қазақстанның кешенді металлогендік болжамды картасы. Бұл – 50 мыңдық масштабтық карта. Қаныш Сәтбаевтың геологиялық, геофизикалық, геомарфологиялық тағы басқа материалдарды кешенді талдауы нәтижесінде аймақтың металлогендік зерттеуінің озық идеаларымен жасақталған карта болды. Анықталып отырған картада зерттеліп отырған аймақтың нақты ерекшелігі, тарихи геологиялық дамуы ескеріліп, шөгінді түзілуі, магматизмі, тектоника сияқты ерекше геологиялық мәліметтер толығымен көрсетілген, – дейді профессор.

Соның нәтижесінде Орталық Қазақстанда қара түсті сирек метал кен орындарымен қатар көмір, беродуал сияқты минералды шикізаттардың көптеген түрлері табылып зерттелген екен. Бұл жұмыстар кейін Қаныш Имантайұлының шәкірттерінің арқасында әріқарай жалғасын тауыпты.

«Геология жаңа сатыға көтерілді». Сәтбаевтың көпке беймәлім еңбегі

Фото: Сәтбаев университетінің тарихи мұражайынан алынды

Сонымен қатар Каюпов, Щерва, Есенов атты үлкен геологтардың арқасында Успен тектоникалық зонасының геологиясы мен металлогениясы, Кенді Алтай, Мұғалжардың басқа да кенді аймақтардың кешендік металлогендік зерттеулерінің нәтижесін айтуға болады. Бұл жұмыстар кезінде Үкімет тарапынан тиісті бағасын алып, мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Соның ішінде ғалымның 80 жылдың соңына қарай аяқталған пайдалы қазба байлықтардың барлық түрін қамтыған «Қазақстанның металлогениясы» атты 11 томдық ғылыми монографиясын ерекше атауға болады. Бұл еңбекті қазіргі кезде геологтар анықтамалық материал ретінде әлі күнге дейін пайдаланып жүр. Яғни, өзінің қажеттілігін жоғалытқан жоқ, – дейді академик Ақылбек Жүнісов.

Геология жаңа сатыға көтерілді

Бұдан өзге профессор күні кеше пайдалы жетекші қазба байлық кен орындарының геологиясын сипаттайтын «Қазақстанның пайдалы қазба байлықтарының таралу заңдылығының атласы» атты еңбек аяқталғанын мәлім етті. Яғни, бұл еңбек әлі де өзінің тиісті бағасын алады деген үмітте.

Бізде қазір геология жаңа сатыға көтеріліп отыр. Яғни, микро-наноминералогия зерттеулер бағытында жетекші жұмыстар атқарылып жатыр. Институтта орын алған бұл жұмыстар тиісті бағасын алуда. Кезінде Қаныш Сәтбаев іргетасын қалаған институттағы геологиялық мұражайдың бірінші үлгісін Жезқазған қаласынан өзі алып келген. Бұл мұражайдың ауданы қазір мың шаршы метрді құрайды. Яғни, 55 мың тау жыныстарының үлгісі, минералдар, кен үлгілері тоғысқан мұражай. Мұны қазір ұлттық құндылық ретінде санаймыз. Себебі ғылыми зерттеу бағытында ашылған. Кеңес Одағында мұндай мұражай болмады. Осында Қазақстан көлемінде табылған тау жыныс үлгілері, кенді минералдар қойылған. Яғни, оларды әлі де қазіргі технологияны пайдаланып жете зерттеуге болады, – дейді ол.

Қаныш Сәтбаевтың ізін жалғаушылар

Академиктің мерейтойына былтырғы жылдан бастап дайындалып жатқанын атап өтті. 11-12 сәуірде университетте үлкен конференция болатынын және геология институтында жалғасын табатынын тілге тиек етті.

«Геология жаңа сатыға көтерілді». Сәтбаевтың көпке беймәлім еңбегі

Фото: Сәтбаев университетінің тарихи мұражайынан алынды

Конференцияда шетелден және өзіміздің елдегі ғалымдардың қатысуымен маңызды мәселелер көтерілмек. Мұның өзі мерейтойдың халықаралық деңгейде тойлануының бір көрінісі. Жалпы, институт бұл бағытта жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Пайдалы қазба байлық, тау жыныстарының жасы, пайда болу жағдайы туралы тағы басқа мәселелерін шешетін жұмыстар жүргізілуде. Бұрынғы тәжірибелі мамандармен қатар техникалық университетті бітірген жастар да жұмыс істейді. Кейбірі 10 шақты жылдың ішінде ғылыми дәрежесі өсіп, жеке зертхана басқарып отыр. Міне, осының өзі Қаныш Сәтбаевтың ізбасарының бар екенін және толық жұмыс істей алатынын көрсетеді, – дейді академик Ақылбек Жүнісов.

Академик жайында айтылар дүние көп

Сәтбаев университетінің аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Есбол Шаймардан Сәтбаев жайында көп дүние айтуға болатынын айтады. «Сәтбаев – алгебрадан мектеп оқулығының алғашқы құрастырушысы, тұңғыш кәсіби тау-кен инженері, ғалым-геолог, -дейді ол.

 Ғалым жайында Медеу Сәрсекенің кітабын оқығанын айтты. Академиктің жолын қуатын ғылыми қызметкерлер мен шәкірттерде тың жаңалық ашып жатқан көрінеді.

«Геология жаңа сатыға көтерілді». Сәтбаевтың көпке беймәлім еңбегі

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазір біздің айналысып жатқан жұмысымыз биологиялық ыдырайтын полимерлер. Атап айтқанда, тамақ өнімдерін сақтауға және орауға қатысты полимерлер мен материалдарды зерттеп жатырмыз. Бұл материалдар 70-80 күнде толығымен жойылып кетеді. Өйткені полимерлік материалдар 2027 жылға дейін қолданыстан алынып тасталады. Соның орнын басу үшін осындай жұмыстармен айналысу үстіндеміз. Белгілі бір жетістіктерге де жеттік. Алдағы уақыта осыған патент алу жоспарда бар. Артымыздан еріп, ізімізді басып келе жатқан шәкірттерде бар, – дейді ол.

Қазіргі ғылым саласына көңілі толатынын айтты. Ғалымдарға көптеген қолдаулар мен қатар ғылымға келетін жастарға арналған жеке конкурс барын тілге тиек етті.

Ғылымға келемін деген жастарға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр. Мәселен баспанамен қамту бағдарламасымен қатар грантты қаржыландырудың жылдан жылға саны көбейіп келе жатыр. Ғылымға бөлінетін бюджет қорының сомасы да көбеюде. Ал осы саладағы негізгі олқылықтың бірі материалдық базалардың кемшін тұстары, кейбір құрал-жабдықтардың ескіруі, жаңадан алуға қаржының жетіспеуі ғылымдағы олқылықтарға алып келіп отыр, – дейді Есбол Шаймардан.

Бұдан өзге, ол Сәтбаев университетінде ғылымдағы екінші бір бағыт бұл жаңартылған энергия көздерін алу бойынша жұмыс істелініп жатқанын мәлім етті. Яғни, сутегіні сақтау және экологиялық таза энергия көзін алу. Соңғы бес жыл осы жұмысты атқарып келеді.

Бұл бойынша екі патент алғанын айтты. Бір сөзбен айтқанда,  ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы бола білген Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы ізін жалғастырушылар осы адамдар деп айтуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға