Жаңалықтар

Генерал-майор Болат Беректов

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-майор Болат Беректов
29.09.2017 15:51 3098

Өмірбаян беттерінен

1947 жылы 7 ақпанда Қостанай облысында дүниеге келген. 1970 жылы орталыққа бағынысты құрылыс әскерлері бөлімдерінің саяси мамандары қысқамерзімді курсын, 1971 жылы экстерн жүйесі бойынша Таллин әскери құрылыс училищесін, 1990 жылы сыртай оқу формасы бойынша Қостанай технологиялық институтын бітірген. Москва және Түркістан әскери округтеріне қарасты бөлімдерде қызмет еткен. Рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, рота командирі, бөлім штаб бастығы, бөлім командирі болған. Алматы облысыныың әскери комиссары болған. Қорғаныс министрінің құрылыс және әскерлерді пәтерлерге жайғастыру бойынша орынбасары лауазымын атқарған. «Красная звезда», «Знак почета» ордендерімен, бірқатар медальдармен наградталған. Екі баланың әкесі.

***

Кеңес заманында Қарулы Күштерді шартты түрде «мемлекет ішіндегі мемлекет» деуге болатын. Валютасы жоқдемесеңіз, дербес өмір сүруге қажетті құрылымдардың негізгілері түгелдей болды. Сауда жүйесі (военторг), байланыс, мектептер, госпитальдар, жоғары оқу орындары, тұрмыстық қызмет өтеу комбинаттары... Тпіті прокуратура мен сот жүйесі де болды. Мемлекет мақтанышына айналған әншілері, бишілері, спортшыларының болғаны өзінше жеке әңгіме. Бұл тізімде әскери құрылысшылардың алар орны айрықша. Себебі, бұл өте күрделі механизм. Қалаларда, шалғайда бой көтерген ірілі-ұсақты барлық гарнизондардың  инфрақұрылымына жауапты осы әскери құрылысшылар болды. Сондықтан болар, Тәуелсіз еліміздің төл Қарулы Күштері құрылған алғашқы жылдары, министрдің құрылыс жөніндегі орынбасары деген лауазым болды. Осы қызметті бірнеше жыл генерал Болат Брекетов атқарды.

Болат Молдағалиұлымен кездескен осы бір оқиғаны күні бүгінге дейін айтып жүреміз. Жай ғана естелік емес, айтарлықтай өмірлік сабақ болғаны үшін.

Редакциямыз Алматы қаласында Жароков көшесі 210 үй мекенжайы бойынша шоғырланған еді. Іргесінде «Ракета» гарнизондық әскери қонақүй тұр. Ішінде талғаммен жабдықталған асханасы болатын. Шағын шығармашылық ұжымымызда орын алған қуанышымыз бен жетістіктерімізді, жалпы мерекелерді (анда-санда) қызмет уақыты аяқталғаннан кейін сол жерде атап өтетінбіз. Бір әріптесім кезекті жұлдызын алды. Бас қосылды. Жасыратын несі бар, жаңалыққа жаны жақын жүретін журналистер қауымы демократиялық принциптерге басымдылық береді. Орын алған оқиғалар талқыланады, орын алу мүмкіндігі бар жағдайларға болжамдар жасалады дегендей. Айтатұғын несі бар, кеуде ұрып, «мен мұндалап» тұрған шығармашыл жандар шамалы шектен шығып кетсек керек. Әсіресе, әскерилерге тән субординация сақтау тұрғысында.

«Гражданка» киген генералдың қай бұрыштан қасымызға келіп қалғанын байқамай да қалдық. Бірталай ақыл айтты. Әсіресе, әскери адамның мәдениеттілігі, демалысын дұрыс жоспарлай білуі, әскери формаға көрметілер құрмет және қоғамдық орындағы әдептілік тұрғысында «лекция» тыңдаған оқушыдай әсерде қалдық. Генерал шарамыздың қандай себепке қатысты өтіп жатқанын білгенде, «той иесі» болған әріптесімізге ақ тілегін айтып, шын жүректен құттықтаған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға