Жаңалықтар

Генерал-лейтенант Болат Дарбеков  

Қазақстан Ресупбликасының Қарулы Күштеріне - 25 жыл
Генерал-лейтенант Болат Дарбеков  
01.10.2017 19:23 7945

Өмірбаян беттерінен

1957 жылы 21 қазанда Қырғызстан Республикасында дүниеге келген. 1979 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1988 жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, 2001 жылы үздік бағамен РФ ҚК Бас штаб әскери академиясын бітірген. Әскери қызметін взвод командирінен бастап әуе-десант әскерлерінде рота-батальон буындарында қызмет еткен. Қырғызстан Республикасы әскерінде бірқатар жоғары лауазымдарда болған.

Төл әскеріміздің сапында, полк командирі, орталық аппаратта оперативті жоспарлау Департаментінің бастығы міндеттерін атқарған. ҚР ҚК ШБК төрағасы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы лауазымдарын атқарған. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.

***

Философияда «заңдылық және кездейсоқтық» деген ұғым бар. Ұмытпасам, бір тұжырымдамада егіздердей екеуі қатар жүреді. Түсінгенім, мен әйеліме дауыс көтерсем – заңдылық, ол маған айқайласа – кездейсоқтық. Жолдасымның жиі ұрысқанына қарап (себеп беріп тұратынымды мойындаймын), кейбір жағдайда кездейсоқтықтың өзі заңдылыққа айналып кете ме деймін. Генерал Дарбеков туралы естеліктерімді топтастырсам осы философиялық пайымдау еріксіз еске оралады.

90 жылдардың ортасында полк командирі болды. Бір гарнизонда орналасқандықтан, сол астаналық бөлімге жиі ат басын тірейтінбіз. Алғашқы таныстықтан сыйласып кеттік. Бойынан бір жылулық есіп тұрды. Қарамағындағыларға қатты болғанымен, қонақтарына өте қонақжай болды. Аязды күндері қытайдың сиялы қаламының қатып, жазбай қалатын тұстары жиі болады. Сондай сәттердің бірін байқап, «сия сенімсіз, қарындаш ауа-райын талғамайды» деп командирлік сөмкесінен айрықша еппен ұшталған қарындаш берген еді. Сапалы болса керек, газеттің суретшісі, досым Жомарт Әбішев сұраусыз жанына басып алған.

Ашығын айтайын, көптеген шараларға дайындықсыз бара салатынмын. Біріншіден, кімнің не айтатынын шамалап білесің, екіншіден, қиналып қалсам, бәрін білетін баспасөз қызметі алыс емес. Қоңырау шалып, сұрап алуға болады, өзіміздің жігіттер отыр. Үшіншіден, кәдуілгі кәсіби салақтық. Балықшының сазан аулауға қармақсыз баруын жақсы түсінемін.

Генералдың Бас штаб бастығы лауазымына енді тағайындалған кезі. Әлі полковник. Қазақстандық әскерлер тобының Ирак жеріндегі кезекті ауысымы өтіп, соған байланысты баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Соңынан журналистер жауапты офицерді ортаға алып, қосымша сұрақтарын қойып жатты. Ентелеген әріптестерім, микрофон-диктофондарын созып, әуреге түсуде. Қағаз-қаламмен қаруланғандықтан, әдетте, шет жақтан бақылайтынмын. Сол жолы дәл алдында қалыппын. Қаламымның сиясы бітсе керек, тағы жазбай қалды. Қағазға бар күшіммен үйкелеймін. Жазып кете ме деген үміт. Аңғарып қалса керек, барша журналистердің алдында маған қарап басын шайқады да, омырау қалтасынан әдемі қаламсап алып ұсынды. Ыңғайсыздандым. Журналистер алдында. Бірақ алдым. Шара соңында қайтарып беріп жатсам: «Саған «Паркердің» топтамасын алып беремін ғой деймін», - деп әзілдеді. Себебі, бұған дейін де бірнеше рет осындай жағдайларда қол ұшын бергені бар. Демек, газет бетінде жарық көрген материалдарымның бірнешеуіне Болат Керімжанұлының да үлесі тиді деп айта аламын. Бұл енді нағыз заңдылық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға