Жаңалықтар

Генерал-майор Владимир Саклаков

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-майор Владимир Саклаков
01.10.2017 19:20 5673

Өмірбаян беттерінен

1952 жылы 11 ақпанда Украинаның Донецк облысында дүниеге келген. 1972 жылы Харьков жоғары әскери авиациялық училищесін, 1987 жылы Гагарин атындағы Әскери академияны бітірген. «Әскери ұшыш-мерген» дәрежесі бар. Дыбыстан жылдам жылдамдығы бар жауынгерлік ұшақтарда 3600-ден астам ұшу сағаты бар. Орта Азия әскери округінде, Батыс әскерлер тобында қызмет еткен. Ұшқыштан бастап эскадрилья командиріне дейінгі барлық қызметтерден өтіп, авиациялық полк командирі болған. Әскери әуе күштері, кейіннен Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының орынбасары лауазымын атқарған. ІІІ дәрежелі «За службу Родине в ВС СССР» ордені, бірқатар медальдармен марапатталған. 1 баланың әкесі.

***

Совет заманында Семей ет комбинаты дүркіреп тұрды. Одақ бойынша 2, әлем бойынша 3 орын алады деп мақтанатынбыз. Аталарымның маңдай терімен өсірілген қой-сиыры басқалардың ауызында кетіп жатқанын қайдан білейік. Басқасын қайдам, өніміне Совет Армиясы әбден қарық болды. Сол комбинаттың оң жақ іргесінде «Спартак» (кейіннен «Жастар») еріктілер спорт қоғамының спорт залы болатын. Сол жағында ДОСААФ-қа қарасты «Икар» аэроклубының әкімшілік ғимараты орналасқан еді. Түрлі жарыстарға барып жүргенде алып әріптермен жазылған сол маңдайша көзіме оттай басылатын. Мәнісін жете түсінбесем де, қызығатынмын. Әдемі атау. Салынған суреті де көз тартарлық еді. Кейіннен ойлаймын, сол атауды беруге шешім қабылдағандар авиацияға ешбір қатысы жоқ па деп. Әскери авиацияға мүлдем қатысы жоқ екеніне 100 пайыз кепіл бола аламын. Себебі, Икар мифологиялық образ болса да, трагедиялық бейне. Күнге жетемін деп, қанатын өртеп алып, жерге құлаған. Әскери ұшқыштар бұндай атау қоймас еді. Олар ырымшыл. Өте.

Сөздік қорында «соңғы» (последний) деген сөз жоқ. Барлық лексикологиялық заңдылықтарды белден басып, оның орнына «шеткі» (крайний) деген сөзді пайдаланады. «13» деген саннан безеді. Сайтанның саны дейді. Бұл цифрлы жауынгерлік әуе кемесін көрмедім. Бірақ, «көрдім» дегендерді кездестірдім. Әрбірден кейін соғыс жылдары Талғат атамыздың ұшағы осы номермен-ақ талай жауды жермен жексен етті емес пе. Ұшулар аяқталып, соңғы ұшақ мотор үнін өшіргенше журналистерге ешқандай да сұхбат жоқ. Бұл ырымға әбден тойған жанмын. «Интервью, комментарий, пожалуйста. Но, только после...» Бұл жауапты мың рет естіген шығармын. Бұл тізімді тізбектеп жалғастыра беруге болады. Генерал Саклаков та сондай нанымдарды берік ұстанған ұшқыш.

Бір емес, бірнеше рет ертіп апарған әріптесімнің де, өзімнің де басым салбырап, құралақан қайтуымызға себепші болған. Жоспарлы ұшулар күн бойы жалғасын табады. Аэродромға барып, салмақты материал жазамын деген әріптесіме берер ақылым – барып қажеті жоқ, күніңіз өледі.

Владимир Кузьмичті әріптестері орынды мақтан тұтады. Әскери ұшқыштар арасында беделі өте жоғары болды. Бүгінгі күні дыбыстан жоғары жылдамдығы бар азулы «темір құстарды» бағындырып жүрген офицерлердің басым көпшілігі генералды ұстазы санайды. Әбден орынды.

... Студенттердің емтиханға кірерде табанының астына тиын салуы, хоккейшілердің плей-оф кезеңіне өткенде сақалдарын қырмауы, тағы біреулердің тісін ыспай, бетін жумауы баланың ермегі тәрізді көрінеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға