Жасанды интеллект туралы сөз қозғалғандаа, көпшіліктің ойына ең алдымен ChatGPT келеді. Бірақ соңғы уақытта бұл нарықта тағы бір маңызды ойыншы бой көрсете бастады. Ол – Claude.
Бұл нейрожелі тек мәтін жазумен шектелмейді. Қажет болса, жүздеген бет құжаттарды талдап береді, код жазады, кестелермен жұмыс істейді, тіпті Mac компьютерін басқаруға да қабілетті. Осы мүмкіндіктері арқылы Claude бәсекелестеріне де айтарлықтай қысым көрсетіп отыр.
Claude – Anthropic компаниясы жасаған үлкен тілдік модельдер тобы. Бұл стартапты кезінде OpenAI-де жұмыс істеген мамандар құрған. Олар жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты көзқарас айырмашылығынан кейін бөлек кетуді жөн көріп, нейрожелінің жаңа түрін жасап шығарды.
Компанияның басты ерекшелігі – «Constitutional AI» деп аталатын тәсіл. Бұл дегеніміз – модель деректерге ғана емес, сонымен қатар арнайы берілген принциптерге де сүйене отырып жауап береді деген сөз. Ал бұл өз кезегінде Claude-тың жалған ақпаратқа жиі бой алдырмай, мейлінше міндетін жауапты атқаруына себеп.
Claude – мультимодальды модель. Ол мәтін жазып қана қоймай, үлкен көлемдегі ақпаратты талдай алады. Бір уақытта шамамен 500-700 бетке тең мәтінді «оқып», қорытынды шығару – бұл оның басты артықшылықтарының бірі.
Сонымен қатар модель бағдарламалау саласында да мықты. Код жазу, оны түзету, қателерді табу – мұның бәрін Claude жоғары деңгейде орындайды. Кейбір көрсеткіштер бойынша ол тіпті бәсекелестерінен де озып кеткен.
Тағы бір ерекшелігі, әртүрлі сервистермен интеграция жасалған. Claude Google Workspace, Microsoft Office, Notion, Slack сияқты платформалармен жұмыс істей алады. Тиісінше оны тек чат емес, толыққанды жұмыс құралы ретінде қолдануға болады.
Claude, Gemini, әлде ChatGPT – қайсысы мықты?
Бұған нақты жауап беру қиын. Әр модельдің өз артықшылығы бар. Мысалы, үлкен мәтіндерді талдауда Claude алда тұр. Ол бір уақытта өте үлкен көлемдегі ақпаратты өңдей алады. Ал ChatGPT экожүйе жағынан мықты – онда қосымша құралдар мен мүмкіндіктер көп. Gemini мультимодальдылыққа басымдық береді.
Мәтін сапасына келсек, қолданушылардың көбі Claude-тың жазу стилі табиғи және «адамға ұқсайтынын» айтады. ChatGPT жазуы кейде шаблонға ұқсап кетсе, мамандар Claude-та еркіндік бар деп санайды.
Ал баға жағына келсек, Claude бірнеше тариф ұсынады. Тегін нұсқасы бар, бірақ мүмкіндіктері шектеулі. Ал ақылы пакеттерде хабарлама лимиті жоғары, файл жүктеу мүмкіндігі кең.
- Claude Pro – айына 20 доллар.
- Claude Max и Enterprise – бизнеске арналған, бағасы әртүрлі.
Anthropic компаниясының өзі де қарқынды өсіп келеді. Инвесторлар бұл бағытқа үлкен үміт артып отыр. Дегенмен жасанды интеллекттің қауіпсіздігіне қатысты пікірталастар да аз емес. Соған қарамастан Claude бүгінде ірі технологиялық компаниялардың назарын аударған жобалардың біріне айналды.