Жаңалықтар

Генерал-майор Мұқан Дүйсекеев

Қарулы Күштер генералдары
Генерал-майор Мұқан Дүйсекеев
05.05.2017 15:04 4578

Генерал-майор Дүйсекеев Мұқан Естайұлы

1957-ші жылы 25-ші қаңтарда Павлодар қаласында дүниеге келген. 1977-ші жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1993-ші жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын бітірген. Взвод, рота командирі болған. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын атқарған. Бригада, құрама штаб бастығы, Ұтқыр күштер әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметтерін атқарған. Арнайы әскерлер штаб бастығы, «Штаб» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтар әскерлері қолбасышыларының бірінші орынбасары болған. Штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, 2-дәрежелі «Даңқ», «Красная звезда», 3-ші дәрежелі «За службу Родине ВС СССР» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.

Генерал Дүйсекеев ең ұзақ білетін офицерлерімнің бірі болса-дағы, сәлеміміз бір жараспай-ақ қойды. Оған өзім кінәлі болсам керек. Ол кісі үшін үнемі бір қолайсыз жағдайда немесе қисынсыз жерде тап болып жүрдім. Қазақша айтқанда генералға қатысты «тұзы жеңіл» офицер болдым. Қапшағай десантшыларының командирі болып тұрғанда ақылға сыймайтын, «ақымақ» сұрақтар қоя берсем керек. Бұл үрдіс орталық аппаратта қызмет еткен жылдары тіпті айқын көрініс тапты.

Аптаның соңында құжаттарды орындау тәртіптілігіне қатысты жиын өтеді. Қорғаныс министрлігінің барлық құрамдас құралымдары атқарған істері бойынша есеп береді. Бақылауға алынған маңызды құжаттар уақытылы атқарылмаса, себебі талқыланады, қолданылған шаралар реті баяндалады. Бір сөзбен айтқанда, тапсырманы уақытылы орындамағандар үшін сөз етіп, терлеп шығатын жиналыс. Белгіленген тәртіпке сай, жиында Штабтар бастықтары комитеті төрағасы орынбасарларының бірі өткізеді. 2008-2010-шы жылдары БАҚ-пен жұмыс басқармасының жұмысы үшін осы бір «көңілді» шараға қатысып жүрдім. Тізем дірілдеп, ойымды дұрыс жеткізе алмадым ба, жоқ, шала орысшамды генерал түсінбеді ме бірнеше рет көпшілік алдында сөз естігенім бар. Сол тұстары бұл шараны Төрағаның басқа орынбасары өткізсе игі еді деп, тілеген күндерім де болды. Бірақ, басқа офицерлердің сөзіне сенсем, аталмыш жиынды ең «жұмсақ», мейлінше, түсінікпен және кешірімді сипатта өткізетін Мұқан Естайұлы көрінеді. Әрине, әркім өз биігінен бағалайды.

2010-шы жылы Гвардейский Оқу орталығының базасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мелекеттердің кешенді жаттығу-ойындары өтті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» – деген сөзді осындай дүбірлі шараларға қатысты айтсақ, қате болмайды. Дайындық жұмыстары екі ай бұрын басталады. Әр қызмет өзіне тиесілі міндеттерді атқарады. БАҚ-пен жұмыс департаменті баспасөз орталығына арналған шатырлар көтеруі қажет. Күнделікті кешкісін генерал есеп тыңдайды, кімге қандай көмек қажеттігін анықтап, тапсырмалар береді. Күнде кешкі басқосу генералдың: «Журналист достал, құрлысшылар асфальт төсеп болды, байланысшылар желілерін тартып үлгерді, ал пресса айналдырған екі шатырды әлі тіккен жоқ» – дегенінен басталатын. Айтқанында бір өтірік жоқ. Соңғылардың бірі болып үлгердім. Әрине, генералдың көмегімен, айқайымен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға