Жаңалықтар

Генерал-лейтенант Жанасаев Болат Бақытжанұлы

Қарулы Күштердің 25 жылдығына арналған жаңа жоба
Генерал-лейтенант Жанасаев Болат Бақытжанұлы
04.05.2017 14:44 4815

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

1952-ші жылы 29-шы сәуірде Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1975-ші жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1987-ші жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны, 2002-ші жылы сырттай оқу жүйесі бойынша Алматы мемлекеттік педагогика университетін бітірген. Әскери қызметін Кеңес әскерлерінің Германиядағы тобында, Сібір және Киев әскери округтарында взвод командирінен полк командирінің орынбасарына дейінгі қызметтердің барлығынан өткен. КСРО және Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер бағыты бойынша түрлі жауапты қызметтерде болған. Ішкі әскерлер, Республикалық Ұлан қолбасшысы болды. Төтенше жағдайлар министрлігінде жауапты қызметте болды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы, Қорғаныс министрінің орынбасары, Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы лауазымдарын атқарған. 2 дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

Генерал-лейтенант Жанасаев Болат Бақытжанұлы

Генерал Жанасаевты тағдыры ерекше тұлға деп білемін. Өмірбаянына назар аударсаңыз, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы 20 жыл тарихында бұл генерал шекара әскерін есепке алмағанда барлық қуатты құрылымдардың басшылық құрамында қызмет еткен екен. Демек, еліміздің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте болған адам.

Бұл ретте генерал, Кеңес заманы көсемдерінің бірі – Микоянды еріксіз еске түсіреді. Анастас Иванович 83 жас ғұмырының 65 жылын Коммунистік партия қатарында өткізсе, соның 55 жылы аталмыш партияның көсемдері санатында болған.  Ленин, Сталин, Хрущев, Брежнев сияқты тарихи тұлғалардың жанында жүріп, адамзат тарихында тіркелген факт. Міне, осы бір адаммен ұқсастық бар сияқты.

Болат Бақытжанұлы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тұрған кезінде газетке өте жақын болды. Біз өзара ол кісіні «Газеттің жоғарғы бас редакторы», - деп әзілдейтінбіз. Себебі, басылымның сапасы төмендеп кетті деп, газет баспаханаға кететін күні өзі қарап, басылымға рұқсатын беретін. Әр бейсенбі күні бас редактор, досым, әрі әріптесім полковник Серік Қанапиянов қатталған 8 бетті қолтығына қыстырып, Бас штабқа қарай шапқылаушы еді. Ара-арасында қызығуға тұрмайтын бұл «қауіпті миссияны» мен де атқарып жүрдім. Көбіне екі аяғымызды бір етікке тығатын. «Неге мына бөлімді жаздыңдар, онда бүгін ЧП болды, неге мына офицер, ол емтиханнан сүрінген» дегендей сын айтады. «Кінәлімін, түзелемін» дегеннен басқа жауабым жоқ болатын. Әрине, әскерге қарайтын биігімізде айырмашылық бар ғой. Әйтсе де, генералдың қайсыбір мәселелер бойынша айтатын ескертулері жанды болатын. Өмірлік бай тәжірибесін жоққа шығара алмайсың.

Ұлттық қорғаныс университетінің жанындағы Жоғары академиялық курстарда генералмен ұзақ жылдар бойы бірге қызмет еткен офицермен бірге оқыдым. Жоғары адамгершілік қасиеттері жайында айтқан көп әңгімелерін естідім. Сендім. Себебі, сол күндері аталмыш әскери оқу орнының басшылығына тағайындалған генерал сап түзеген біздің алдымызға келіп, «мен Отанымның солдатымын, қандай жауынгерлік тапсырма берсе, соны орындауға әзірмін» деген еді. Десе де, ұзақ жылдар жауапты қызметте болған генералды құрметті демалысқа лайықты құрметпен шығарып салса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдың жетегінде қалдым.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға